Құқықтар мен мүдделер бұзылмасын

Құқықтар мен мүдделер бұзылмасын
ашық дереккөз
Құқықтар мен мүдделер бұзылмасын

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті аппарат мәжілісі еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесіне арналды. 

Жиынды Кәрім Көкірекбаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Жамбыл жол бөлімшесінің басшысы болып тағайындалған Берік Сағымбекұлын таныстырудан бастады. Өңір басшысы теміржолшылар әулетінде өскен Берік Ақшаловтың саланың дамуы жолында аянбай еңбек ететініне сенім білдірді. Бұдан соң күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов баяндама жасап, Мемлекет басшысы белгілеген бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадамның 83-қадамындағы еңбек қатынастарын ырықтандыру бағытында өткен жылы жаңа Еңбек кодексі қабылданып, ол ағымдағы жылдың басынан бастап қолданысқа енгендігіне тоқталды. – Жаңа Еңбек кодексі жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы еңбек қатынасы саласына мемлекеттің араласу өкілеттіктерін нақты анықтап, тараптардың тең болуын қамтамасыз етуді есепке ала отырып, еңбек қатынастары субъектілерінің рөлі мен жауапкершілігін айқындады. Мемлекет өз тарапынан қызметкерлерге базалық кепілдіктер мен өтемақыларды төменгі еңбек стандарттарын, негізгі құқықтары мен міндеттерін белгілеп, олардың жұмыс берушілер тарапынан орындалуына қатаң бақылау жүргізе отырып, әрбір азаматтың еңбекке қатысты конституциялық құқықтарын қорғауға кепілдік береді.

Ал, жұмыс берушілер үшін белгілі бір көлемде жұмысқа жалдау, кадрлық көтеру, жұмыстан босату, қызметкерлердің еңбек жағдайлары мен еңбегіне ақы төлеуді анықтау рәсімдері жеңілдетілсе, екінші жағынан, қызметкерлердің базалық еңбек кепілдіктері мен құқықтары белгіленіп, оларды жеке, ұжымдық шарттар мен келісімдер арқылы кеңейту мүмкіндігі қарастырылған. Осылайша еңбек ұжымдары да еңбек қатнастары саласында өзін-өзі басқару жүйесін енгізуге толық мүмкіндік жасалынды, – деді ол. 

Сондай-ақ, баяндамашы үстіміздегі жылдың бес айында Еңбек ұжымдарында, еңбек қатынастары саласында 6391 әрекет етіп тұрған заңды тұлғаларда 1279 ұжымдық шарттар қолданыста болып, облыста өндірістік процесті, еңбек құқығын қамтамасыз ету және қызметкерді жұмысқа орналастыруды тұрақтандыру мақсатында әкімдік, жұмыс беруші және кәсіподақтар арасында 58014 жұмысшыны қамтитын 2375 еңбек ұжымдарында меморандумдар қабылданғанын жеткізді. Алайда, олардың орындалуына еңбек инспекторларымен жүргізілген тексерулер барысында салада бірқатар кемшіліктерге жол берілгендігі анықталған. Атап айтар болсақ, облыс еңбек ұйымдарын тексерулер барысында есепті мерзім ішінде 66 заң бұзушылық анықталса, оның 41-і еңбек қатынасына, 23-і еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға, 2-еуі халықты жұмыспен қамту заңнамасына байланысты болған. Сол сияқты, аталмыш басқармамен аймақта еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және жұмыспен қамту саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін осы жылдың бірінші тоқсанында 100 еңбек ұжымында 18 көрсеткіш бойынша мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде аталмыш еңбек ұжымдарының 27-сінде ұжымдық шарттар жасалынбағандығы, 88 кәсіпорындарда жазатайым оқиғалардан жұмысшылар сақтандырылмағандығы, 696 қызметкердің жұмыс уақыты толық еместігі, жыл басынан бері 8 кәсіпорынның 3376 қызметкерге барлығы 325,2 миллион теңгенің жалақылық қарызы бары анықталған. – Осы кәсіпорындардың басшылығына еңбек инспекторлары тарапынан жалақы қарызына қатысты орындалуы міндетті ұйғарымдар беріліп, 976 мың теңгені құрайтын сомада айыппұлдар салынып, облыс әкімінің әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның отырыстарында қаралып, кәсіпорын басшыларына еңбек туралы заң талаптарын орындау ұсынылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 1970 қызметкердің еңбек саласындағы құқықтары қорғалып, оларға 284,9 миллион теңге жалақы қарыздары өтелінді. Қазіргі таңда, облысымыздағы үш кәсіпорынның 1406 қызметкерге жалпы жалақы қарызы 40,2 миллионға жуық теңгені құрап отыр. Олар «Talas Investment Company» ЖШС – 469 қызметкерге 28,7 миллион теңге, «Имсталькон» ЖШС – 840 қызметкерге 7,8 миллион теңге, «Жамбылгипс» АҚ – 97 қызметкерге 3,7 миллион теңге берешек қарыз, –деген Серғали Айдапкелов бұл мекемелерде қызметкерлерге жалақы қарыздарын уақтылы өтеу үшін прокуратура органдарымен бірлесе отырып, заң талаптарына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың бес айында облыстың еңбек ұжымдарында 23 жазатайым оқиға орын алып, одан 24 адам жапа шеккен. Жапа шеккендердің 5-еуі қаза тауып, 9-ы ауыр, 10-ы жеңіл жарақат алған. Анықталғандай, өндірісте жапа шеккендердің ауқымды бөлігі тау-кен өнеркәсібі салалары мен бюджеттік ұйымдарға тиесілі болып отыр. Осыған орай, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының ашық есік күндері өткізіліп, азаматтарды жеке өтініштерімен қабылдау ұйымдастырылған. Өндірістегі жазатайым жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік-құқықтық актілердің нормаларын сақтамауы салдарынан орын алуда екен. Анықталған кемшіліктерді жою үшін мемлекеттік инспекторлар араласуымен еңбек ұжымдарына орындалуы міндетті 38 ұйғарым беріліп, еңбек заңнамасының талаптарын орындамаған лауазым иелері мен заңды тұлғаларға жалпы сомасы 3,0 миллион теңгені құрайтын әкімшілік айыппұлдар салынып, есепті мерзімге оның 1,2 миллион теңгесі өндірілген. Сонымен қатар, жұмыс берушілерге 13 ескерту түрінде әкімшілік шаралар қолданылыпты. Баяндаманы мұқият тыңдаған Кәрім Нәсбекұлы ұжымдық шарттың 20 пайызға ғана орындалғанын, салыстырмалы түрде бұл көрсеткіш Қызылорда облысында 90 пайыз екенін, салынған айыппұлдардың өндірілуі төмендігін, еңбек жанжалдары бойынша министрлік өңіріміздегі жағдайды орташа деңгейде деп қарастырғанын алға тартып, осы тұрғыдағы жұмыстарға баса көңіл бөліну керектігін негізге алды. Ол ғана емес, облыс басшысы «Talas Investment Company» ЖШС, «Имсталькон» ЖШС және «Жамбылгипс» АҚ-ның жиынға қатысып отырған басшылық өкілдерінен қызметкерлер қарызын қашан қайтаратындықтарын сұрады. Өз кезегінде кезектесіп сөз алған олар жұмысшыларға деген берешекті жуық арада толығымен төлейміз деп сендірді. Жиын соңында облыс әкімі өзінің орынбасарлары мен басқарма басшыларына және аудан әкімдеріне саладағы кем-кетіктерді жою үшін нақты тапсырмалар жүктеп, оның орындалуын бақылауға алып отыруды нықтап тапсырды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар