Қазір дүниежүзілік дағдарыстың салдарынан қолайсыз экономикалық ахуал қалыптасқаны белгілі. Ал оның салдары өңірлерде бюджет кірістерінің кемуіне әсер етіп отыр. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Асқар Қырықбаевтың айтуынша, былтыр облыс бюджетінің кірістері 2014 жылмен салыстығанда 5 миллиард 940,7 миллион теңгеге кеміген. Себебі, республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер азайған. Жалпы кірістердің 10,4 пайызын меншікті кірістер, 0,1 пайызын аудандар мен Тараз қаласынан түсетін трансферттер, 89,6 пайызын республикалық бюджеттен түсетін трансферттер мен субвенциялар құраған. Бұл мәселелер өткен жылғы өңір бюджетінің жай-күйі қаралған облыстық мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссиясының отырысында сөз болды.
Жиынды жүргізген облыстық мәслихаттың депутаты Бақтияр Алдашов тұрақты комиссиялардың отырыстары қажеттiлiгiне қарай шақырылатынын және егер отырысқа олардың құрамына кiретiн депутаттардың жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды болып есептелетінін түсіндірді. Комиссия отырысында қазына қаржысының қалай игерілгенін облыстық қаржы, экономика және бюджетті жоспарлау және білім басқармаларының басшылары баяндап берді. Облыстық қаржы басқармасының басшысының айтуынша, өткен жылы өңір бюджеттің меншікті кірістері 18 миллиард 160,3 миллион теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға, 2013 жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға артқан. Есепті жылда облыстық бюджетке 157 миллиард 184,8 миллион теңге трансферттер түскен. – Бюджеттік кредиттерді өтеу бойынша жасалған келісімдерге сәйкес 640,8 миллион теңге толығымен бюджетке қайтарылды, жоспар 100 пайызға орындалды. Есепті жылда республикалық бюджеттен 3 миллиард 367,8 миллион теңге сомасында кредиттер түсті. Оның 722,6 миллион теңгесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» шеңберінде ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу үшін бюджеттік кредиттер беру, 1095,1 миллион теңгесі жылу, сумен жабдықтау және су беру жүйелерін реконструкциялау және құрылыс үшін кредит беру, 945,5 миллион теңгесі тұрғын үй жобалауға және салуға кредит беру, 484,6 миллион теңгесі әлеуметтік саласының мамандарын әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға берілетін бюджеттік кредиттер беру, 120,0 миллион теңгесі моноқалалардағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге кредит беру мақсатында бөлінді. Жоспар бойынша былтыр облыстық бюджеттің шығындары 174 миллиард 578,0 миллион теңгені құрауы тиіс болса, іс жүзінде қазына қаржысының 174 милиард 407,6 миллион теңгегесі немесе 99,9 пайызы игерілді (игерілмегені – 170,5 миллион теңге). Ал шығындар 2014 жылмен салыстырғанда 6 миллиард 709,3 миллион теңгеге кеміген. 2015 жылы бюджеттік қаражаттарды игеру бойынша 18 бюджеттік бағдарлама әкімшілері 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізді. Өткен жылға арналған облыстық бюджет шығындарының 13,5 пайызы (23 миллиард 589,7 миллион теңге) білім беруге, 23,4 пайызы (40 миллиард 766,8 миллион теңге) денсаулық сақтауға, 2,6 пайызы (4 миллиард 472,2 миллион теңге) әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға, 6,1 пайызы (10 миллиард 677,7 миллион теңге) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, 5,3 пайызы (9 миллиард 188,4 миллион теңге) мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке және 49,1 пайызы (85 миллиард 712,7 миллион теңге) басқа салаларға бағытталған, – дейді Асқар Санатұлы. Қазына қаржысының ұтымды игерілуі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне тікелей әсер ететіні белгілі. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Нүрипа Нұржігітованың сөзіне сүйенсек, былтыр 2011-2015 жылдарға арналған өңірді дамыту бағдарламасында белгіленген 10 индикатор мен 5 тікелей нәтиже көрсеткіштерінің жоспарлы мәндеріне қол жеткізілмеген. Жалпы, Ұлттық экономика министрлігі және жергілікті атқарушы органдар үшін әзірленген базалық көрсеткіштер тізбесінде 40 нысаналы индикатор және 71 тікелей нәтиже көрсеткіштері көрсетілген екен. Бағдарлама 8 бағыттан тұрады. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары, әр саланың даму мақсаты, нысаналы индикаторлары және оларға қол жеткізу жолдары анықталған. Облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова өңірді дамыту бағдарламасының білім саласы бойынша көзделген нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізуде мақсатты жұмыстар атқарылғанын айтады. Соңғы 4 жылда білім саласының бюджеті 1,4 есеге ұлғайып, өткен жылы бөлінген 15821,9 миллион теңге 100 пайыз игеріліпті. – «Әлеуметтік саланы дамыту және халықтың өмір сүру сапасының деңгейін арттыру, тұрақтылықты және қауіпсіздікті қамтамасыз ету» бағыты бойынша «Білім берудің қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету, балалардың құқығын және заңды мүдделерін қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру» мақсатына қол жеткізу үшін көзделген 6 индикатордың 5-еуі, ал 7 көрсеткіштің барлығы орындалды. Орындалмағаны – апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің үлесін азайту талабы. Апатты жағдайдағы, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар, ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан мектептердің мәселесін шешу білім саласының ең негізгі міндеттерінің бірі десек, соңғы 15 жылда облыс көлемінде құрылыс есебінен 71 мектеп пайдалануға беріліп, апатты жағдайдағы 46 мектептің, үш ауысымды 8 мектептің, оқушы орны тапшылығы бар 10 мектеп пен ыңғайластырылған ғимаратқа орналасқан 7 мектептің мәселесі кезең-кезеңімен өз шешімін тапты. Оның 38-і республикалық, 29-ы жергілікті бюджет есебінен және 4-і демеушілер есебінен соғылды. Соңғы 3 жылдың ішінде 21 мектептің құрылысы жүргізіліп, 18 апатты, 1 үш ауысымды және 2 орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі шешілді, – дейді Сұлушаш Сәтбекқызы. Бірлескен тұрақты комиссияның отырысында күн тәртібіне қойылған мәселелер толық қаралды. Көтерілген мәселелер бойынша шешімдер облыстық мәслихат сессиясында қабылданады.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді