Азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар, ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру бойынша облыстық штаб отырысы өтті. Оған штаб мүшелері, онлайн режімінде байланысқа шығып отырған аудан әкімдері қатысты. Жиынды ашқан штаб төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков:
– Азық-түлік бағаларына мониторинг аптасына бір рет жүргізіледі. 28 шілде күні жинақталған мәліметке сәйкес, Тараз қаласы мен аудандардағы 33 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктік тауарлардың тоғызы атауы бойынша орташа облыстық бөлшек саудасы ағымдағы жылдың үшінші тоқсанына бекітілген шекті мәнінен жоғары екені анықталған. Атап айтсақ, қарақұмық жармасы 71 теңгеге (341 теңге), қалыпты нан килограмы он теңгеге (90 теңге), тауық еті 16 теңгеге (567 теңге), майлылығы 2,5 пайыз сүт 4 теңгеге (179 теңге), қырыққабат 10 теңгеге (63 теңге), пияз 5 теңгеге (58 теңге), қызылша 7 теңгеге (86 теңге), картоп 16 теңгеге (73 теңге), қант 50 теңгеге (249 теңге) көтерілген. Ал қалған 24 атаулы тауар бойынша пайыздық көрсеткіш 0,5-2 аралығында болып отыр. Осыған байланысты шұғыл түрде тексеру шаралары жүргізілетін болады. Бұл тұрғыда комиссия құрылып, нақты шаралар бойынша жұмыс жүргізілуі қажет.
Біздің облысымызда бір емес, екі бірдей қант зауыты жұмыс жасап отыр. Сол себепті қант бағасының өсуіне жол бермеуіміз керек. Екі қант зауыты да былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда өнімді екі-үш есе артығымен өндіріп жатыр. Десек те, бізде де қант бағасының қымбаттағаны мәлім болуда. Бұл қазір республикалық деңгейде көтеріліп отырған мәселе екенін ескеруге тиіспіз, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Бұдан соң сөз кезегін алған Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров бағаларды тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуы бойынша, Тараз қаласында Үкімет бекіткен 33 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 18-і бойынша бағалардың шекті мәннен жоғары екендігі анықталған. Оның ішінде бірінші сұрыпты ұн – 8,5, нан – 12, қарақұмық – 41, тауық еті – 11, тауық сирағы – 8,6, жұмыртқа – 10,4, қант – 32, пияз – 48, ас қызылшасы – 41, сәбіз – 33, картоп 70 пайызға қымбаттаған. Бұл – жалпы қала бойынша орташа мән. Ал сауда базарларында дүкендерге қарағанда көкөніс пен жеміс-жидек бағалары 15-20 пайыз төмен. Сондай-ақ, Нұржан Сәбитұлы қарақұмық, қызылша, картоп, пияз, қырыққабат, сәбіздің бағасының көтерілуі Оңтүстік Қазақстан, Өзбекстаннан келетін өнімнің азаюынан екендігін алға тартты. Ол тамыз айының ортасына таман өз бақшамыздың өнімдері жеміс бере бастағанда баға төмендейтінін алға тартты. «Ал тауық етінің өсуі тауық жемінің қымбаттауынан, сонымен қатар, өнімнің республикамыздың басқа облыстарынан және шетелдерден жеткізілуінің әсерінен туындап отыр», – деді қала әкімі. Сол секілді қант бағасының өсуін де өндірушілер шетелден жеткізілетін шикізаттың қымбаттауынан деп түсіндіріп отыр екен. Бүгінгі таңда жергілікті қант зауыттары қанттың келісін 245 теңгеден босатып отырса, ол дүкен сөрелерінде 260-265 теңгеден сатылымға шығарылуда. Осы жөнінде сараптамалық-тексеріс жүргізіліп жатқанын негізге алған Нұржан Сәбитұлы барлық тауарлар бойынша арадағы алыпсатарлардың санын азайту жолында бірқатар шаралар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Ол алыпсатарлардың баға өсуіне тигізер әсерін ерекше атап, қазіргі кезде өнім өндірушілер мен сауда орындарының арасында өзара екі жақты келісімшарт жасасулар қолға алынып жатқанын айтты. Бүгінге дейін дүкендер мен тауар өндірушілер арасында тауарды тікелей жеткізу бойынша 250-ден астам меморандумға қол қойылыпты. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Әсілбеков аудандардағы баға тұрақсыздығы туралы баяндап, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сөз етті. Ол қант бағасына байланысты түсінік бере отырып, көктемде форвордтық тәсілмен мың тонна қантты қант орталығынан сатып алғанын, ол жоспарға байланысты қыркүйек айында босатылатынын жеткізді. Осыған байланысты басқарма басшысының орынбасары тұрақтылық қорындағы қантты есепке алып, жыл аяғына дейін аталған тәтті өнімнен тапшылық туындамайтынын еске салды. Мұрат Әсілбеков өз өңіріміздің бидайлары диірмендерге әлі түспегенін, көп ұзамай түссе, ұн бағасының сәл де болса төмендейтінін алға тартты. Қазіргі таңда наубайханалармен келісімдер жүріп жатқанын айтқан баяндамашы алдағы уақытта нан бағасы 60-65 теңгеге тұрақтайтынын тілге тиек етті. – Нан бағасының бұл бағаға тұрақтауына мен келісе қоймаймын. Мүмкіндігінше төмендету керек. Егер қалайда 5-10 теңгеге көтерілетін болса, онда оны алдымен халық ішінде түсіндіру жұмыстарынан бастау қажет. Бірден бағаны өсірудің соңы біз күтпеген жағдайға апаруы мүмкін. Бұл жөніндегі жұмыстарды егжей-тегжейлі қарастырайық. Ағымдағы жылдың жарты жылдығындағы азық-түлік бағалары бойынша инфляция деңгейі республика бойынша 105 пайызға жетсе, біздің облысымызда 104,2 пайызды көрсетіп отыр. Ал салыстырмалы түрде Атырау облысын алар болсақ, ондағы инфляция көрсеткіші 103,5 пайызды құраған. Оңтүстікте, азық-түліктің ортасында отырып, біздің көрсеткішіміз жоғары болу керек. Осындай мәселелерді тексеріп, зерделеуге тиіспіз. Зерттеу қорытындыларын жалпы халық алдында, бұқаралық ақпарат құралдары жариялап, тұрғындарға түсіндіру шарт. Біз неге қанттың ортасында отырып, оны елу теңгеге қымбаттатып алдық? Бұл тұрғыда аталмыш қант зауыттарымен тыңғылықты жұмыс жасайық. Бүгін халық күн санап қымбаттауына байланысты жаппай қантты көп көлемде алып қойып, сақтауға асығуда. Ал ертең, күз айларында Ресей зауыттары өз қызылшаларымен қант өндіруге кіріскенде біздегі баға қайта төмендеу мүмкіндігінен ешкім хабардар емес. Міне, осындай жұмыстарды назарда ұстау керек, – деді Бекболат Серікбекұлы. Осыдан кейін облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Болат Есімбеков азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер бағаларының көрсеткіші туралы, сондай-ақ баға тұрақтылығын сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сөз қозғады. Ол бағаларды төмендету мақсатында басқарма тарапынан сауда орталықтарының басшыларымен келісімдер орнатылып, жалға беру орындарын арзандату, саудагерлерге жеңілдік арқылы ұсыну туралы жұмыстар жүргізілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, облыс бойынша дәрі-дәрмектер сапасы және бағасын тұрақтандырудың облыс бойынша медицина және фармацевтикалық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мадина Шыналиева, облыс аумағындағы жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жөнінде облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаев сөз алып, жағдай тұрақтылығы хақында мәлімдеме жасады. Жиын соңында Б.Орынбеков бірқатар аудан басшыларымен онлайн режімінде байланысқа шығып, олардың осы тұрғыдағы жұмыстарының әлсіздігін ескертіп, нақты тапсырмалар берді. Бекболат Серікбекұлы жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалғанын мысал етіп, оқушалар киімдеріне, олардың оқулық заттары мен кеңсе тауарларына жеңілдетілген бағаға негізделген жәрмеңкелер өткізу керектігін ескертіп, штаб мүшелеріне нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді