Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен облыс әкімі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Оған кеңес мүшелері, салалық басқарма басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Ерқанат Нұрбапаұлы облысымызда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жайында қысқаша айтып өтті. Кеңес отырысында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс тәжірибесі тыңдалды. – Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының негізгі бағыттарының бірі – үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүргізу. Облыста 80-ге жуық үкіметтік емес жастар ұйымы бар. Олардың 40-тан астамы белсенді жұмыс жүргізуде. Үкіметтік емес жастар ұйымдары мен басқарма арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өткен жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 36,6 миллион теңгеге 22 бағытта әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылды. Бұл жұмыстарды жүргізуге 22 үкіметтік емес ұйым тартылды. Олар жұмысшы жастардың беделін арттыру, волонтерлардың жұмысын жандандыру, жастар арасындағы қылмыстың, нашақорлықтың алдын алу, теріс діни ағымдардың ықпалына түсіп кетуден сақтандыру, этносаралық қарым-қатынасты дамыту, мемлекеттік жастар саясатын телевизиялық жобалар арқылы насихаттау, жастар арасында ұлттық дәстүр мен отбасы құндылықтарын насихаттау және тағы басқа түрлі тақырыптар аясында 500-ден аса қоғамдық-саяси маңызға ие іс-шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтары арасында түрлі патриоттық акциялар, спартакиадалар, «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Бабаның асыл мұрасы» атты облыстық дәстүрлі әндер байқауы, «Ұлттық дәстүр – сарқылмас қазына» атты қолөнершілер конкурсы, сондай-ақ, «Жайдарлы жастар» КВН лигасының ұйытқы болуымен республикалық, облыстық көңілді тапқырлар клубы лигасы, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Еңбек жастары – 2015» атты байқауы өткізілді. Сонымен қатар, облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі, Тараз қаласының әкімі және «Тараз достары» жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, өңіріміздегі жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған салааралық бірлескен іс-шаралар жоспарын бекіттік. Бекітілген жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың 13 ақпанында қоғамдық орындарда қалта ұрлығы қылмысының көбеюіне байланысты «Абайла! Қалта ұрлығы...» атты айлық акциясы аясында рейд ұйымдастырылды, – деді облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев. Жалпы, басқарма мен үкіметтік емес секторлар арасында байланыс дұрыс жолға қойылғаны байқалады. Дегенмен, шешімін табуды қажет ететін мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – үстіміздегі жылы басқармаға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бөлінетін қаржы көлемінің өткен жылмен салыстырғанда екі есе төмендеуі. Ал бұл жағдай қоғамдық бірлестіктердің жұмысын жандандыруға кері әсерін тигізетіні белгілі. Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова қаржы мәселесіне қатысты туындаған қиындықтарды шешудің басқа да тетіктерін табуға болатынын айтты. Соның бірі – үкіметтік емес ұйымдарды өзге де түрлі жобаларға қатыстыру. Кеңес отырысында Қордай, Талас, Меркі және Сарысу аудандары әкімдіктерінің үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс тәжірибелері туралы аудан әкімдерінің орынбасарларының есебі тыңдалды. Жиында үкіметтік емес ұйым жетекшілері өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Е.Манжуов жиынды қорытындылап, үкіметтік емес ұйымдарды таптаурын болған құрғақ форматтан арылып, жанды шаралар өткізуге шақырды.
Наурызбек бақытұлы журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді