- Advertisement -

Спорт та журналис тің де бар еншісі

84

- Advertisement -

Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің төл мерекесіне орай спорттың бес түрінен облыстық спартакиада ұйымдастырылды. «Жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» саналатын тілшілер қауымы додасының ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Сариев, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ақ жол» газетінің директор – Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз сөйлеп, бұқаралық спортты дамытуға ниеттенген журналистер жұртшылығына сәттілік, жеңіс тіледі.

IMG_023++5 IMG_004+0 13475038_1006875092695274_1637555703932277576_oШағын футбол, үстел теннисі, шахмат, қол күресі, арқан тарту секілді спорт түрлерін қамтыған аламанға жалпы саны 11 ұжым қатысты.
Тілшілердің намысын қамшылап, жігерін жаныған бәсеке облыстық «Ақ жол» және қалалық «Жамбыл –Тараз» газеті редакциялары арасындағы тартысты ойыннан бастау алды. Бұл ойында осы жолдардың авторы дубль жасаса, Марат Байболатов пен Думан Рысдәулетов бір-бір голдың авторы атанды. Нәтижесінде «ақжолдықтар» 4:0 есебімен жеңіске жетті. «Ақжолдықтар» келесі кезекте облыстық «Знамя труда» газетінің жігіттерін 3:1 есебімен тізе бүктірді. Осылай облыс баспасөзінің қара шаңырағы өз тобынан бірінші орынмен жартылай финалға шықты. Өңірлік коммуникация қызметінің командасы облыстық «Арай» жастар газетінің құрамасын 4:0 есебімен, «77» телеарнасының жігіттерін 1:0 есебімен ұтып, жартылай финалға кедергісіз өтті. Облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының құрамасы әуелі Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінің командасын 2:0 есебімен ұтқанымен, меншікті тілшілерден құралған «Жамбыл-пресс» командасына 1:0 есебімен жол беріп, жарыс жолынан шығып қалды. Екінші ойындарында «77» телеарнасы командасына 9:0 есебімен ұтылған «арайлықтарға» да бұл жолы сәттілік жолдас болмады.
Жартылай финалда «ақжолдықтар» 2:4 есебімен «77» телеарнасының жігіттеріне есе жіберсе, өңірлік коммуникация қызметінің командасы «Жамбыл-Престен» бір доп айырмасымен айласын асыра алды. Шешуші ойында өңірлік коммуникация қызметінің жігіттері «77» телеарнасының құрамасын 5:0 есебімен ойсырата ұтып, жеңімпаз атанды. Әсіресе Нұрболат Сатымқұл, Әлқуат Мамытқұл, Айбек Әжібаев жасындай жарқылдап, жақсы ойын өрнегін көрсетті. «Жамбыл-Пресс» құрамасы үшінші орыннан көрінді.
Ерлер арасында қол күресінен «77» телеарнасының операторы Серік Тәжібаев жеңімпаз атанса, «арайлық» Еркін Рашханов жүлделі екінші орыннан көрінді.
Қыздар арасында «ақжолдық» Шынар Иманалиева қол күрестіруден жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Рамазан айында ауыз бекітіп жүргеніне қарамастан, төрт әріптесін қатарынан ұтқан Шынардың жеңісі ерен болды.
Қыздар сынында шахматтан жуалылық «Жаңа өмір» газетінің тілшісі Биғайша Шералиева жеңімпаз атанды. «Ақжолдық» әріптесіміз Альмира Омарова жүлделі екінші орыннан көрінді.
Ұлдар сынында үстел теннисінен «77» телеарнасының өкілі Рахат Күзбергенов жеңіс тұғырынан көрінсе, «Астана» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Данияр Әлімқұл жүлделі екінші орынды иеленді. Талас аудандық «Талас тынысы» газетінің тілшісі Нарбол Қашағанұлы үшінші орынға табан тіреді.
Қыздар арасында үстел теннисінен бірінші орын Байзақ аудандық газетінің қызметкері Айдана Үсенәлиеваға бұйырса, «ақжолдық» Алуа Жақсымбет те ауыз бекітіп жүргеніне қарамастан жүлделі үшінші орынды иеленді.
Арқан тарту бәсекесінде «Ақ жол» газетінің қыз-жігіттері табандылық танытты. Сапында Думан Рысдәулетов, Фархат Мәдібеков, Әсем Өтепбергенова, Альмира Омарова және осы жолдардың авторы болғанын айта кетсек артық болмас. Олар әуелі «жамбылтараздықтарды», артынша «арайлықтарды» жарыс жолынан шығарды. Содан соң өңірлік коммуникация ұжымынан басым түсіп, финалда «77» телеарнасының құрамасынан жеңісті жұлып алды.
Командалық есепте «77» телеарнасының құрамасы жеңімпаз атанса, облыстық «Знамя труда» газетінің ұжымына екінші орын бұйырды. «Ақжолдықтарға» үшінші орын берілді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының диплом, медальдарымен және демеушілер ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Осылайша, журналистер арасындағы спартакиада өте тартысты өтті.

Табиғат Абаилдаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support