- Advertisement -

Барлық бағытта ілгерілеу бар

85

- Advertisement -

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыстар және үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі туралы баяндады.


IMG_7981 IMG_5228 IMG_4099– Мүлікті және қаржыны заңдастыру ресімдерін оңайлату бойынша қолданыстағы заңға өзгертулер және толықтырулар енгізілетіні, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілген болатын. 2015 жылдың 13 қарашасында Мемлекет басшысы мүлікті жария ету мәселелері бойынша заңға қол қойды.
Қазір заңдағы өзгерістер бойынша аймақта түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Заңдастыру рәсімдерін оңайлату нәтижесінде облыста мүлікті жария етуге ынта білдіргендер саны артып, субъектілердің орташа айлық саны көбейіп отыр.
Егер өткен жылдың бірінші қарашасына дейін 320 нысан жария етіліп, акция басталғалы жария етілген мүліктің орташа айлық саны 258 бірлікті құраған болса, қараша айынан бастап бүгінгі күнге дейін 3310 нысан жария етіліп, орташа айлық көрсеткіші 413 бірлікті құрап отыр.
Бүгінгі күнге мүлікті заңдастыруға жалпы құны 38,7 миллиард теңгені құрайтын 7385 өтініш берілген. Оның ішінде құны 35,4 миллиард теңге болатын 6932 нысан жария етілді. Қалғандары комиссиялардың қарауында, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Ағымдағы жылы облысымызда құрылыс саласына 14678,7 миллион теңге қаралып, 49 нысанның құрылысы жүргізілуде, сондай-ақ былтырдан биылға өткен 6 білім беру нысанының құрылысын жалғастыруға және екі мектептің іргесін қалауға ел қазынасынан 3,6 миллиард қарастырылған. Қазір барлық өтпелі нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Денсаулық сақтау саласы бойынша да құрылыс жұмыстары қарқын алған. Бекболат Серікбекұлы қазіргі кезде барлық нысандарға бөлінген қаржының толығымен игеріліп, құрылыс жұмыстарының сапалы орындалып жатқанын жеткізді. Олардың жоспарланған мерзімінде пайдалануға берілуін келісімшартқа сәйкес қатаң бақылауға алынғанын еске салды.
Әлемде қалыптасқан экономикалық қиындықтарға қарамастан, өңірде құрылыс жұмыстары қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Бір ғана Тараз қаласы бойынша ағымдағы жылдың I жартыжылдығында жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 8 миллиард 275 миллион теңгені құраған. Оның ішінде, 4 миллиард 40 миллион теңге бюджеттік инвестиция есебінен. Ағымдағы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстарының көлемін ұлғайтуға бірқатар негіз де бар. Мысалы, жалпы қала бюджетінде құрылыс жұмыстарына 10 миллиард 967 миллион теңге қарастырылса, оның ішінде 7 миллиард 911,4 миллион теңгесі «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы арқылы бөлінген. Жыл соңына дейін жалпы құны 7 миллиард 830,5 миллион теңгені құрайтын 24 құрылыс нысанын уақтылы аяқтау жоспарлануда.

(Соңы. Басы 1-бетте).

Атап айтсақ, «Салтанат» мөлтек ауданында 280 орындық балабақша, «Кирпичник» және «Құмшағал» тұрғын алқаптарында әрқайсысы 300 орынды құрайтын екі мектеп, «Арай» тұрғын алқабында 2 тұрғын үй, Сүлейменов көшесінің аяқ жағынан салынуы тиіс жоспарланған 15-мөлтек ауданында магистральдық ішкі кварталдық су және телефон желісі бойынша инженерлік жүйелерінің құрылысы, «Барысхан» тұрғын алқабында қиыршық тасжол құрылысы, сонымен қатар, Жамбыл даңғылы, Б.Момышұлы, Ы.Сүлейменов, С.Сейфуллин көшелерінде жылу магистралінің телімдерін қайта жаңғырту жұмыстары, «Қайнар», «Ақжол», «Мичуринец» алқаптарын электр қуаты және газбен қамтамасыз ету, «Көктем» тұрғын алқабына газ жүргізу, Жамбыл даңғылы және Тәуке хан көшесіндегі жол өткелдерін, Песчанная, Октябрьская көшелеріндегі су құбырын қайта жаңғырту, «Бурыл-А,Б,В» алқабының су құбыры желілерін тарту, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай монумент орнатып, қосалқы аумағын абаттандыру, Төле би даңғылы бойындағы Керімбай атындағы орта мектебінің маңында жерүсті жүргіншілер көпірінің құрылысын салу жұмыстары аяқталады. Бұдан басқа да жеке инвесторлардың қаржысымен салынған коммерциялық нысандардың құрылыстары аяқталып немесе жүргізілуде. Жамбыл даңғылындағы «Магнат» сауда үйі, Төле би даңғылындағы «МART» ойын-сауық орталығы, Ташкент көшесінің бойындағы әмбебап сауда үйі және Мәмбет батыр көшесіндегі сауда үйі – солардың қатарында.
Үкіметтің «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасының тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша биыл облыста 173, 8 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша 103,9 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы ел игілігіне берілген. Яғни, жоспар 60 пайызға орындалып отыр.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру, тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға, ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен 3 миллиард теңге несие бөлініп, «Арай» алқабында 80 пәтерлік 6 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетінін жеткізді.
Облыс бойынша барлығы 153 ауыл-аймақ бар. Ұлт жоспарының 98-қадамы бойынша ауылдық әкімдіктер қоғамдық кеңеспен бірлесе отырып, өздерінің бюджеттерін талқылау және бекіту барысында ағымдағы жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 1 миллиард 404 миллион теңге түсіріп отыр. Оны ауыл әкімдіктері арнайы жасалған бағдарламалар негізінде тиімді жұмсауға міндетті.
– Алты айдың ішінде өңірімізде атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі – жекешелендіру жұмыстары. Қазақстан Республикасы Үкіметінің өткен жылғы 31 желтоқсандағы «Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» №1141 қаулысы бойынша Жамбыл облысының коммуналдық меншігіндегі бәсекелес ортаға беруге жататын 22 ұйым бекітілді.
Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау мақсатында облыс әкімдігінің 2016 жылғы 18 қаңтардағы №6 қаулысы негізінде бәсекелес ортаға беруге ұсынылатын коммуналдық меншіктегі ұйымдардың тізбесі бекітілді. Осыған орай, ағымдағы жылы бәсекелес ортаға беруге жататын 3 ұйым – облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының «Жамбыл Жылу», «Темір жол-Жылу» МКК, «ТаразЭнергоОрталық» АҚ бойынша кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру жөнінде шешімдер қабылданып, бүгінгі күнге аталған ұйымдар бойынша сату алдындағы дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді Б.Орынбеков.
Баяндамашының айтуынша, ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуы мемлекеттік бағдарламасының аясында жалпы құны 15,7 миллиард теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асырылып, жаңа 380 жұмыс орны ашылмақ. Бұл жұмыстардың қазіргі таңда елу пайызына жуығы жүзеге асқан. Бірінші жартыжылдыққа жоспарланған, көлемі 3,7 миллиард теңгені құрайтын 3 жоба бүгінгі күні іске қосылып, 175 адамды жұмыспен қамтыған. Олар: «Луговой жылқы зауыты», «ЦАСК» Меркі филиалы, «Оңтүстік Халал Тағамдары» ЖШС.
– Бүгінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы жұмыс іздеген азаматтарды қызметке орналастырудың тетігіне айналды. Облысымызда былтыр осы жоба арқылы 26250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Соның нәтижесінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға төмендеп отыр, – деген Бекболат Серікбекұлы ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында мемлекеттік бюджетке 34,3 миллиард теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналғанын атап өтті.
– Бұл болжамдағы соманың 122,4 пайызын құрайды. Республикалық бюджетке түсімдер 119,0 пайызға, жергілікті бюджетке 125,4 пайызға орындалды.
Алты айдағы облыс бюджеті кірістер бойынша 105,2 миллиард теңгеге немесе 103,8 пайызға орындалған. Бюджет шығындары өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға, оның ішінде білім саласындағы шығындар 17,9 пайызға, әлеуметтік көмек пен қолдау 5,0 пайызға өсіп, денсаулық сақтау саласы бойынша 6,2 пайызға төмендеген, – деді ол.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз соңында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен баршаны құттықтай келе, бұл елдік мерекені жоғары деңгейде атап өтуге жамбылдықтар да барынша атсалысу керектігін алға тартты. Сондай-ақ, ол журналистер тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар берді.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Алтынбек Қартабай.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support