«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қыс шанаңды жаз сайла

Қыс шанаңды жаз сайла
ашық дереккөз
Қыс шанаңды жаз сайла

Шу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалығымен Шу, Мойынқұм, Қордай аудандары бойынша отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және бюджеттік сала нысандарының 2016 – 2017 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы және хаттамалық тапсырмалардың орындалуы бойынша облыстық штабтың отырысы өтті. Оған аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, тиісті басқармалардың, жылыту мекемелерінің, коммуналдық кәсіпорындардың басшылары қатысты. 

Ұлттық экономика министрлігінің 2016 – 2017 жылдары жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарына сәйкес білім нысандары 1 қыркүйекке дейін, аудандық коммуналдық шаруашылық нысандары, әлеуметтік сала және тұрғын үй нысандары 10 қазанға дейін толықтай дайын болуы тиіс. Осыған орай облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаев соңғы күндері аталмыш 3 ауданның нысандарында кешенді тексеру жұмыстары жүргізілгендігін жеткізді. Нәтижесінде, қазандықтардың Шу ауданында – 20, Мойынқұм ауданында – 75, Қордай ауданында 18 пайызы дайын екендігі анықталған. Ал Шу ауданындағы жылу жүйелері түгелдей сақадай сай әзір етілген. Электр желілерінің дайындығы Шу ауданында – 54, Мойынқұм ауданында – 58,3, Қордай ауданында 50 пайызды құраған. Тексеру барысында білім, денсаулық сақтау, мәдениет салалары нысандарының жылыту маусымына әзірлігі жағдайы да сарапталған. Жоспар бойынша бюджеттік мекемелерге Шу ауданында 11097 тонна көмір қажет болса, бүгінгі күні оның нақты жеткізілгені 3844 тоннаны құраған. Ал тұрғындарға көмір дайындау бойынша жоспар 87 мың тонна, нақты түскені 13 мың тонна болып отыр. Мойынқұм ауданына 7991 тонна, тұрғындарға 40 мың тонна, Қордай ауданына 9175 тонна, тұрғындарға 62,0 мың тонна көмір қажет. Алайда, әзірге бұл екі ауданда көмір әлі дайындалмаған. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаев өз баяндамасында басқарма мамандары мониторинг жүргізу барысында Шу, Қордай және Мойынқұм аудандарында анықталған кемшіліктерді тізіп шықты. Сонымен қатар, энергетика, газ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, дебиторлық берешектер бойынша ақпараттарды алға тартты. Мәселен, «көгілдір отын» мәселесіне тоқтала келе, Шу қаласындағы көп қабатты үйлерді газ торабына қосу жұмыстары ақсап тұрғандығы сөз болды. Ал Қордай ауданында 23 елді мекенді газдандыру бойынша жергілікті атқарушы орган тарапынан 2017 – 2019 жылдарға жобалық-сметалық құжаттама дайындалмаған. Штаб отырысында Шу қаласының көп пәтерлі тұрғын үйлерін кондоминиум нысаны ретінде тіркеуден өткізу бойынша ағымдағы жылдың 5 наурызында аудандық мәслихаттың сессиясында 3,5 миллион теңге қарастырылғанымен, күні бүгінге дейін тіркеу жұмыстары жүргізілмеуі облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің тарапынан сынға алынды. Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы да көңіл көншітпей тұр. Тұтынылған электр қуатына бюджеттік және коммуналдық кәсіпорындардың дебиторлық берешектері Шу ауданы бойынша 0,210 миллион теңге, Мойынқұм ауданы бойынша 0,349 миллион теңге, Қордай ауданы бойынша 2,3 миллион теңгені құрап отыр. Штаб отырысында нысандардың қысқы маусымға дайындық барысы туралы Шу ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев, Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Мұратхан Естаев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Болат Саниязов хабарлама жасады. Баяндамашыларға басқарма басшылары тарапынан сұрақтар қойылды. Сонымен қатар, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Болат Қаниұлының баяндамасында аудан жолдарының қысқа дайындығы туралы мәліметтердің жоқтығы сынға алынды. Жиын соңында Бекболат Серікбекұлы аудандарға қатысты бірқатар мәселелерді алға тартып, тиісті қызметкерлерге нақты тапсырмалар берді. Ол өз сөзінде, әлеуметтік нысандардың ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаражат келген кезде, жұмыстарды уақтылы орындап үлгеру үшін қазірден бастап жоспарларды пысықтауды тапсырды. «Себебі, бұл да қыс маусымына дайындық жұмыстарының бір тармағы болып табылады», – деді ол. Сондай-ақ, қаржыны сапалы, көлемін жоғалтпай, дер кезінде игеру қажеттігін атап көрсетті.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар