Облыстық семинар-кеңес барысында өңір диқандары жаңа технологиялардың тиімділігіне көз жеткізді
Біздің өңіріміз аграрлы облыстар қатарында. Облыста ауыл шаруашылығы саласының үлесі 10,7 пайызды құрайды. Жалпы, облыста 761,0 мың гектар егістік жер бар. Оның 170,9 мың гектары – суармалы. Осы ретте айта кету керек, біраз бөлігі таулы аймақта орналасқандықтан, өңірімізде су ресурстары шектеулі. Осы мәселені шешудің бірден-бір жолы су үнемдеу технологияларын енгізу екені белгілі. Кейінгі жылдары бұл тұрғыда бірқатар шаралар жүзеге асырылып, өз нәтижесін бере бастады. Жаңа технологияны өз егістіктерінде тиімді пайдаланған шаруашылықтар өнім көлемін де бірнеше есеге өсіріп отыр. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен өткен «Егінжай күні – 2016» облыстық семинарында осы орайдағы оң жетістіктер кеңінен сөз болды.
Егіншілік саласын әртараптандыруды жалғастыру және олардың өнімділігін арттыру үшін су үнемдеу технологияларын насихаттау мақсатында өткен жиынға облысымыздағы барлық аудан әкімдері, шаруа қожалықтарының иелері мен сала мамандары қатысты. Олар егіншілік мәдениеті жайлы бейнероликтерді көріп тамашалап, өзара пікірлесуге де уақыт тапты.
Алдымен Жамбыл ауданындағы «Шайқорық бағы» өндірістік кооперативінің интенсивті алма бағында болған қатысушылар 50 гектарға отырғызылған жеміс көшеттерінің өсімі мен түсімінен хабардар болды. Кеңес үкіметі кезінде жүзімімен танылған Шайқорық ауылы болашақта алмасымен атағын шығаруды көздейді. Облыс орталығына іргелес жатқан ауыл аумағында орналасқан бұл интенсивті бақтың негізі өткен жылы қаланған. Бастапқыда бағбандар 24, ал биыл 50 гектар алқапқа алма көшеттерін орналастырыпты.
Мұнда барлығы 10 шағын шаруашылық бірігіп, лизингке қол жеткізіп, бірге жұмыс жасауда. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жұмыстарын жандандырып отырғанын айтқан «Шайқорық бағы» өндірістік кооперативінің басшысы Әлтайыр Досымбеков науқан кезінде жоба аясында 30-40 жұмыс орны ашылатынын жеткізді. – Алма бақ болғандықтан, оны өңдейтін қажетті зауыттар салу керек болады. Көлемін кеңейту жоспары да бар. Өскіндердің жетілу деңгейі жақсы. Польша мемлекетінен вируссыз алма көшеттері алынып отырғызылды. Лизингке 1 МТЗ-952, 2 ЮМЗ2 тракторлары мен 10 дана түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын алдық, деді серіктестік басшысы. Ал «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Өксікбай Оразымбетов ынта танытқан шаруалар болса, олардың қалай несиеге қол жеткізу керектігі жөнінде кеңес берді. Бұдан соң жиынға қатысушыларға «Пионер» өндірістік кооперативі де өз жұмыстарын көрсетті. 30 гектар қант қызылшасы өсірілген алқапқа қолданылған тамшылатып суару әдісінің тиімділігін түсіндірді. – Бүгін дәстүрлі «Егінжай күні» өтуде. Бұған 10 ауданның шаруашылықтары қатысуда. Бұл жиын барысында оларға Жамбыл және Жуалы аудандарындағы енгізілген үздік, жаңа технологиялар таныстырылуда. Қазіргі таңда облыс бойынша 245 гектар үдемелі алма бағы бар. Ағымдағы жылы қызылша өсіруді дамытуға облыстық бюджеттен 420 миллион теңге бөлінді. Оның 220 миллион теңгесіне Франциядан сапалы тұқым алсақ, ал қалған қаражатқа қажетті техника сатып алдық. Осы жұмыстардың арқасында облыс бойынша биыл 5680 гектар қант қызылшасын өсіріп отырмыз. Оның ішінде 600 гектары тамшылатып, 200 гектары жаңбырлатып суару технологиясымен жабдықталған. Жуырда арнайы мамандармен бірлесіп өнім көлеміне болжам жұмыстарын жүргіздік. Болжам жаман емес, бұйыртса, биыл 125-130 мың тонна тәтті түбір жинаймыз деп отырмыз, – деді қызылша алқабы басында ой бөліскен облыс әкімдігі ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов. Семинарға қатысушылар елді мекендерді көгалдандыру арқылы «Жасыл белдеу» жоспарын орындау мақсатында 2016 жылы «Алматы–Ташкент» тасжолы бойындағы 20 гектарға орналастырылған көпжылдық екпелер алқабына барды. Өңір басшысына «Үміт» ШҚ-ның негізінде 50 гектар пияз дақылын тамшылатып суару технологиясымен өсіру инвестициялық жобасы таныстырылып, диқандарға оның тиімділігі мәлімделді. Одан соң қатысушылар «Аспан Агро» ШҚ егінжайында заманауи ауыл шаруашылық техникасының және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралады. Жуалы ауданының Қарасаз ауылы маңындағы «Жайық» шаруа қожалығына барған семинарға қатысушылар ондағы 80 гектарға егілген дәнді дақылдар алқабымен танысты. Алқап басында егін орағы жүріп жатқанын баяндаған қожалық жетекшісі Сейіт Жайықбаев түсім көлемі гектарына 20-30 центнерден айналып жатқанын айтты. Бұдан әрі семинарға қатысушылар Жуалы ауданы, Нұрлыкент ауылының жанында орналасқан «Гамбург» ЖШС-ның жаңбырлатып суару технологиясын қолдана отырып өсірілген сүрлемдік жүгері алқабында болды. Сондай-ақ, оларға ауыл шаруашылығы техникаларының және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмелері көрсетілді. Облыстық семинар барысы егіс алқабы басындағы қорытынды жиынмен түйінделді. «I-Biday» ЖШС-ның директоры К. Сұлтанбеков «Cropio» бақылау жүйесін енгізу және дамыту туралы, «Каз-ELKO» компаниясының коммерциялық директоры Бейсенбай Данияр майлы дақылдарды, соның ішінде қытай бұршағын дамыту туралы әңгімелеп берді. Бұдан соң қорытынды сөз кезегін алған облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы облыстың ауыл шаруашылығы туралы және аталмыш шараның мәні мен маңызы туралы кеңінен баяндады. – Үстіміздегі жылы көктемгі ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар аса қатерлі өсімдік аурулары мен зиянкестерінің таралуына, шаруалардың айналымдық қаржы ретінде пайдаланып жүрген гектарға төленетін субсидияның белгілі себептерге сәйкес кешігуіне қарамастан, көктемгі дала жұмыстары ұйымшылдықпен жүргізіліп, облыс бойынша егістік көлемі межеленген 593,4 мың гектарды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға артқан. Қазіргі кезде диқандар бітік шыққан астықты орып бастырып, мал азығындық қор дайындау үстінде. Алдын ала жиналған болжамдық есептеулер бойынша масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан 23 центнерден өнім күтілуде. Егер астық жинау науқанын дұрыс ұйымдастырсақ, облыста егемендік алғаннан бері қол жеткізбеген өнім алу мүмкіндігі бар. 1991 жылдан бері тек 2010 жылы масақты дақылдардың ең жоғары өнімі гектарға шаққанда 22,3 центнерді құраған болатын. Биылғы түсіммен мал азығының да екі жылға қажетті көлемін дайындап алуға болады. Тек аудан әкімдері осы жұмыстарды тиімді ұйымдастырулары тиіс. Сонымен қатар, семинар барысында егіліп жатқан үдемелі бақтардың жұмысымен, олар пайдаланып жатқан озық технологиялармен және жеміс бақтарын зиянды организмдерден кешенді қорғау жолдарымен де таныстыңыздар. Жеміс бақтарының бүгінгі күні жоғары рентабельді, өнімдері сұранысқа ие, болашағы зор сала екені белгілі. Оның үстіне, елімізде жеміс өсіруге тек оңтүстік өңірлер қолайлы екендігін тиімді пайдалана білуіміз қажет, – деген облыс басшысы тек алма бақтарымен ғана шектелмей, өңірімізде дәстүрлі түрде өсірілген жүзім алқаптарын да қайта қалпына келтіріп, оны тереңдетіп қайта өңдеуді ұйымдастыру керектігін де тілге тиек етті. Кәрім Нәсбекұлы өз сөзінде «Мал шаруашылығында жоғары өнім алу үшін құнарлы да сапалы мал азығы базасын жасау – кезек күттірмейтін шаруа» деп, осы мәселені кешенді түрде жоспарлап, жүзеге асырып жатқан «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктесігінің жобасын озық үлгі ретінде ұсынды. – Біздің өңірде су ресурстары шектеулі әрі тапшы екендігі белгілі. Осы мәселені шешу жолдарының бірі су үнемдеу технологияларын енгізу болып табылады. Облысымызда су үнемдеу технологиялары 11 мың гектар алқапқа орналастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9 мың гектарға артып отыр. Бүгін сіздер су үнемдеу технологияларын енгізу, бұл шараларға озық үлгідегі жаңа техникалар мен құрал-жабдықтарды пайдалану тәсілдерімен таныстыңыздар. Осындай озық технологияларды барлық аудандарда кеңінен енгізу – бүгінгі күннің талабы. Осы тұрғыдағы алдымызға қойған жұмыстарды тиімді атқаратын болсақ, біздің 2020 жылға дейін егіншілік шаруашылығының жалпы түсімін екі есеге арттыруға мүмкіндігіміз болады. Сондықтан облыстағы осы салаларға жауапты барлық мемлекеттік органдардың басшыларына, аудан әкімдеріне осы бағытта арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді өңір басшысы. Семинарға қатысушы диқандар жиын барысында өздеріне қажетті көп жаңалықтармен танысып, көкейлеріне келелі жоспар түйіп тарқасты.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Жуалы, Жамбыл аудандары.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді