Шешенстанның еңбек сіңірген әртісі, Ингушетияның халық әртісі, әнші Лиза Ахмадованың концерті болып өтті
Есімі бұрынғы кеңестік одақ, қазіргі ТМД мемлекеттері аумағына танымал эстрада жұлдызының өнерін тамашалау үшін қалалық мәдениет үйіне бұл күні облысымыздағы шешен-ингуш диаспорасының, сондай-ақ, қала жұртшылығының өкілдері көптеп келді.
Қап тауы етегін жайлаған өр рухты халықтың асқақ жыры мен сырлы әуені сахнадан себездей төгіліп, тыңдарманын бір демде-ақ уыздай ұйытты, терең ойларға да шомдырды. Грозныйлық өнерші бұл күні шешен, ингуш, орыс, араб тілдерінде де құйқылжыта ән шырқады. Концертке қатысушы этнос жастарының әншімен бірге тау халқының қан қыздырар биін үйіріле билеп ала жөнелгендері де болды. Олар осылай Юрмала, Славян жәрмеңкесі, Азия дауысы секілді бірқатар халықаралық ән байқауларының жеңімпазына өзіндік ілтипат, қошаметтерін де танытты.
– Жалпы, біз шешен, ингуштердің қазақ жеріне депортацияланғанына 75 жыл толуы аясындағы бұл іс-шараны көктемде өткізбек едік. Оның реті келмеді. Енді, міне, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында өткізудің сәті түсті. Алыс шетелді былай қояйық, айнала-төңірегіміздегі өзге мемлекеттерде ымыраға келмеуден, ынтымақ, бірлігі болмаудан қандай қасіретті оқиғалар орын алып жатқанын күнделікті естіп, біліп отырмыз. Біздің елімізде ондайға әсте жол берілмейді деген ойдамын. Бұл тұрғыда Елбасымыздың әзірге жақын шетелдің бірде-бірінде жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жолымен сандаған ұлысты бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ аясында тоғыстырып, тұрақтылық пен келісімді нығайтудағы еңбегі айрықша елеулі. Бүгінде елімізде қай-қай этностың да өз ана тілдерін сақтап, жетілдіруіне, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрлерін жарқырата ашып көрсетуіне барлық жағдай жасалған. Бүгін, міне, этнос өкілдерінің өздерінің ұлттық төл өнері қайнарынан сусындауына да мүмкіндік туып отыр, – деп ағынан жарылды облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамзан Магомадов. Кеш барысында концертке құрметті қонақ ретінде сонау Абай елінен ат арытып арнайы келген «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті, қалалық шешен ингуш этномәдени бірлестігінің жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қызметкері Сұлтан Картоев, облыстық ассамблеяның атқарушы хатшысы Л. Лысова кеш иесіне жылы лебіздерін білдіріп, оның Тараз жеріне арнайы атбасын бұрып, өнер көрсетуін ұлтаралық келісімді нығайтуға қосылған қомақты үлес ретінде атап өтті. Қазақтың әйгілі әншісі Бибігүл Төлегенованы ұстаз, ал Алматыны сүйікті қаласы санайтын Лиза Ахмадова өз кезегінде «Қазақстан, мен сені сүйемін!» деп қазақ еліне деген алғысын бір ақ ауыз сөзбен жеткізді.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді