Арнайы бақылауда болады

Арнайы  бақылауда болады
ашық дереккөз
Арнайы бақылауда болады
«Нұр Отан» партиясының Тараз қалалық филиалы «Айқын тариф» жобасы аясында мемлекеттік органдар және коммуналдық кәсіпорындар өкілдерімен тариф қалыптастыру мәселелері бойынша кездесу ұйымдастырды. Оған бірқатар тұтынушылар өкілдері де қатысып отырды. Жиынды ашқан партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арын Асқарбеков: «Тариф қалыптастыру мәселелері мемлекеттік органдар мен тұтынушылар үшін өте маңызды. Өйткені, олар әлеуметтік-экономикалық жағдайдың индикаторы қызметін атқарады. Коммуналдық қызметтер бағасының жоғары деңгейі қоғамда шиеленісті жағдайдың туындауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге бар жауапкершілікпен қарау керек», – деп, іс-шараның маңызды екеніне тоқталды. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитеттің облыстық департаменті бөлімінің басшысы Бауыржан Көрпебаевтың айтуынша, жалпы өңірдегі тариф бағалары қалыпты деңгейде. «Өткен жылдың нәтижелері бойынша, төрт субъектіге 17,9 миллион теңгеге уақытша өтемақылық тариф енгізілген. Алдын ала алынған деректер бойынша, бұл жылы тұтынушыларға 100 миллионға жуық теңгені қайтаратын 13 субъект осындай шараға тартылады», – деді ол. Алайда, бұл жағдай отырысқа қатысушыларды аса қуанта қоймады. Олардың мәліметтеріне қарағанда, кейбір мекемелер, керісінше, тұтынушыларға қаражатты қайтарудың орнына қосымша ақы қосумен айналысуда. Мысалы, «ТаразЭнергоОрталық» АҚ Тараз тұрғындарына 30 миллионнан астам теңгені барлық тұрғындарға шағып, қайта есептеу жасаған. Неліктен жылытушылар «ай-шай» жоқ, қала тұрғындарынан есеп талап етіп отыр? Компания өкілдері бұл сауалға, «жылыту маусымында жергілікті билік органдарының сұрауымен компания тарифті жаңа бекітілген деңгейге көтермеген» деп жауап берді. Соған орай жылу маусымының соңғы екі айы бойынша төлемді жаңа тариф бойынша алу керек деген шешім қабылданды. Отырысқа қатысушылар бұл шешімнің қаншалықты заңды екендігін нақтылады. Бұл сауалға орай монополияға қарсы мекемелер аталған мәселені жете тексеруге уәде берді. Сонымен қатар, энергетиктердің жұмысы да сын садағына ілінді. «Жамбыл-Жарық-Сауда» компаниясы және «ЖЭС» ЖШС жарықты жиі сөндіретіні айтылды. Алайда, «ҚР Электроэнергетика туралы» Заңына сәйкес, электроэнергия мен жылуға қарызы үшін электроэнергия мен жылуды сөндіруге тыйым салынған. Бірақ, «Жамбыл-Жарық-Сауда» энергетикалық компаниясының өкілі бұл заңның мерзімінен бұрын қабылданғанын және де қарыз тұтынушылар қызметтен ажыратылатыны жалғасатынын айтты. Қатысушылар энергетиктерге бірқатар талаптар қойды. Нәтижесінде, барлық деректер бойынша жеке, арнайы жұмыс жүргізілуі тиістігі, оны партия облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы қадағалайтындығы жөнінде шешім қабылданды.

Баймаханбет Ахмет, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар