«Бүгінгі таңда әлемді фрагменттеу (біртұтас жүйені жекелеген құрамдас бөліктерде реттеу) экономиканың басты ұраны болып отыр» деп санайды Астана экономикалық форумына қатысушы, Әлем экономикасы және интеграциялық зерттеулер орталығының директоры Азамат Нұрсейітов. Сараптамашының айтуынша, қазіргі кезде ғаламдық жаһанданудың орнына оны фрагменттеу үдерісі жүруде.
-Әсіресе, өңірлік экономикалық кіріктіру айрықша маңызға ие бола бастады. Осы тренд аясында Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ құруға қатысуы өте-мөте маңызды. Осынау ұйымға мүше болу еліміздің 17 миллион тұтынушысы ғана бар қазіргі нарық ауқымын он есе ұлғайту арқылы мейлінше ірі өңірлік нарыққа шығуына да мүмкіндік береді. Ал, экономика ғылымына сәйкес, нарық ауқымы ұлғайған сайын кәсіпкерліктің де керегесі кеңейе түспек. Жаһандану әлемнің барлық елдерімен кедергісіз және шектеусіз сауда қатынасын жасасуға, ал, фрагменттеу көршілес мемлекеттермен ғана әріптестікті жандандыруға мүмкіндік береді. Кез келген кәсіпкердің Қазақстаннан әрі алыс, әрі қымбатқа түсетін Америка нарығына тауарлар жеткізуге даяр емес екені де белгілі. Шағын және орта кәсіпкерлік үшін дәп іргеміздегі көршілес елдер нарығына өнімдерін шығару анағұрлым тиімді. Өз басым еліміздің Кедендік одақтан тысқары қалуын құптамайтындар қатарынанмын. Экономист ретінде бұл жолдың басы ғана, әзірге одақтан тысқары қалып қою да қажет емес деп санаймын. Еліміз үшін экономикалық тиімділік кәсіпкерлік ісі үшін тауарлар мен қызметтердің,еңбек пен капиталдың ортақ нарығына қол жеткізуінен тұрады. Егер біз бұл нарықты игермесек, бұл жерде бәсекелес болуды үйрене алмаймыз, онда бұдан да ауқымды деңгейге шығу жайын айтудың өзі артық. Қытай нарығына шығу Ресейдікінен күрделілеу. Оның өзінде шығып қана қоймай, бағасы қолжетімді сапалы тауарларыңмен тиісті менеджменттік қызметке сәйкес өз ұстанымыңда қала алуың да қажет, - дейді Азамат Нұрсейітов.
Әлемді жекелеген құрамдас бөліктерде көрсетумен бірге жаһанданудың кіріктірілуі үдерісі де үздіксіз жалғасуда. Елбасының мәлімдегеніндей, еліміз жыл аяғына дейін Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке өтуі тиіс. Алдымызда ғаламдық экономиканың өзгермелі шарттарына сәйкес барлық күшті ішкі экономиканы дамытуға жұмылдыру міндеті тұр. «Бұл орайда шикізаттық емес секторды дамыту үшін экономикамыздың тиімді индустрияландыруына қол жеткізуге тиіспіз» деп есептейді сараптамашы.
Назгүл Абжекенова, («Мегаполис»).
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді