Баға бақылауда

Баға бақылауда
ашық дереккөз
Баға бақылауда

Халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайының жақсара түсуі үшін экономикамыздың өркендеуімен қатар, нарықтағы бағаның да тұрақты болуы қажет.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Анабеков бастаған топ Тараз қаласындағы әлеуметтік маңызы бар «SMALL» және «Арзан» сауда дүкендерін аралап, халық тұтынатын негізгі тауардың бағаларын бақылап қайтты. «SMALL» сауда үйінде 5 литр сұйық май – 1775, «Алтын дән» ұнының жоғары сұрпының 1 килограмы – 122, бірінші сұрыптысы – 111, картоп – 125, сәбіз – 130, пияз 75 теңгеден өткерілуде екен. Жұмыртқаның біреуі – 18-20 теңге аралығында. Құмшекердің 1 килограмының бағасы – 245 теңге. Нанның бағасы екі сауда орнында да 55 теңге екен. Әйтсе де, «SMALL»-ға қарағанда, «Арзан» сауда дүкенінде «Алтын дән» ұнының жоғары сұрпы – 8, құмшекер 20 теңгеге қымбат екенін байқадық. Сұйық май мұнда 2090 – 2190 теңге аралығында. «Арзан» сауда дүкенінің директоры Айнагүл Асубаева құмшекердің қымбат болуын облыста қанттың тапшы болуымен және тасымалдаушы делдалдардың қойған бағасымен байланыстырды. – Біз құмшекердің бір килограмын тасымалдаушылардан 250 теңгеден сатып алып, 265 теңгеден өткереміз. Егер қант тұрақтандыру қоры арқылы жеткізілетін болса, онда біршама арзанға түсер еді, – дейді ол. Негізінен шаһардағы бірқатар сауда орындарының басшыларымен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірмеу жөнінде меморандум жасалған екен. Облыста орта есеппен ұнның бір келісі 90 теңгеге бағаланыпты. Ал қант Бразилиядан тасымалдануда. – Жүргізілген мониторинг пен қадағалау нәтижесінде сауда нысандарындағы баға тұрақты. Тауар бағаларының күрт өсуі байқалмайды, бәрі өз деңгейінде. Тек маусымаралық жағдайға байланысты пияз, картоп, ұн, қант секілді азық-түліктердің бағасы біршама өскен. Қант бағасының аздап өсуі оның сырттан тасымалдануына байланысты болып отыр. Дегенмен, халық күнделікті тұтынатын тауарлар қатарын тұрақтандыру қоры арқылы толықтыруды ұдайы назарда ұстап отыратын боламыз, – дейді Еркебұлан Даниярбекұлы.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар