Жаз айлары – балалардың сабақтан босап, бар ынта-көңілдері далаға ауатын шақ. Дәл осы демалыс маусымында ойынға беріліп, шат-шадыман болып жүрген балалар аяқ астынан жарақат алып жататыны жасырын емес. Әсіресе, кішкентай балалардың терезеден құлап кетуі жиілеп кетті. Биіктен құлау жарақаты әлемде байқаусыз жарақаттың және оқыс оқиғаның салдарынан орын алатын өлім-жітімнің маңызды себептері бойынша екінші орында тұр екен. Осы мәселемен күресіп мыңдаған баланың өмірін сақтап қалу – басты мақсат. Заманауи терезелер талаптарға сай орнатылмайды, сондықтан баланың терезені өзі ашып алуына кедергі келтіру үшін терезеге арнайы тетіктер қою қажет деп ойлаймын. 3 жастан 6 жасқа дейін кішкентай балалар өте белсенді болып келеді. Осы ретте айта кету керек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша ересектердің шамамен 67-70 пайызы жүрек-қан тамырлар ауруларынан өлімге душар болса, балалардың 60 пайызға жуығы бас сүйек-ми жарақатынан мерт болады екен. Иә, бейқам ата-аналардың қарапайым тұрмыстық сақтық ережелерін білмеуі орны толмас өкінішке әкеліп соқтырады. Бұл көрсеткіш біздің өңірде де алаңдатарлық жағдайда екені жасырын емес. Мәселен, өткен жылы облыстық балалар ауруханасына әртүрлі бас сүйек-ми жарақаттарынан зардап шеккен 610 бала жеткізілсе, ағымдағы жылдың 6 айының өзінде 367 бала осындай жарақаттармен түскен. Оның ішінде 28 науқас тыныс алу жолдарының және жүрек-қан тамырлары жүйесінің бұзылуымен ауыр халде жеткізілсе, 9 науқас ауруханаға түскен кезде өздігінен тыныс ала алмайтын болғандықтан, бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған болатын. Бұл жағдайлардың барлығы дерлік ата-аналардың балаларына бейжай қарауынан болған демеске шараң жоқ. Еліміздің әр өңіріндегі мамандар да мұндай жағдайдың басым бөлігі ата-аналардың салғырттықтарынан болатынын жоққа шығармайды. Қорыта келгенде, үлкендер жас бүлдіршіндердің өміріне үлкен жауапкершілікпен және мұқият сақтықпен қарауды әрқашан қаперге алу керек. Балаға тәрбие берумен қатар, оны өмірге бейімдеуде ата-ананың орны бөлек.
Таласбек Оморов, облыстық балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді