Меркідегі аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікованың 70 жас мерейтойына орай «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» атты шығармашылық кеші өтті. Кешке өнерсүйер қауым көптеп қатысты. Шынтуайтында, Шырын Мамасерікова Меркінің, болмаса Жамбыл жерінің ғана ақын қызы емес. Ол барша қазақ оқырманының аяулы ақыны. Оның нәзік те сырлы сезімге толы шырындай өлеңдері оқырманын шынайылығымен баурап алады.
Қаршадайынан сөз құдіретін түсініп, қазақтың қара өлеңіне қанат бітіріп келе жатқан Шырын ақын өлеңді 13 жасынан бастап жаза бастапты. Тырнақалды туындысы 14 жасында «Еңбек туы» газетінде жарияланған. Міне, содан бері ақ қағаз бен қаламды жанына серік етіп келеді. Ақынның «Нәзік нақыш», «Назерке», «Жыл құстары», «Асылдың сынықтары» сынды бірнеше кітаптары жарық көргенінен көзі қарақты оқырмандар хабардар болар. Шығармаларының дені туған елдің тұмадай таза, мөлдір табиғатын суреттейтін лирикалық өлеңдер. Шоқтығы биік туындыларының қатарында адалдыққа, махаббатқа негізделген және Тәуелсіздік тақырыбына арналған көптеген толғаулары да бар. Ақын кешінде сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік, жазушы, облыстық «Ақ жол» газетінің директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, жазушы Мақұлбек Рысдәулет, ақын Үміт Битенова, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев Шырын ақынның шырындай жырлары жайында сыр шертті. Аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков ақынға тебірене сөз арнап, аудан тұрғындары атынан сый-сияпат табыс етті. Шырын Мамасерікова – дарынды ақын, бақытты ана, адал жар, аяулы әже. Оған қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Кеш барысында да ел-жұрты талантқа құрмет көрсетіп, ізбасар жастар жалындаған ақын жырларынан шашу шашты. Отты жыр, өзгеше өлең өрнегі өрілген әдеби кеш көпшіліктің ақын қызына арнаған ізгі тілегімен жалғасты.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді