«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстан қанты Кеден одағы елдеріне экспортталмайды

Қазақстан қанты Кеден одағы елдеріне экспортталмайды
ашық дереккөз
Қазақстан қанты Кеден одағы елдеріне экспортталмайды
Ұлттық экономика министрлігі қантты өндірушілер үшін импортталатын шикізатқа жыл сайынғы квотаны және лицензияны беру бойынша рәсімдерді жеделдету туралы мәселені қарауды да жоспарлауда.
 Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев «Орталық Азия Қант Корпорациясы» ЖШС («ОАҚК» ЖШС) өндіруші зауытының «Беларусь аграрлық компаниясы» ЖШС («БАК» ЖШС) импорттаушысының және «Ас-Ан» компаниясының (ірі көтерме саудада өткізушісі) өкілдерімен кездесті.
Кездесудің мақсаты қант нарығындағы жағдайды зерделеу болды. Республика өңірлерінде орта есеппен алғандағы қанттың бөлшек сауда бағасы 2015 жылғы желтоқсанға қарағанда 2016 жылғы 25 шілдеде 25,5%-ға артты. «ОАҚК» ЖШС деректері бойынша бағаның өсуі бірқатар обьективті себептерге байланысты, олардың ішінде шикізаттың қымбаттауы, коммуналдық қызметтер мен жүктерді тасымалдау бойынша тарифтер құнының өсуі. Компания қант бағасының көтерілуі халықтың сұранысы артатын жазғы маусымда жыл сайын көтерілетіндігіне ерекше назар аударды. Өндіруші мен көтерме саудада өткізуші Қазақстанда үстіміздегі жылы қантқа деген қажеттіліктің артқандығын хабарлады. Қажеттіліктің арту себептерінің бірі «БАК» ЖШС тарапынан импорттың жоқтығы болып табылуы мүмкін. «ОАҚК» ЖШС, өз кезегінде 2016 жылы қант өндірісін екі есеге дейін ұлғайтты, республикада бұл өнімнің тапшылығы байқалмайды. «ОАҚК» ЖШС-ның елдің ішкі нарығын қамтамасыз етуге қантты қажетті мөлшерде өндіру үшін қуаты мен мүмкіндігі бар. Негізінен қуаттарды жүктеу отандық шикізат - қант қызылшасының жеткіліксіздігіне қарай импорт шикізаты есебінен болады. Қант қызылшасын егуді ұлғайтуға байланысты 2016 жылы «ОАҚК» ЖШС қант қызылшасынан өндіретін қант үлесін 15 %-ға дейін арттыру болжануда. Материалдарды зерделеу өндіруші зауыт пен импорттаушылар деңгейінде бәсекелестік саласындағы заңнаманы бұзушылықтар байқалмайтынын көрсетеді. Монополияға қарсы органның алдын ала деректері бойынша, бүгінгі күні қант нарығында қантты негізсіз шектеу және орта және шағын көтерме нарық деңгейінде өңірлерде қант бағасының алыпсатарлық өсуі байқалады. Осыған орай, монополияға қарсы орган қантты бөлшек және көтерме өткізушілердің қызметінде монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтардың болуы тұрғысынан егжей-тегжейлі талдау жүргізуде. Қантты көтерме саудада өткізу нарығында бірінші тергеп-тексеруді Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті бастады. Бұл ретте жосықсыз жеткізушілерге қатысты ұқсас тергеп-тексерулерді еліміздің басқа да өңірлерінде жүргізу жоспарлануда. Монополияға қарсы органның аймақтық департаменттері үстем жағдайды теріс пайдалануға, бәсекелестікке қарсы әрекеттерге және басқаларға жол бермеу бөлігінде бәсекелестік саласындағы қолданыстағы заңнаманың талаптарын сақтау жөнінде қантты өткізу нарығына қатысушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ұлттық экономика министрлігі қантты өндірушілер үшін импортталатын шикізатқа жыл сайынғы квотаны және лицензияны беру бойынша рәсімдерді жеделдету туралы мәселені қарауды да жоспарлауда. Бұдан басқа, Кеден одағы комиссиясының шешімімен, Қазақстан өнеркәсіптік қайта өңдеу үшін енгізілетін шикі қант, сондай-ақ шикі қанттан өндірілген ақ қант Ресей және Беларусь аумағына қайта жөнелтілмейтініне кепілдік береді деп белгіленген. Аталған шешімнің қолданылу кезеңінде (2010-2019 жылдар) Кеден одағы елдеріне экспортталмайды.

Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

 

Ұқсас жаңалықтар