«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел үміті – жастарда

Ел үміті – жастарда
ашық дереккөз
Ел үміті – жастарда

Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының XII сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет» – деп ерекше атап көрсеткен-ді. Шынында да, бүгінде бізде ғана емес, тіпті Еуропадағы мектеп оқушылары мен студенттердің өзара бірнеше тілде еркін сөйлесетіні қалыпты жағдайға айналғандығы белгілі. Кем дегенде үш тіл меңгеру – заман талабы.

Болашақ иелері – жастарымыз елімізді әлемдік деңгейде танытуға тиіс. Бұл үшін ағылшын тілін білу қажет. Ата-бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл» деп жайдан-жай айтпаған болар. Жастарымыздың «Болашақ» бағдарламасы аясында шет мемлекеттердің ең үздік жоғары оқу орындарында оқуы үшін, ең әрісі экономикамыздың қарқынды дамуы үшін де тіл мәселесінің маңызды орын алатыны белгілі. Ағылшын тілі – әлемдік қолданыстағы тіл. Оны жетік меңгеру арқылы еліміздің жетістіктерін, бүгінде әлемдегі алпауыт мемлекеттермен терезесі теңесе бастағанын өзгелер емес, өзіміз түсіндіріп, насихаттайтын боламыз. Біз, міне, осынау мақсат асқарына батыл беттеп те келеміз. Мектеп жасынан бастап балаларға ағылшын тілі оқытыла бастады, сонымен қатар, арнайы оқыту курстары ашылып, тілдік білім тереңдетілу үстінде. Көзі ашық, көкірегі ояу жастар үшін де ЖОО-да ағылшын тілінің аясында түрлі мамандықтарды меңгеруіне мүмкіндіктері бар. Ел келешегінің кемел болуына бастайтын игіліктің бірі – Астанамызда 2017 жылы өтетін «ЭКСПО» халықаралық көрмесі екені анық. Мұнда әлемнің барлық түкпірінен келетін құрметті меймандардың басы қосылмақ. Үш тұғырлы тілдің қоғамымыздағы маңыздылығы мен елеулі орны бары, міне, осы кезде анық байқалмақ. Жастар арасында мыңнан астам еріктілер жұмыс жүргізеді деп те күтілуде. Ал, жастарға қойылатын басты талап – ағылшын және өзге де шет тілдерді жетік меңгеру. Бір жағынан қиын сияқты, дегенмен, әр істің орайы мен қиюын келтіре, жұмыла кіріссек, бұл шаруа да қолымыздан келетін сияқты. Жалпы, біздегі кез-келген жастың болсын шетел тілдерін оқып, үйренуіне сауаты да, уақыты да, білімі де жететіні анық. Ел дамуы жолында ерінбей оқып, білім жиып, қоғамның қозғаушы күші бола алсақ, «Қазақ» деген елдің қандай екенін әлемге танытып, өзімізді жан-жақты көрсете білсек, міне, бұл біздің дамығандығымыз, әрі ата-бабалар арманын іске асырғанымыз және нұрлы болашағымызды жақындата түскеніміз болмақ. Ендігі жердегі ел үміті – үш тұғырлы тілде.

Айгүл Наурызбаева,  М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дің гуманитарлық- әлеуметтік ғылымдар факультетінің  «Шет тілдер» кафедрасының оқытушысы.

Ұқсас жаңалықтар