Қай ауылдың болмасын өзіндік жүріп өткен жолы бар. Аудан аумағында іргетасы сонау 30-жылдардағы колхоздастыру заманында қаланған Үлгілі ауылының орны бөлек. Қазіргідей өскелең заманда өсіп-өркендеп, адам танымастай өзгерген Үлгілі ауылының қалыптасуына еңбегі сіңген аға ұрпақтың бейнетін айту – парыз. Бүгінгі ұрпақ бұл жақсылықтың, молшылықтың тектен-тек келе салмағанын, ол адамдардың адал еңбек, мол бейнетімен өрілген еңбек жолы арқылы келгенін сезінсе екен. 1950 жылы ұсақ шаруашылықтар біріктіріліп, үлкен шаруашылыққа айналды. Үлгілі содан ірі шаруашылыққа айналды. Соғыстан кейін енді есін жиған халық шаруашылықты көтеруге жұмылдырылды. Ұжымшар төрағасы Жақыпбай Мырзабаев ең алдымен кадр мәселесін жақсартуды қолға алды. Осы ауылдың түлегі сол тұста аудандық қаржы бөлімінде еңбек етіп жүрген Сұлтанқұл Шаухаровты колхозға алдырды. Өзге де білімді бір топ жастың басын қосып, колхоз шаруашылығын өрге сүйрегені әлі есте. Сәл кейінірек бұл колхозға Киров атындағы ұжым қосылып, енді Киров атындағы ұжымшар болып атанды. Сұлтанқұл Шаухаров шаруашылықтың астық қоймасының меңгерушісі, қызылша бригадасының бригадирі, ірілендірілген ұжымшардың партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарып, елеулі еңбек сіңірді. Ол кісі бригадир болып істеген жылдары қант қызылшасынан мол өнім алынды. Әсіресе Тынышкүл Бақтиярованың звеносы ауа райының қолайсыздығына қарамастан қызылшаның әр гектарынан мол өнімге қол жеткізіп, нәтижесінде ол кісі Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланған еді. Шопан Рысбек Саршаев отардағы саулықтың әр жүзінен 180-ге дейін қозы алып, ауданда көш бастады. Сауыншы Света Кругликова сүт сауудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Шаруашылық механизаторы Кәдір Ноғаев, сушы Еркебай Тоғызбаев, Төленді Саймасаев, механик Әбдімәжит Ниязбеков ауыл мақтанышы еді. Ауыл тұрғындарын еңбекке жұмылдыруда партия комитетінің хатшысы үлкен рөл атқаратын. Осы жауапты қызметті С.Шаухаров біліктілікпен атқарды. Байсалды мінезімен жұртқа жаққан ол көпшілікті ортақ іске жұмылдыра білетін. Бұл жылдары ұжымшарда әлеуметтік мәдени нысандар көптеп салынып, халықтың игілігіне берілді. Партком хатшысының тағы бір міндеті кеңшар тұрғындарының саяси сауаттылығын арттырып, оларды мәдени қызметпен қамтамасыз ету жүктелген. Ол осы істе де ұйымдастырушылық қабілетін таныта білді. Дала төсіндегі диқандар мен шалғайдағы малшылар ауылына жиі-жиі қатынап, оларды рухани азықпен қамтамасыз етуде ауыл клубы жұмысын жолға қойды. Аудандық мәдениет бөлімімен тығыз байланыста жұмыс істеп, халық театрының қойылымдарын ауыл сахнасына шығарды. Осындай тірліктердің арқасында Үлгілі ауылы көштен қалмай өркендеп отырды. Сол кезгі ауыл адамдарының күні бойы тынбай дала төсінде тер төгетін еңбегі көз алдымызда. Неткен бейнетқор, еңбексүйгіш адамдар еді солар?! Қазір ғой, техника жетілген, қолмен атқаратын жұмыс жоқтың қасы. Кең алқаптың өзін жетік техникамен тамшылата суарып, рахатқа батады. Техниканың неше түрі бар. Табыс тап та, шаруаға жек. Осындай жаңарған заманда ауылда еңбек етемін дегендерге барлық жағдай жасалып отыр ғой. Бүгінгі жастар тек соның қадірін білсе екен. Еңбек етем дегенге ауылда жұмыс жетеді.
Есіркеп Серікбайұлы, ауданның Құрметті азаматы.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді