Меркі ауылындағы екі көше тұрғындары ауызсуға зәру

Меркі ауылындағы екі көше тұрғындары ауызсуға зәру
ашық дереккөз
Меркі ауылындағы екі көше тұрғындары ауызсуға зәру

Меркінің тау жағында 2007 жылдан бері шағын қалашық іспеттес аумақта көрген көз сүйсінерліктей қос қабатты зәулім коттедждер бой көтере бастаған болатын. «Меркі» шипажайына барар жолда қоныс тепкендіктен еліміздің түпкір-түпкірінен ағылған демалушылардың жергілікті тұрғындардың бақуатты тұратынын айтып, меркіліктердің салған үйлеріне бас шайқап, таңдай қағып тамсанғандарын талай көргенбіз. 

«Бақсақ, бақа екен» демекші, мұнда да мәселе аз емес екен. Үзiлмеген үмiттерiн үкiлеп, редакциямыздың Меркі-Құлан қосынына хабарласқан жергілікті жұртшылық алды он жылға жуық уақыттан бері суды тасып ішіп келе жатқандарын айтып, күте-күте амалдары таусылғандарын қынжыла жеткізді. Мәселенің мән-жайымен танысу мақсатында Алғабас және Шаңырақ көшелерінің тұрғындарымен тілдесіп қайттық. Жергілікті тұрғын Өсімжан Омаров: – Негізі 2007 жылы бұл аумаққа жер телімдері беріліп, үйлер салына бастағанда аудан әкімдігі халықты ауызсумен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырыспен артезиан ұңғымасын қазып, су тартатын мұнара орнатып, су құбырын жүргізген еді. Бірақ, бұл жұмысты «Бәйтерек» ЖШС өте сапасыз атқарды, құрылыс талаптарын сақтамады. Олай дейтін себебім – су құбырын топырақпен, өзге де жұмсақ материалдармен орап-қаптамай, орды қазылған құм-таспен қайта көміп кете барды. Кейіннен көшелермен ауыр автокөліктер жүрген кезде су құбыры әр жерден сынып, тесіліп, істен шықты. Осылайша, мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп, инфрақұрылымы жасалып, жекеменшік баспана салуға 50 жер телімі берілген бұл екі көшеде ауызсусыз қалды. Осы екі көшедегі 20 үйдің тұрғындары Со жылдан бері ауызсудың зардабын тартып келеді. Ал өзге жер телімдерінің иелері судың жоқтығынан әлі күнге тұрғын үйлерін сала алмай, жарым-жартылай соғылған үйдің иелері құрылыс жұмыстарын аяқтай алмай отыр. Енді, алдағы жылдары осы аумақта тағы да тұрғын үйлер бой көтермекші. Ауыл әкімдері жер телімдерін оңды-солды таратып жатыр. Аудан әкімдігіне қарасты «Таза су» коммуналдық кәсіпорны бұл су құбыры жүйесін «біздің теңгерімге алынбаған» деп, ешбір шара қолданбай отыр. Сонда мемлекет бюджетінен бөлінген қыруар қаржы желге ұшты ма? Осы шала біткен нысанды мемлекеттік комиссия қалай қабылдап алды? Комиссияға кімдер мүше болды? Артезиан ұңғымасы көшенің жоғары жағында, ал су жеткізу жүйесі төменде орналасқан. Екі аралық бір шақырымға жуық, оның мұнша жерге қалай күші жетеді? Осы мәселелерді зерделеп, жауаптыларға тиісті шара қолданып, жоғарыдағы басшылар ауызсу мәселесін оңды шешіп береді деп үміттенеміз, – дейді. Бұл жағдайдан аудан басшылары хабардар болар. Кімге қайырылып, нендей жауаптар алдыңыздар деген сұрағымызға көше тұрғыны Еркін Орынтаев былай дейді: – Мұны аудан әкімінің есебінде мәселе етіп көтергенбіз. Одан кейін осы салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымовқа мен, Өсімжан Омаров пен Ербол Әліпов үшеуміз кірдік. Кіргенімізді қайтейік, басымыз салбырап, ұнжырғамыз түсіп шықтық. «Ол жерде байлар ғана тұрады ғой. Өздеріңіз ортадан ақша шығарып қаздырып ала салмайсыздар ма? Мемлекет 20 үйге бола қайтадан артезиан қазбайды. Бюджетте ақша тапшы», – деп мысқылдап шығарып салды. Онсыз да өз қаржымызға газ тартқанбыз, көшемізге ортадан ақша шығарып, шағал тас төседік. Бәріміз бірдей бай-бақуатты емеспіз. Жолдың қарсы бетіндегі «Айя-Сервис» ЖШС-на алақан жайып, күнде су сұрап барамыз. «Кісідегінің кілті аспанда» деген, олар да бірде көл, бірде шөл. Ал аталған көше тұрғыны Уәлихан Мырзақұлов қария болса: – Өткенде бір жиналғанымызда қос көшенің тұрғындары телеарналар тілшілерін шақырайық, улап-шуласақ аудан әкімдігіндегілер назарын бұрар дегенді айтты. Митинг жасағаннан, көшеге алау-жалау ұстап шыққаннан «мүйіз» шыққанды көрсем, көзім шықсын. Сондықтан, облысымыздың бас басылымы, Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, өңіріміздің көзі, құлағы һәм тілі өзіміздің «Ақ жолымыз» арқылы үнімізді жоғарыға жеткізейік деп тоқтау салдым. Жанайқайымыз газет бетінде жарық көрсе, мәселеміз оңынан шешіліп қалар, бәлкім, – деп үміт артып отыр. Сонымен қатар, екі көшенің түгелге жуық тұрғыны қол қойып, ауызсу мәселесін шешіп беруді сұраған хатты қолымызға ұстатты. Иә, су – тіршілік көзі, өмір нәрі. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп тегін айтпаған. Мемлекет бюджетінен бөлінген қыруар қаржыға қазылған артезианнан тамшы су тамбағаны қалай? Қашанғы «іс бітті, қу кетті» болмақ? Бұл тұрғыда тұрғындардың талап-тілегіне тиісті басшылар жауап береді деген ойдамыз. ...Алғабас пен Шаңырақ көшесінің тұрғындарымен қоштасып, ылдилап аудан орталығына қарай аяңдап келемін. Өрге қарай «Меркі» шипажайына еліміздің түкпір-түкпірінен демалушылар ақырындап ілбіп басып келеді. Барлығы дерлік шағын аудан іспеттес Алғабас пен Шаңырақ көшесіндегі қаз-қатар бой көтерген қос қабатты зәулім коттедждерден көз алмай барады. «Байлар да жылайды» демекші, олар мына тұрғын үйлердің иелері тамшы суға зар болып, он жылдан бері су тасып ішіп жүргендерін қайдан білсін?!.

Нұрболат Әлдибеков,  «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар