«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақтөбелік азамат мал шаруашылығын дамыту үшін 40 жасында қаладан ауылға көшті

Ақтөбелік азамат мал шаруашылығын дамыту үшін 40 жасында қаладан ауылға көшті
ашық дереккөз
Ақтөбелік азамат мал шаруашылығын дамыту үшін 40 жасында қаладан ауылға көшті

Ақтөбелік азамат мал шаруашылығын дамыту үшін 40 жасында қаладан ауылға көшті. Қала тұрғыны Аманжол мен Гүлгүл Сүйіновтер осыдан екі жыл бұрын Қарғалы ауданының Ащылысай ауылына барып, «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге несие алды. Мүйізді ірі қара, қашар мен баспақ сатып алған олар қазір мал шаруашылығын дамытып, сүт және сүт өнімдерін сатып отыр, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

 Қалада туып-өскен кез келген адам сол жерде тұрақтап, күнделікті 8 сағаттық жұмысқа орналасуды мақсат етеді. Ал ауылда өскен жастар қалаға оқуға келген кезде облыс орталығына тұрақтап қалуға ұмтылады. Кей адамдар негізгі мамандығын ұмытып, арба сүйрейді, ғимарат күзетеді. Ал Аманжол Сүйінов мұның бәрінен бас тартып, 40 жасында өмірін түбегейлі өзгертеді.

«Неге қаладан ауылға көштің? Бұл сұрақ көпті мазалайды. Негізі, қала маңындағы ауылдардан үй іздеген болатынбыз. Бәрі қымбат болып, сатып алуға шамамыз келген жоқ. Бір күні танысымыз Қарғалы ауданында құны 200 мың теңгеге үй сатылады, жері жақсы деп айтты. Күйеуім қарап, ұнатып, сатып алдық. 2012 жылы шешім қабылдап, маусым айында көшіп келдік. Үйге су құбырын жүргізіп, қаладағыдай күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді»,- дейді Гүлгүл Сүйінова.

Сүйіновтер отбасы алғашында сиыр мен үш бұзау сатып алған. Кейін Қарғалы аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» бағдарламасы арқылы 3 миллион теңге несие берілді. Қаржыға қосымша мүйізді ірі қара, ұсақ мүйізді мал сатып алды. Қазір барлығы 20-ға жуық мал бар. Жыл сайын жем-шөбін дайындап, қора да салды.

«Біз мал баққан емеспіз. Тіпті, Аманжол 40 жыл бойы қалада тұрды. Мен қала маңындағы ауылдан болған соң отбасымыз мал ұстап, сиыр саууды үйренген едім. Соның бәрін қайта еске түсіріп, қазір сүт, май, қаймақ сатамын. Біздің мақсат – балаларды еңбекке тәрбиелеу, жұмысқа баулу. Осы оймен келген едік. Қазір 4 баланың алғашқылары мектепке барады. Олар тез үйреніп кетті. Енді қалаға қайта көшіп барғымыз келмейді»,- дейді Гүлгүл Сүйінова.

Бір қиыны – Ащылысай ауылында қазақ мектебі жоқ. Қазақ тілін еркін меңгерген балалар енді орысша сөйлеуді үйреніп, білім алуға мәжбүр болып отыр.

«Ауыл әкімінен мемлекеттік бағдарлама туралы естіп, Жұмыспен қамту орталығына кеңес алуға келді. Несие алып, мал басын арттырды. Қора салып, жем-шөп дайындады. Мал басын өсіріп, шаруашылықты дамытуға Аманжол Сүйіновтің отбасы көмектесіп отыр. Биыл екі әлеуметтік жұмыс орнын ашты»,- дейді Қарғалы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Людмила Сломилец.

Айта кетейік, жыл басынан бері «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында Қарғалы ауданында 50 адам 104 миллион теңге көлемінде несие алды. Оның 16-сы кәсібін кеңейтіп, 34-і бизнесін бастады. Басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Сонымен қатар, кұс шаруашылығын жандандырып, сүт өңдеу цехы мен жанар-жағармай құю бекетін салуға несие алғандар да бар.

Ақпарат көзі: BNews.kz 

 

Ұқсас жаңалықтар