Қоғамның байлығы – қашанда адам. Дені сау адам жаздың аптап ыстығына, қыстың қатты аязына қарамай еңбек етіп жатады. Ол құрылыста болсын, жел өтінде болсын, шахтада болсын, халық игілігі үшін қандай ауыр жұмысты болсын атқарады. Осының бәрі мықты денсаулықтың арқасы. Ал сол денсаулықтың сақшысы дәрігерлер қауымының еңбегін жайшылықта ескере бермейтініміз бар. Олардың тынымсыз еңбегі адамдардың алаңсыз еңбек етуіне кепіл десек, артық айтқандық болмас.
Облыс орталығына таяу жатқан Байзақ ауданында бүгінде 100 мыңға жуық халық тұрады. Олардың денсаулығының қауіпсіздігі мемлекет тарапынан ұмыт қалған емес. Олай дейтініміз – соңғы жылдардың өзінде барлық ауылда дәрігерлік амбулаториялар салынып, ашылды. Қолда бар ауруханалар мен емханалар күрделі жөндеуден өтуде. Әнебір жылдары дәрігер мамандар жетіспейтін. Енді жоғары білімді жас дәрігерлер ауылдарға да келуде. Емдеу орындары озық дәрігерлік құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Осының бәрі мемлекеттің адам денсаулығына зор көңіл бөліп отырғанының нәтижесі екендігі ақиқат. Аудандық аурухананың бас дәрігері болып осы салада бай тәжірибеге ие, білікті дәрігер Рыскелді Сапарбеков еңбек етеді. Ауданда туберкулезге қарсы аурухана, аудандық орталық емхана, 17 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Осы емдеу орындарында 101 дәрігер, 254 кіші медицина қызметкері халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Мырзатай, Бурыл, Түймекент, Қызыл жұлдыз, Қостөбе ауылдық амбулаториялары жанынан жедел жәрдем бөлімшелері ашылған. Олар тиісті маманмен әрі медициналық көлікпен қамтамасыз етілген. Яғни, науқастана қалған тұрғынға үйіне барып дәрігерлік ем-дом жасауға әркез даяр. Өткен жылы 414 173 аудан тұрғыны дәрігерлік көмекке жүгінген екен. Бұл арғы жылмен салыстырғанда едәуір көп. Жоспар бойынша 2015 жылы 37703 адам флюорографиялық тексеруден өту керек болса, 38925 адам осы тексеруден өткен. Ана мен балаға да ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы ауданда 2464 сәби өмірге келсе, биылғы жылдың үш айында 611 перзент жарық дүние есігін ашқан. – Халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында қолға алынған істердің бәрі өз нәтижесін беруде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғындардың денсаулықтарын түзеуге көптеген мүмкіндіктер жасалынды. Ол – тегін тексерілуден өту, аурудың алдын алу, созылмалы науқастарды қатаң есепке алып, тиісінше дәрігерлік көмектер көрсету. Ана мен баланың денсаулығын қорғау бағытында да көптеген игілікті істер атқарылып жатыр. Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан осынау қамқорлық пен қолдауды халық түсініп отыр, – дейді бас дәрігер Рыскелді Сапарбеков. Халыққа медициналық қызмет көрсетудің басты өлшемі әрине аудандық ауруханаға байланысты. Өйтені ауылдағы дәрігерлік амбулаториялар жұмыстарын осыған қарап атқарады. Өткен жылы жоғары білімді 4 дәрігер жұмысқа қабылданып, оларға республикалық бюджеттен бөлінген әлеуметтік пакеттер берілген. Әлі де 8 дәрігер-маманға зәрулік туып отыр. Иә, мына өскелең заманда халықтың денсаулығын сақтау, аялау бағытында атқарып жатқан сан игі істі көзбен көріп, көңілмен түйіп отырмыз. Ләйім, солай бола бергей. Өйткені, денсаулықтан асқан байлық жоқ.
Есіркеп Серікбайұлы, ауданның Құрметті азаматы.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді