ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ИЕСІ

ҒИБРАТТЫ  ҒҰМЫР ИЕСІ
ашық дереккөз
ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ИЕСІ

Әсілінде, әйел әдемілігі әлемді әрлеп тұрған сиқырлы сырдың бірі. Ал оның сыртқы сұлулығына ішкі жан-дүниесінің мол байлығы қосылса, ата-баба жеті қазынаға қосқан ақ жаулықтың тұлғасы шыға келеді. Бүгінгі қазақ қоғамында ондай асыл аналар жетерлік. Соның бірі – Жамбыл ауданына қарасты Шайқорық ауылында тұратын Рыскүл Нұрманова. 

Зейнет жасына шыққан Рыскүл апай ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұрпақтар сабақтастығын, атадан қалған асыл мұраны ұрпаққа жеткізу аманатын адал атқара білген жандардың қатарынан. Шаңырағына шаттық сыйлаумен қатар, қоғамдық ортада белсенді жанның еңбегі елеусіз де емес. Біз сөз еткелі отырған Рыскүл Қадырбекқызы қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Қадырбек мал дәрігері маманы болған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ал анасы Мейрамкүл жайлы «қарапайым, шебер аспаз, өте таза, көпшіл, сауыққой әрі әдемі дауысты әнші еді» деп еске алады Рыскүл апайдың өзі. Байзақ ауданында туып, мектепті Мойынқұм ауданында бітірген Рыскүл Қадырбекқызы Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтында физика-математика факультетінде білім алып, сонда танысқан Рамазан Еспаев есімді жігітпен жұптары жарасып, 1967 жылы шаңырақ көтереді. Оқуларын тәмамдаған екі жас жолдамамен жұмысқа Талас ауданының Ойық ауылына барады. Одан кейін түрлі жерде, түрлі салада жұмыс істеуге дәм-тұз тартқан екен. Осы күнге дейін тұрақтап отырған құтты мекен Жамбыл ауданының Шайқорық ауылы болды. Осында мектепте мұғалім болды. 1980 жылы отағасы Рамазан дүниеден өтіп, 5 баланы өсіріп, жетілдіру бір өзінің мойнына түседі. Қайсар келіншек жұмыс пен үй шаруасын қатар алып жүруге әбден қауқарлы еді. Аталған ауылдағы балабақшада, кешкі мектепте меңгеруші болды. Жалпы, білім саласына сіңірген мол еңбегі бағаланып, облыстық білім беру жүйесінде атқарған қалтқысыз шығармашылық еңбегі және жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде жеткен жоғары жетістіктері үшін арнайы Мақтау қағазымен, «Қазақстан Республикасының білім озаты» төсбелгісімен марапатталады. «Сегіз қырлы, бір сырлы» Рыскүл Қадырбекқызының ісмерлігі бір төбе. Жыл сайын аудан орталығында өткізілетін шеберлер көрмесіне қатысып, түрлі марапатқа ие болған. Ал өзінің шеберлігін: «Енем Айсан Шәренқызы өте ісмер адам болатын. Алаша, киіз үйдің жабдықтарын, басқұр, желбау сияқты дүниелерді тоқитын. Өз қолымен киіз басып, жіп иіріп, сырмақ тігетін. Неше түрлі құрақ құрап, оюлап көрпе-көрпешелер жасайтын. Менің ісмерлігім сол кісіден берілсе керек» деп айтады. Жастайынан еңбекке ширақ араласып, өнер мен білім жинаудан танбаған ол 2002 жылы ауданда өткен «Әжелер сынының» бас жүлдесін иеленген. Сол жылы Шайқорық ауылының әкімі болған Полаткүл Берікованың қолдауымен «Ақ әжелер» ансамблін құрады. Бүгінде де белсенді әнші әжелер түрлі мерекелік шаралардың бел ортасында жүргені. Ауыл өнерінің өркендеуінде аянбай еңбектеніп жүрген ол 2011 жылы облыс әкімінің арнайы қабылдауында болып, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталады. 2000 жылдан бері Жамбыл ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы сынды қоғамдық жұмысты белсенділікпен атқарып жүрген Рыскүл Қадырбекқызын ауыл-аймағы түгел қадір тұтады. Ұлы мен төрт қызын өсіріп, жетілдіріп, бүгінде олардан 15 немере мен 4 шөбере көріп отырған апай әлі де тың. Ауылдың мәдениетін көтеруге, абаттандыруға, жас ұрпақты тәрбиелеп, оларға қолөнер бұйымдарын жасауды үйретуге, отбасы құндылықтарын құрметтеуге атсалысып келеді.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Шайқорық ауылы, Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар