Жиырма бес жылдық белес немесе мобильді дәрігерлік көмектің даму деңгейі қандай?
- author «Ақ жол»
- 16 маусым, 2016
- 241
Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген толайым табыстардың бірі – мобильді медицинаның дамуы. Елбасының тапсырмасымен бүгінде әлемдік тәжірибеде шұғыл жағдайларда азаматтарға медициналық көмек көрсетудің ең тиімді тәсілдерінің бірі санавиация қызметі ілгерілей бастады. Ірі қалаларда ғана емес, облыстық ауруханада «Санитарлық авиация» қызметінің құрылуы – осы сөзіміздің дәлелі.
Дегенмен, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, облыстық бюджет есебінен әуе кемелерімен көмек көрсету қызметі уақытша тоқтатылды. Себебі, санавиация республикалық санитарлық авиация орталығына өтті. Қазір аталмыш орталықпен 66 миллион 287 мың теңгеге жылына 780 сағат қызмет көрсетуге келісімшарт жасалған. Осы мақсатта 2015 жылдың қараша айында республикалық бюджеттен қосымша 6 миллион теңге қаржы бөлінді. Санавиация қызметінде аудандардан түскен шақыртуларды қабылдау мен орындау үшін барлық жағдай жасалған. Бөлімшеде науқастарды тасымалдауға арналған «АН-2», МИ-2, ЕС-145 әуе кемелері мен 4 санитарлық көлік бар. Қалааралық және мобильді байланыспен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Телемедицина орталығында тәулік бойы облыстың емдеу-алдын алу мекемелерімен, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының ғылыми зерттеу институттарымен телекеңестер, телеконференциялар өткізіліп тұрады. Орталық қажетті медициналық құрылғылармен, аппараттармен, дәрі-дәрмектермен, сонымен қатар, байланыс құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Санитарлық авиация бөлімшесінде жоғары санатты 2 дәрігер, 6 фельдшер және 3 кіші медициналық қызметкер жұмыс істейді. Жедел және жоспарлы-консультативтік медициналық көмек және төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысы Тараз қаласының №1, №2 қалалық ауруханаларымен, облыстық және қалалық балалар ауруханаларымен, облыстық және қалалық перинаталдық орталықтарымен, облыстық қан орталығымен, облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасымен, қажет болған жағдайда облыстық туберкулезге қарсы және психоневрологиялық диспансерлердің мамандарымен тығыз байланысты. Жыл санап облыс бойынша санитарлық авиация қызметіне жүгіну деңгейі артып келеді. Мәселен, былтыр санавиация қызметіне 1879 шақырту түскен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда шақыртулар саны 100-ге артқан. Тарқатып айтсақ, өткен жылы 2128 дәрігер науқастарға шақырту бойынша қызмет көрсеткен. 2014 жылы тұрғындар 1927 дәрігердің көмегіне жүгінген болатын. 2015 жылы 99 акушерлік және гинекологиялық көмек көрсетілген. Сол жылы балаларға санитарлық авиация бойынша медициналық көмекке көбірек жүгінген. Жыл ішінде барлығы 1048 шақырту түскен. Оның 234-і – неонатологиялық шақыртулар. Жалпы, барлық шақыртулардың 753-і тасымалдауды қажет еткен. 2014 жылы мұндай жағдай 657 болған. Жерінің көлемі 900-1000 шақырым радиусты алатын облысымыз үшін санитарлық авиация қызметі аса қажет. Ауыр түрде инсульт алған науқастар мен шұғыл жағдайдағы жүкті әйелдерге, ақаумен туылған сәбилерге дер кезінде көмек беру, оларды орталықтағы мамандарға жеткізу немесе республикалық ғылыми орталықтарына апаруда санитарлық авиация қызметінің тигізер септігі мол.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді