«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Су ресурстарын тиімді пайдалану – уақыт талабы

Су ресурстарын тиімді пайдалану – уақыт талабы
ашық дереккөз
Су ресурстарын тиімді пайдалану – уақыт талабы

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың Жастар сарайында «Су шаруашылығын ғылыми қамтамасыз ету – тұрақты даму факторы» атты ІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ресей және Орталық Азия мемлекеттерінің су шаруашылығы саласының жетекші ғалымдары мен мамандары бас қосқан жиынға облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қатысты.

Конференцияның пленарлық мәжілісін Тараздағы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Балғабаев ашып, жиынның мақсатына тоқталды. Бірнеше мемлекеттен келген ғалымдарды су ресурстарын тиімді пайдалану, суарудың инновациялық технологиясы, су шаруашылығының экономикасы мен экологиясы мәселелері бойынша пікір алмасуға шақырды. Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев бүгінгі басқосудың мақсаты ауыл шаруашылығын сумен қамсыздандыру және жайылымдарды суландыру бойынша ғылыми пікірлердің сарапқа салынуы, суды тиімді пайдалану мәселелерінің жан-жақты қозғалуы екеніне тоқталды. Сондай-ақ, ол облысымыздың ауыл шаруашылығы саласындағы қол жеткен жетістіктерге тоқталып, мал жайылымдарының құнарлылығын сақтау үшін жаңа технологияларды кеңінен қолдану кезек күттірмейтін іс екенін алға тартты. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі экономика институтының директоры Әзімхан Сатыбалдин, сала үздігі Анатолий Рябцев, ТарМУ-дың бірінші проректоры Асқар Абдуалы сөз сөйлеп, су шаруашылығын дамытудың экономикалық және ғылыми тұрғыдағы тиімділігін сөз етті. Конференцияның секциялық мәжілістері де қызу пікірталасқа толы болды. Мәселелер төрт секция бойынша талқыланды. Атап айтқанда гидротехникалық құрылымдардың қауіпсіздігі, суармалы жерлердің мелиорациялық және экологиялық жағдайы терең талқыланды. Бұл мәселелер бойынша ғалым А.Кеншімбаев, мелиоратор-ғалымдар өзбекстандық Берік Серікбаев, Беларусь мемлекетінің өкілі Михайл Калинин, қырғызстандық Виталий Шабловский бірқатар мәселелерге тоқталды. Конференцияда жасалған баяндамалар, айтылған ұсыныстар арнайы кітапша болып жарық көрмек. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасындағы халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясы, Гидротехникалық құрылымдардың қауіпсіздігі Халықаралық оқу орталығы, Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті айрықша атсалысты.

Е. Жаңабайұлы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар