Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы

Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы
ашық дереккөз
Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы

Математиканың көп адам түсіне бермейтін, логиканы, ой жүйріктігін, тапқырлықты, білімділікті қажет ететін күрделі пән екені белгілі. Ұлттық бірыңғай тестілеуге математика пәнінің енгізілуі оқушылардың есеп шығару арқылы жылдамдығына, есте сақтау қабілетінің жақсаруына, миының жақсы жұмыс істеуіне, ой логикасының кеңеюіне, басқа да ҰБТ пәндеріне дайындалуына өз септігін тигізеді. Оқушылар 11 жыл бойы көбінесе осы пән сабақтарында есеп шығарудан мезі болып жүреді, ал математиктер ше? Олар мектеп қабырғасынан бастап осы пәнді таңдап, зейнеткерлікке шыққанша шәкірттеріне өз білгенімді үйретсем, білімді етіп шығарсам деп осынау салаға өмірін арнайды. Осы орайда жас шәкірттер тәрбиелеп, оларды есепке баулып жүрген Жаңатас қаласындағы М.Әуезов мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі, жуырда ғана Алматы қаласындағы «Кембридж-Өрлеу» білім орталығында өзінің білім деңгейі жоғары екенін көрсетіп, арнайы сертификат алған Зәуре Есенбаеваны неге мақтанышпен айтпасқа! – Математика ғылым салаларының барлығымен де тығыз байланысты, біз оны күнделікті өмірімізде жиі қолданамыз. Білімді, алғыр шәкірттердің талайы алдымнан өтті. Әр баланың сабаққа деген үлгерімі әрқалай, оларға соған сәйкес топтап тапсырмалар беріп, есептерді біртіндеп күрделендіру керек. Бірден қиын есеп беріп оқушының ынтасын жоғалтып алмау жөн. Оқушылардың есеп шығаруына қарап та, мінездерін танып-білуге болады. Математиканы таңдағаныма еш өкінбеймін, керісінше өмірде болып жатқан жағымсыз ойлардан математикалық есептер шығару арқылы біржола арылып, біршама жеңілдеп те қалатыным бар, – дейді ұстаздың өзі. Ол 36 жылдық еңбек өтіліне де ие. Жалпы, жалақысын көтермейінше, ұстаздардың қоғамымыздағы орны биіктей қоймайтыны анық. Сондықтан Елбасы биылғы жылдан бастап мұғалімдердің жалақысын 29 пайыз көбейтіп, оларға барынша жағдай жасап жатыр. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Шәкірттің білімділігіне көз жеткізген адам ұстазың кім еді деп сұрап жататыны жайдан-жай емес. Ұстазы білімдінің шәкірті озат болады. Білімді де білікті ұстаздар қатары көбейе бергей!

Айнұр СМАҒҰЛОВА, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті.

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар