Еліміздің логистика үшін аса тиімді географиялық аймақта орналасуы республикамыздың Еуропа мен Азия құрлықтарын байланыстырушы аралық мемлекет ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік беруде. Таяудағы бес жылда құрғақтағы көліктік инфрақұрылым барынша кеңейтіліп, транзиттік тасымал рәсімдері жеңілдетілген болады. Қазақстандық және шетелдік сарапшылардың пікірінше, мұның барлығы кезінде қазақ даласы арқылы өткен ежелгі «Жібек жолын» қайта жаңғыртуға мүмкіндік бермек.
Республикамыздағы және шет елдердегі мамандардың талдау-сараптамалары транзиттік тасымалдың Қазақстан үшін басты стратегиялық бағыт болуы тиістігін алға тартады. Нақ сондықтан болар Астанада өткен YII экономикалық форумда осы тақырып «Жаһандық бәсекелестік жағдайындағы Еуразиялық көліктік жүйе» панелдік сессиясының арқауына айналды. Басқосуда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның президенті Асқар Мамин Қазақстанның геоэкономикалық әлеуетін толық қуатында пайдалануы үшін қолға алынған кешенді шараларды таратып айтып берді. Ол республика аумағы арқылы ірі сауда және құрылықаралық Солтүстік — Оңтүстік, Батыс — Шығыс, Орталық Азия теміржол бағыттарының өтетіндігіне, жүк тасымалын өткізу мүмкіндігін кеңейту үшін еуразиялық порттарда ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылып жатқандығына, былтыр еліміздің Қытаймен шекарасында «Алтынкөл — Қорғас», Түркменстанмен шектесетін бөлігінде «Болашақ — Серхетяк» деп аталатын екі бірдей халықаралық жаңа теміржол өткелінің пайдалануға берілгендігіне тоқталды. Оның айтуынша «Жезқазған — Бейнеу» және «Арқалық — Шұбаркөл» теміржол желілерінің құрылысы аяқталған кезде батыстан шығысқа бет түзеген поездардың сапары әлдеқайда қысқаратын көрінеді.
Бұдан өзге кешенді логистикалық-көліктік жүйенің операторы ретінде «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ авиа және су жолы тасымалын дамытудың жоспарын да жасапты. Сондай-ақ, алдағы уақытта ішкі логистикалық-көліктік желі құрылмақшы. Бұл — бір жағынан өңірлердің қоймаларға деген сұранысын өтеуге, екінші жағынан Қазақстанда көршілес елдердің өңірлерін де қамтитын дистрибуциялық орталықтар құруға мүмкіндік беретін болады.
Мәселен, Астана, Павлодар, Қостанай сияқты қалалардағы орталықтар Ресейдің Орал-Сібір аймағына, Республиканың оңтүстік аумақтарындағы орталықтар Өзбекстан мен Қырғызстан секілді Орта Азия мемлекеттеріне, ал Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласында орналасқан логистикалық-көліктік орталық Оңтүстік Кавказ және Иран іспетті Каспий теңізі маңы елдеріне бағдар ұстанады. Сонымен қатар, Қазақстанда логистикалық-көліктік орталықтар құрумен бір мезгілде, шет елдерде де қазақстандық терминалдардың құрылысы қолға алынбақ. Соның бір нақтылы көрінісі ретінде, таяуда Қытайдың Ляньюньган теңіз портында қазақстандық-қытайлық логистикалық терминалдың контейнер алаңының пайдалануға берілгендігін айтсақ та жеткілікті. Әрі осы аталған алаңмен 2020 жылға қарай жыл сайын 500 мың контейнер тасымалданады деп күтілуде. Ал, терминалдың өзі трансқазақстандық бағыт бойынша Шығыс және Оңтүстік Азиядан Кедендік одақ, Орталық Азия мен Кавказ елдеріне, Түркияға, Еуроодақ пен Парсы шығанағы мемлекеттеріне және кері бағыттағы жүк тасымалын ұйымдастыруға және оның қарқынын арттыруға мүмкіндік туғызады. Компания басшыларының сендіруінше жалпы көліктік инфрақұрылымның дамуы арқасында ішкі жалпы өнімнің жылдық өсімі 1 пайызды құрайтын, ал Қазақстан бойынша жүк тасымалының көлемі 2 есеге, одан түсетін табыс 3 есеге артатын болады.
Анна Выприцких,
(«Мегаполис», 26.05.14 ж.»)
Ұқсас жаңалықтар
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Тұрғын үй бағасы тиімді ме?
- 12 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді