«Қазақстан» шоколады және басқалар

«Қазақстан» шоколады және басқалар
ашық дереккөз
«Қазақстан» шоколады және басқалар

Ел байтағы – Астана қаласын бір көріп қайтуға үлкен де, кіші де құмар. Белгілі жазушы Б. Соқпақбаев кейіпкерлерінің бірі – оқушы баланың «Барлық жолдар Мәскеуге алып барады екен» деп ой түйетіні секілді, бүгінгі бас қаламызға бастайтын жолдар көп бізде де. Әсіресе, бүлдіршін жастағы балалардың Астана тұрғысындағы ұғым-түсініктері қандай пәк, мөлдір десеңізші! 

Немерем Айзере де өзі өңі түгілі, түсінде көрмеген Астана қаласын төл айшық, нышандары арқылы тап басып «таниды». Оның жасы әлі төртке де толған жоқ. Қала орталығындағы балабақшаға барып жүр. Өзге бүлдіршіндер секілді оның да ең бір сүйікті «асы» – шоколад, баяғы. Оның өзінде шетелдік өнімнің біреуіне де мойын бұрмайды, қалайтыны тек «Қазақстан» шоколады ғана. Дәмділігінен бе, ересектердің денінің таңдауы осы отандық өнімімізге түсетінін де байқап жүрміз. Демек, немереміздің талғамы осал болмағаны. Айтайын дегеніміз бұл да емес. Айзереміз бір жолы «Астана» шоколадын тап та тап деп, үй ішіндегілерді түгел аяққа қойғаны бар емес пе? Оның кондитерлік өнімдерге қатысты әжептәуір «сауаттары» бар папасы мен мамасы да, мәмпәси жеп өскен ата-әжесі біз де үстел басына жиналып, «Астана» шоколадының дүниеде бар-жоғына бас қатырып, біраз уақытымызды ұттырдық. Үстел үстіне тәтті атаулы тау-төбе етіліп үйілді. Кенет... Айзереміз солардың ішінен біреуін суырып алып, жоғы табылғанына сықылықтай күліп, мәз болды да қалды. Сыртындағы жазуын оқып қарасақ, «Қазақстан» деп тұр. Оның «Астана» деп жүргені осы екен, сөйтсек. Сыртындағы «Бәйтерек» мұнарасына қарап, өзінше атап алғаны ғой. «Бәйтеректің» Астанада екенін тап басып, танып білгенінің өзі неге тұрады?! Шынында да... әлгі тәттінің атауын осылай деп өзгертсе де еш артығы жоқ-ау. Бүлдіршіндер де бірдеңені білетін сияқты... Айтпақшы, әжесі үшеуміздің биыл жаз айында Астанаға қыдырмақ ниетіміз барын білгелі бері Айзеренің қуанышы қойнына сыймай жүр. Неғылса да, «Астана» шоколадына бір тоятын болдым деп ойлайтын да сияқты...

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар