Ақысыз босатылатын дәрі тапшы

Ақысыз босатылатын  дәрі тапшы
ашық дереккөз
Ақысыз босатылатын дәрі тапшы
Тараз қаласында дәрі-дәрмек қымбат, медициналық көмек ретінде тегін босатылатын дәрілік препараттар тапшы, жеңілдікпен берілетін дәрілер тізімі сиреген. Дәрігерлер емханаларға қайырылған сырқаттарды жөн-жосықсыз сандалтып қоятын болған. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдауда тұрғындар осылай деп шағым айтты. Қоғамдық қабылдауға облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Омаров, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс бойынша департаменті, еңбек, әлеуметтік қорғау, көші-қон комитеті департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшылары қатысты. Сала мамандары тұрғындар көтерген мәселелерді бірлесе шешуге тырысқанмен, көкейкесті сауалдарға нақты жауап таппай мүдірді. Қоғамдық қабылдауға қала тұрғыны Сапарбек Садуов өзі секілді қариялардың мұң-мұқтажын жеткізу үшін келгенін әрі дәріханалардағы қымбат дәрілерді зейнеткерлердің қалтасы көтермейтінін айтты. – Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы дәрі-дәрмектің бағасын көтермеу жөнінде меморандумға қол қойған. Алайда, келісімшарт сәуір айында ғана жасалған. Дәрілердің бағасын көтермеу жөніндегі тізімге 2014 жылы 260 дәрі енгізілсе, биыл тізімге 160-тың о жақ, бұ жағында ғана дәрілер енгізілген. Жылдың бірінші тоқсанында №5 емхана бізге ақысыз дәрі-дәрмек алуға рецепт берген жоқ, – дейді ол. «Химпром» акционерлік қоғамында 21 жыл жұмыс істеген, ІІ топтағы мүгедек Ахнаф Гараев мүгедектігін кәсіби науқастығымен байланыстырып, кәсіби науқастарға қатысты мүгедектік топ белгілеуін сұраса, Шыңғыс Ережепов №7 емхана дәрігерлері ауруына қатысты нақты диагноз қоймай әбден сандалтқанын, қайта-қайта ақылы анализ тапсырудан шаршағынын айтып шағымданды. Қабылдау өткізген мекеме басшылары тұрғындардың өтініш-тілегіне жауап беріп, келелі кеңес берді. Шалғай аудандардан бейнебайланыс арқылы кеңес алған азаматтар да болды.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар