Техникалық регламенттер жобалары талқыланды

Техникалық регламенттер жобалары талқыланды
ашық дереккөз
Техникалық регламенттер жобалары талқыланды

Еуразиялық экономикалық одақты құру мен қалыптастырудың қажетті шарттарының бірі оның техникалық регламенттерін реттеп, бір ізге түсіру, жалпы қолданысқа енгізу болып табылады. Облыс әкімдігінде Техникалық реттеу және метрология комитеті облыстық департаменті мен «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» Жамбыл филиалы бірлесе өткізген кезекті өңірлік штаб отырысы осы тұрғыда ұсынылған регламенттер жобаларын талқылауға арналды. Оған штаб мүшелері, облыс әкімдігінің басқармалары мен департаменттердің өкілдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары қатысты.

Жиын барысында Еуразиялық экономикалық одақтың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғауға, азаматтық қорғанысқа арналған өнімдердің, тасымалдау немесе пайдалану үшін дайындалған табиғи газ-отынның қауіпсіздігі, тыңайтқыштарға, сондай-ақ сұйық және газ тектес көмірсутегілерін тасымалдауда магистральді құбыр желілеріне қойылатын талаптар туралы техникалық регламенттерінің жобалары таныстырылып, талқылуға ұсынылды. Техникалық реттеу және метрология комитеті облыстық департаментінің басшысы, өңірлік штаб төрағасының орынбасары Мейірхан Сатыбалдин ұсынылып отырған жобалар экономикалық одақ аумағында айналымға шығарылатын немесе айналымдағы өндірістік және коммуналдық маңызға ие, сұйытылған, табиғи газ отынын қолдану және орындау үшін бірыңғай міндетті талапты белгілейтінін атап өтті. Бұдан кейін облыстық ТЖ департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Е.Мершиев, «Қазфосфат Минералды тыңайтқыш» ЖШС-ның Тараз филиалы техникалық бөлімінің басшысы Ю. Фролова, «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» Жамбыл филиалының директоры А. Мыңбаев ЕЭО техникалық регламенттерінің бірқатар жобаларына шолу жасап, өзекті мәселелерін тілге тиек етті. Қызу пікір алмасу кезінде өңірлік штабтың басқа да мүшелері техникалық регламент жобаларына байланысты өздерінің ұсыныстары мен ескертпелерін ортаға салды. Штаб отырысын қорытындылаған М. Сатыбалдин күн тәртібіндегі мәселенің айрықша өзекті екенін еске салып өтті. Оның айтуынша, ұсынылған жобаларды жан-жақты талқылаудан өткізіп, толыққанды құжатқа айналдыруға әлі де уақыт бар. Бұл тұрғыда жинақталған пікір, ұсыныстар тиісті тараптар назарына ұсынылатын болады.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар