Басты жаңалық
Сеулде қазақстандық баланың жүрегіне тегін операция жасалды .
- author «Ақ жол»
- 28 шілде, 2016
- 191
Сеулде қазақстандық баланың жүрегіне тегін операция жасалды .
Сеул қаласындағы «Северанс» ауруханасы қазақстандық балаға жүректің қан айналдыратын тетігін ауыстыру операциясын тегін жасады. Көп балалы отбасы клиниканың қайырымдылық шаралар бағдарламасына ілікті. Омар Ситербаев шыр етіп дүниеге келгеннен бастап жүрегінде кінәраты бары анықталды. Небәрі 9 айлық нәрестеге алғаш рет операция жасалады. Екі жылдан кейін оны тағы қайталау керек болды. Алайда екінші операциядан кейін де ағзасы жетіліп келе жатқан баланың жағдайы күннен күнге нашарлай берді. Тынысы тарылып, демала алмай, қиналатын сәттері жиіледі. Осы кезде балаға шипа іздеп шарқ ұрған отбасының сұрағаны алдынан табылды. Ситербаевтар тұрып жатқан ауылға Оңтүстік Кореядағы «Северанс» ауруханасының мамандары келді. Шетелдік кардиохирург бозбаланың денсаулығын тексеріп, шұғыл түрде үшінші операция жасау керектігін жеткізді. Зүлфия Ситербаева, Омардың анасы: - Газеттен кореялық дәрігерлерлердің біздің ауруханаға келіп, жергілікті тұрғындардың денсаулығын тегін тексеріп жатқанын оқыдық. Мен баламды алып бардым. Кардиохирург дәрігер қажетті анализдерді алып, бізді Сеул қаласына операция жасауға шақырды. Дәрігер Омарды міндетті түрде емдеп шығамын деген уәде берді. Мұндай шешім Ситербаевтар үшін тосын сый болды. Себебі 5 балалы отбасының күрделі операция жасатуға қаражаты болған жоқ. Қазір науқас баланың өкпесіне жүрек арқылы келетін қан көлемі жеткіліксіз. Сол себепті оның ағзасына жануардың биологиялық материалынан жасалған тетік отырғызылуда. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай тетік 10 жылға дейін жарамды болады. Яғни келесі операцияны Омар 21 жасқа толғанда жасатуға тура келеді. «Северанс» клиникасында осындай емнің құны шамамен 60 мың долларды құрайды. Омарға кететін бүкіл шығын аурухананың қайырымдылық бағдарламасы мен денсаулық сақтауды дамыту институты есебінен өтелді. Шетелдік мамандар замануи технологияларды қолданып жүргізген операция 5 сағатқа созылды. Оның барысында хирургтар бір қиыншылыққа кезікті. Бірақ нәтижесінде олар алдына қойған мақсатына жетті. Ён Хван Пак,«Северанс» ауруханасының кардиохирургы: - Операция қорытындылары өте жақсы болды деп айта аламын. Алайда Омарға осыған дейін 2 рет операция жасалғандықтан, ол біз үшін біршама қиындық туғызды. Оның кеудесі бұрын кесілген. Ол жерді қайтадан пышақ тигізу қауіпті болғандықтан, біз баланың қабырғасының астынан кесуді жөн көрдік. Кейін кәсіби мамандармен жиналып,операцияны кеуде арқылы жүргізудің жолын таптық. «Северанс» ауруханасының жетекшілері жыл сайын осындай қайырымдылық операцияларына 1 миллион доллар көлемінде қаражат бөледі. Яғни түрлі мемлекеттен келген 20 бала Сеул қаласында тегін ем қабылдай алады. Клиника мамандары әр елге өздері барып, операцияға мұқтаж науқастарды іріктеп алады. Биыл Омармен қатар тағы 4 бүлдіршін «Северансқа» жеткізіледі. Корея елінің дәрігерлері тек науқастарға ғана көмек көрсетумен шектелмейді. Олар дәрігерлердің біліктілігін арттыруға үлкен көңіл бөледі. Кён Чён Ю, «Северанс» ауруханасындағы кардиоваскулярлы клиниканың бас дәрігері: - Біз Қазақстанға жиі барып тұрамыз. Жергілікті дәрігерлерлерге шеберлік сағаттарын өткіземіз. Сондай-ақ, оларды өзімізге шақырамыз. Жақында Қазақстаннан екі маман келіп, біздің ауруханада 1 ай бойы білімін шыңдайды. Бізде кадр тапшылығы мәселесі жоқ. Себебі аурухана жанында «Ёнсе» университеті бар. Оқу орны кәсіби деңгейі жоғары дәрігерлерді дайындаймыз. Қазақстан елімен өз тәжірибемізбен бөлісуге әрдайым дайынбыз. Заманауи техникамен жабдықталған аурухана медицина нарығында 130 жыл бойы істеп келеді. Жыл сайын клиника қызметкерлері 3 миллион адамға ем көрсетіп, 80 мыңға жуық түрлі операция жүргізеді. Оңтүстік Кореяның үздік 4 ауруханасына кіретін «Северансқа» Жапония, Қытай, Ресей, Еуропа елдерінің азаматтары келіп емделеді. Соңғы уақытта қазақстандықтар да осы клиникаға басымдық беріп жатыр. Тек өткен жылдың ішінде 4 мың отандасымыз өз денсаулығын осы мамандарға сеніп тапсырды. Олардың 10-ы Омар Ситербаев сынды жүрек ауруларын емдеп шықты.
Ақпарат көзі: www.24.kz
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді