«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Астанада Рақымжан Қошқарбаевқа ескерткіш ашылады .

Астанада Рақымжан Қошқарбаевқа ескерткіш ашылады .
ашық дереккөз
Астанада Рақымжан Қошқарбаевқа ескерткіш ашылады .

Елордада Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ батыры, Халық қаһарманы, Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ азаматы Рақымжан Қошқарбаевқа ескерткіш ашылады. Ескерткіштің құрылыс жұмыстары 17 тамызда аяқталады. Ал қазақ батырына арналған ескерткішті 30 тамызда салтанатты түрде ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы BI Group компаниясының өкілі, жоба жетекшісі Аяз Жылқыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

 «Ескерткіштің құрылысы 21 маусымда басталды. Жаңбыр салдарынан құрылыс жұмыстарын 17 тамызда аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші салтанатты түрде 30 тамызда ашылуы мүмкін. Ескерткіштің авторы – мүсінші Асқар Нартов», - дейді А.Жылқыбаев.

Сонымен қатар, жоба жетекшісі Рақымжан Қошқарбаев пен Бауыржан Момышұлы көшелерінің бойында қазақ батырына арналған ескерткіштің құрылысы қызу жүргізіліп жатқанын айтты.

«Рақымжан Қошқарбаев ескерткішінің құрылысына 5 құрылыс бригадасы жұмылдырылған. Олар жұмыстарды кезектесіп істейді. Нақты санын айта алмаймын. Себебі, ауа райына байланысты жұмысшылардың саны өзгеріп отырады. Бірақ, 5 жұмысшы ескерткіштің мәрмәр тасын тегістейді», - дейді ол.

Ескерткіш Астанадағы Рақымжан Қошқарбаев пен Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысында орналасқан.

Айта кетейік, Рейхстагтың үстіне жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Астанаға жақын орналасқан Тайтөбе селосының маңындағы қыстақта дүниеге келді. Ол ата-анасынан ерте айрылды: 4 жасында анасы дүниеден өтті. Ал әкесі болса, жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) жіберілді.

Ұлы Отан соғысы басталған соң, елін жау қолынан азат етуге бел буады. Ол 1942 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы жаяу әскер училищесіне оқуға түседі. Атқыштар дивизиясына оқуға түскен Р.Қошқарбаев 1944 жылдың қазан айынан бастап 1-Беларусь майданында взвод басқарады. Ол Польша, Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысып, жаумен аянбай шайқасады.

Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды.1988 жылы 10 тамызда қазақтың қайсар ұлы Алматыда қайтыс болды. 1999 жылы Рақымжан Қошқарбаевқа "Халық Қаһарманы" атағы берілді.

Ақпарат көзі: BNews.kz

Ұқсас жаңалықтар