«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құқық бұзу азая түсті

Құқық бұзу азая түсті
ашық дереккөз
Құқық бұзу азая түсті

Бүгінде облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, зерделеп, оларды жоюға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруда. Жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осыны мәлімдеді. Жаңа құрылымның құрамы мен міндеттеріне тоқталған Бақытжан Халилұлы жергілікті полиция қызметінің қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылғанын жеткізді. 

– Криминогендік жағдайды тұрақтандыруға «Құқықтық тәртіп», «Шартты», «Есеп», «Жасөспірім», «Отбасы және мектеп», «Қауіпсіз жол», «Автобус» атты жедел профилактикалық іс-шаралар және де облыс орталықтары мен аудандарда локальді іс-шараларды жүргізуі оң әсерін берді. Соның нәтижесінде облыста жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар 9,3 пайызға кеміді. Бұған қоғамда кез-келген ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру ықпал етті деуге болады. Біз ең ұсақ құқық бұзушылықтар мен бұзақылықтарға келіспеушілік танытуымыз керек. Себебі бұл қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзады. «Мүлдем төзбеушілік» бойынша біз 68 935 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтадық. 605 миллион теңгеден артық айыппұл салынды. Сондай-ақ жасөспірімдер қылмысы да назардан тыс қалған жоқ. Аталған кезеңде прокуратура, білім беру басқармасы, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия және басқа да мүдделі үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, 2038 бірлескен рейд өткіздік. Оның 1723-і – мектептегі рейдтік іс-шаралар, – деді Бақытжан Бейсеев. Жергілікті полиция қызметінің басшысы жолдағы қауіпсіздік деңгейі түрлі факторларға байланысты анықталатынын айтты. Қауіпсіздік жағдайын айқындайтын негізгі фактор жүргізушілердің жеке тәртібі екенін тілге тиек етті. Полиция полковнигінің айтуынша, жол бойындағы бейнекамералар қылмыстарды ашуға, соның ішінде жол-көлік оқиғалары орын алған кезде көп көмек көрсетеді екен. Мәліметке сүйенсек, есепті кезеңде бейнекамералардың көмегімен 57 қылмыс ашылған. Оның 3-еуі – тонау, 2-еуі – қарақшылық шабуыл, 19-ы – бұзақылық, 7-еуі – ұрлық, 5-еуі – көлікті ұрлап айдап әкету қылмыстары. Нәтижесінде барлығы 9058 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 6746-ы жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін. Жалпы 19 миллион теңге айыппұл салынған. – Біз бейнебақылау камераларының санын ұлғайту мәселесін қарастырып жатырмыз. Қазіргі уақытта «Қауіпсіз қала» атты тиісті бағдарлама әзірленуде. Оны облыс әкімдігі толығымен қолдап отыр, – деді жергілікті полиция қызметінің басшысы. Сөзінің соңында жергілікті полиция қызметіне жүктелген негізгі міндеттерді орындауға бар күшін салатынына сендірген Бақытжан Халилұлы тілшілердің қойған сауалдарына жауап берді.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар