құлан өңірінің диқандары бітік шыққан егінге ерекше қуанышты
Биылғыдай табиғат-ана мейірімін төгіп, молшылыққа бөлеп тұрған кезде Құлан өңірінің төскейі төрт түлік малға, етегі егінге толды. Облысымыз бойынша мал басының 20 пайызы, егістік алқабының 30 пайызы осы ауданның иелігінде. Күні кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ауданға жұмыс сапары құландық диқандардың биылғы астық ору науқанымен тұспа-тұс келді.
Ауданда биыл 31 мың гектар алқапқа күздік бидай егілген. Оның дені «Луговой жылқы зауыты» мен «Ақтоған» шаруа қожалықтарына тиесілі. Айталық, биыл «Луговой жылқы зауыты» 10200, «Ақтоған» 6000 гектар жерге егін еккен болатын. Әбжаппар және Көгершін ауылдарындағы олардың бітік шыққан егістік алқаптары көрген көзді сүйсінтіп, жайқалып-ақ тұр. Егінге орақ түсті. Гектарына 40 центнерден өнім береді деп күтіліп отырғанын айтқан диқандар астықты ысырапсыз жинап алуға кірісіп кетті. Алқаптарда қаздай тізілген су жаңа шетелдік комбайндар ел ризығы – алтын дәнді ысырапсыз жинап жатыр. «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егістіктің әр гектарынан орташа 35 центнерден өнім алуда. Алдағы уақытта бұдан да бітік өскен астықтың алқаптарынан алынатын өнім деңгейі гектарына 40, тіпті, 50 центнерден болады деп күтілуде. – Біз ерте көктемде агротехникалық шараларды сақтай отырып топыраққа қолайлы мерзімде жоғары сапалы тұқым түсірген едік. Енді соның жемісін көріп отырмыз. Диқандардың көңіл күйі жоғары. Қазір алқапта биыл ғана сатып алынған 13 «Джон-дир» комбайнының әрқайсысы күніне 70 гектар жердің астығын орып, бастыруда. Мұнда бір тәулікте 800 гектардың астығы жиналуда. Ысырап, тіпті, жоқ деуге болады. Жиналған астықты бірден Малдыбайдағы дән сақтау қоймасына жөнелтудеміз. Науқанға қатысушыларға жан-жақты мәдени-тұрмыстық жағдай жасалынған. Мәселен, орталықтандырылған дала қосы жұмыс істейді. Ол жердегі асханадан ыстық тамақ, мұздатқышынан салқын сусындар үзілмейді, жуыну, демалыс орны талапқа сай жабдықталған. Бүгінгі таңда науқанға қатысушылар уақытпен санаспай еңбек етуде. Егістікте өрт қауіпсіздігі ережелері толық сақталған. Қос басында соқалы трактор күндіз-түні кезекшілік етеді, – дейді «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-ның директоры Халит Базаралиев. Олар осы қарқындарынан танбаса, он шақты күнде науқанды аяқтап, бір дәнді де шашпай-төкпей жинап алатындары анық. Бұл арада «Іріленгеннің іргесі сөгілмейді» деген ұлағатты сөз еске түседі. Бұған дейін әрқайсысы өз алдына еңбек етіп келген 47 ұсақ шаруа қожалығының жұмысы мардымсыз болғаннан кейін уақыт талабына сай өз үлестерін «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-на беріп, қанатының астына кірген еді. Серіктестік басшысы істің көзін таба білді. Диқандар егістік басына арнайы автобуспен тасымалданады. Аудан басшылары да егіс алқабына күн құрғатпай ат ізін салып, өздерінің тарапынан тиісінше көмек, қолдау көрсетуде екен. Ал 6000 гектар алқапқа егін еккен «Ақтоған» шаруа қожалығы да астық ору науқанын сәтті жүргізуде. Айналасы екі-үш күнде 650 гектар жердің астығын орып алыпты. Олардың да өнімі гектарына орташа есеппен 35 центнерді құрап отыр. «Не ексең – соны орасың» деген халқымыз. Биылғы жауын-шашынның мол түсуі мал бағып, егін еккен шаруаларға құт болып тұр.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Т.Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді