Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысу мақсатында жұмыс сапарымен ауданда болды. Сапар барысында құландықтар ауданда атқарылған ауқымды тірліктерді жарқырата көрсетіп, кейбір көкейкесті мәселелерді де айтты. Облыс әкімі сапарын Әбжаппар ауылындағы медициналық пункттің жұмысымен танысудан бастады.
Пайдалануға берілгеніне көп уақыт бола қоймаған аталған медициналық пункт мұнтаздай таза, керекті құрал-жабдықпен жабдықталыпты. Мұндағы мәселе ауызсу болып тұр. Дегенмен, іргесінен салынып жатқан мектеп құрылысы аяқталса, мәселе оңынан шешімін таппақ. Осындағы 150 орындық Қызыл ту орта мектебінің құрылыс жұмысы аяқталуға таяу. Өткен жылдың сәуір айында қазығы қағылып, құрылысы басталған мектепті салуға 386 миллион теңге бөлініп, оны «Керуен-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске асыруда. Кәрім Нәсбекұлы мұндағы электр, газ және кәріз жүйелерінің жүргізілу барысын көріп, бөлінген қаржыны шашау шығармай, барлық талапқа сай жұмыс атқаруды тапсырды. Облыс басшысы келесі кезекте Новосель ауылдық округіндегі өткен оқу жылында пайдалануға берілген Подгорное орта мектебіне соғып, сынып бөлмелерін, асхананы, спорт залын аралап көрді. Құрылыс жұмысының сапалы жүргізілгеніне көңілі толған облыс әкіміне жергілікті тұрғындар атынан мектеп мұғалімі Светлана Прокофьева мен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есен Бекенов алғыстарын айтты.
Құландық диқаншылардың биылғы астық ору науқанын бастауы әкім сапарымен тұспа-тұс келді. Көгершін ауылдық округіндегі «Ақтоған» шаруа қожалығы мен «Луговой жылқы зауытының» Әбжаппар ауылындағы бітік шыққан егістік алқабы көрген көзді сүйсінтіп, жайқалып тұр. Өз кезегінде «Ақтоған» шаруа қожалығының қожайыны Саид Ақаев пен «Луговой жылқы зауытының» директоры Халит Базаралиев мұндай бітік шыққан егістіктің бұрын-соңды болмағанын таңданыспен жеткізді. Егінге орақ түсті. Гектарына 40-50 центнерден өнім береді деп күтіліп отырғанын айтқан диқандар астықты ысырапсыз жинап алуға кірісті. Егіншілердің тірліктеріне табыс, еңбектеріне береке тілеген облыс басшысы одан ары «Құлан мал дәрігері» шаруашылық құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына арнайы ат басын бұрды. Қарағандыдағы адам өмірін қиған сібір жарасы кеселі қазір қоғамды алаңдатып отырғаны белгілі. Бұл қауіпті кеселдің өңірімізге таралмауын, алдын алу шараларын жүргізуді тапсырған облыс басшысына «Құлан мал дәрігері» кәсіпорнының директоры, мал дәрігері Серік Дәлібаев жағдайдың бақылауда екендігін, алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.
Кәрім Нәсбекұлы сонымен қатар Абай ауылындағы «Сүйін» шаруа қожалығының үй іргесіндегі мал бордақылау кешенімен танысты. Шаруашылық қожайыны Әлихан Дәрменқұлов қазіргі таңда мал бордақылау кешенінде 60 бас жылқы, 40 бас бұқа, 100 қой бордақыланып жатқанын, қоңды мал Алматы және Тараз қалаларының базарларында сатылатынын айтты. Осы тірлікке ауылдың бес-он тұрғыны тартылып, жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі Әлихан мен оның бауырларының жасап жатқан тірліктеріне риза болып, мұндай істі өзгелерге үлгі ету керектігін айтты. Мұнан кейін облыс басшысы Каменка ауылындағы алдағы шілде айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отырған 140 орындық балабақшаның құрылыс жұмысының барысымен танысты. Бұйырса, бұл нысан пайдалануға берілген кезде жалғыз Каменка ауылының ғана емес, көршілес Жалпақсаз, Тасшолақ ауылының бүлдіршіндері де заманауи балабақшаға баратын болады. Облыс әкімі К.Көкірекбаев жұмыс сапарын аудан активімен болған жиында қорытындылады. – Жасалып жатқан тірлік, атқарылған шаруалармен бірсыпыра танысып шықтым. Жайқалған егістік алқабына қарап жүрек тебіренді. Бидайдың бітік шыққаны соншалық, дән толы алтын бастарын көтере алмай иіп тұрған көрінісі қандай ғанибет. Биыл жауын-шашын мол түскен, шаруаға жайлы жыл болды. Мұны тиімді пайдалануымыз керек. Кемі екі-үш жылдың мал азығы – жан азығын жинап алуға болады. Бірнеше нысанды аралап көрдік, ауданда атқарылып жатқан істер ауқымды, – деп атап өтті. Сонан соң облыс басшысы аудан активімен болатын жиын алдында жасы жетпісті алқымдаған ата-апаны әкімшілікте болатын жиынға кіргізбей, әкімшілік үйі кіреберісіндегі күзетшіге сыртқа күштеп шығаруға тапсырма берген аудан әкімінің аппарат басшысы Мұрат Өмірзақовтың мемлекеттік қызметшінің этикасына кереғар, оспадарлық мінезін сын тезіне алды. «Ертең біз де, сен де қартаясың. Сол кезде өзің секілді кеудесіне нан піскен бір басшы бастырмалап-итермелеп баса-көктесе қалай болады? Бәріміз халық үшін жұмыс жасап жатырмыз. Халықтың алдында жүзіміз жарқын. Аудан-ауылдарды неге аралап жүрміз? Ата-ана сыйлау, адамгершілік деген қайда?» – деп ренішін білдірді. Өз кезегінде жиынға қатысқан бірнеше басқарма басшылары өз салалары бойынша ауданда қолға алынып жатқан бастамалар мен шешілуі тиіс мәселелер бойынша сөз алды. Мәселен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова Жер реформасы мәселесі бойынша аудандық ақпараттық-насихаттық тобының жұмысы өте сылбыр жүріп жатқанын, ауыл әкімдерінің идеологиялық білігін арттыру қажетін, аудан әкімдігінің сайтын сынға алса, облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев бұл ауданның қызылша өсіруге құлық танытпай отырғанын ауыл шаруашылығы бойынша өзге де мәселелерді айта келіп, оған аудан әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары Манарбек Тілепов пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспеновтің бұл саланың мамандары еместігі басты себеп екенін тілге тиек етті. Жиынды қорытындылаған облыс басшысы айтылған ұсыныстар, көтерілген мәселелер мен кемшіліктердің хаттамаға толтырылып, жіті назарда болуын тапсырды.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Т.Рысқұлов ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді