Журналистер одағының ілтипаты

Журналистер одағының ілтипаты
ашық дереккөз
Журналистер одағының ілтипаты

«Қазақстан Журналистер одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының ұсынымы бойынша өңіріміздегі баспасөз саласының ардагері Светлана Манько «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісімен марапатталды. Игілікті еңбектің ерте ме, кеш пе – әрқашан елеуіз қалмайтыны секілді, бұл марапат ардагер журналистің талай жылғы бейнеті мол еңбегіне берілген баға десек, қателеспейміз. 

Светлана Манько сонау зұлматты соғыс жылдары өмірге келіп, сол жылдардағы балалар секілді еңбекке ерте араласады. Қыз бала болса да үлкендердің қасында жүріп ащы тердің тәтті дәмін сезіп, шыңдалып, талапшыл болып бойжетеді. Содан да шығар, ол өзінің алғашқы еңбек жолын студент кезінде-ақ бастап үлгерген екен. Көрші өзбек еліндегі Әндіжан қаласындағы пединституттың филология мамандығында оқып жүріп, «Андижанская правда» газетінде корректор болып қызмет етеді. Жас болса да талантымен көзге түскен ол алғашқы тырнақалды мақалаларын осы газетте жүріп жаза бастайды. Кейіннен бірнеше жыл ұстаздық жолға бет бұрған ол көп ұзамай баспасөз саласына қайта оралады. Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің орыс бөлімінде елеулі еңбек етеді. Үнемі тың тақырыптарға қалам тартып, оқырманына терең ой сала білген Света облыстық «Знамя труда» газетінде ұзақ жылдар бойы жемісті жылдарын өткізеді. Бүгінде зейнеткер Светлана Васильевна – өзінің қырық жыл өмірін баспасөз саласына арнаған еңбекқор жан. Аталмыш төсбелгіні тапсырған «Қазақстан Журналистер одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Көсемәлі Сәттібайұлы марапат иесінің облыс журналистикасындағы өзінің айшықты орны барын, кейінгі жастарға үлгі боларлық білікті маман иесі болғанын айтуы да соның айғағы. Мерекеге орай филиал жетекшісі Қазақстан Журналистер одағының дипломымен бірқатар журналистерді марапаттап, мерейін асырды. Аталмыш дипломмен марапатталған облыстық «Арай» газетінің жауапты хатшысы Шолпан Бөгенбаева, облыстық «Знамя труда» газетінің бөлім редакторы Елена Ефимова, қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің тілшісі Нұржан Қадірәлі өз кезегінде мерекелік ізгі лебіздерімен бөлісті.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар