«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕП, ШАРУАСЫ ШАЛҚЫҒАН

ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕП, ШАРУАСЫ ШАЛҚЫҒАН
ашық дереккөз
ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕП, ШАРУАСЫ ШАЛҚЫҒАН

баспасөз туры – жамбыл ауданында

Жамбыл – облыстағы ауыл шаруашылығына ден қойған ауданның бірі. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама­лар арқылы өзге де түрлі саланы өркендетіп отыр. Әсіресе, Ұлт жоспары – «100 нақты қадамнан» туындайтын міндеттердің орындалуына аудан басшылығы жіті көңіл бөлуде. Жамбылдың тыныс-тіршілігімен облыс­тық және республика­лық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арнайы ұйымдас­тырылған баспасөз туры барысында танысып қайтқан болатын.

АЛМА БАҚ, ҚИЯР және ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ...

IMG_0757 IMG_0746 IMG_0155 IMG_0085 IMG_0037Ауданның ауыл шаруашылығында жаңа технологияны пайдалана отырып алма бағын отырғызу қарқын алған. Осыған дейін Шайқорық елді мекені аумағында орналасқан «Сады Востока» алма бағы жайлы көп жазылған болатын. Бұл жолы журналистерді аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманалы Құрбанов Жамбыл ауылы аумағында орналасқан «Әулиеата Алма» өндірістік кооперативіне бастап барды. Онда 50 гектар жерге интенсивті алма бағы отырғызылған екен. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы жалпы сомасы 671,7 миллион теңгеге аталған жоба жүзеге асуда. Кооператив басшысы Шәріпхан Туғанбаев отырғызылған алма көшеттері Сербиядан жеткізілгенін айтты. Болашақта бұл көшеттер жеміс бере бастағанда бақ 5 гектардан шаруаларға лизинг есебінде бөлініп берілмек. Ал Қасымхан Қанаев басқаратын «Аманкелді» өндірістік кооперативі егістің бірнеше түрін өсірумен айналысады. Биыл кооператив облыста ерекше маңызға ие болып отырған қант қызылшасын өсіруге ден қойған. Өткен жылы облыс әкіміне берген уәдесі бойынша Қасымхан Тоқтасынұлы жалпы көлемі 100 гектар жерге авантаж тұқымды қант қызылшасын сеуіп отыр. Бүгінде біршама бой көтерген өнім көрген көзді қуантады. Қаратөбе ауылдық округіне қарасты «Азамат» шаруа қожалығы жылыжайда қияр өсіріп, бүгінде оның жемісін көруде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы жылыжайға электр желісі мен газ құбырын тартуға 23 миллион 321 мың теңге қаржы бөлінген. Биылғы жылдың бірінші айналымында шаруашылық 200 тоннадан аса өнім алған. Алынған өнім өңірдің сауда нүктелері мен базарларына өткерілуде.

ӨНДІРІС ӨРКЕНДЕМЕЙ, ӨЗГЕ ІС ӨНБЕЙДІ

«Бином-Строй Деталь» ЖШС – аудандағы ірі өндіріс ошағының бірі. Темірбетон өнімдерін шығарып, құрылыс материалдары мен панельді үйлердің құрылысымен айналысатын комбинат Бектөбе ауылының аумағында орналасқан. Мұнда жалпы саны 105 адам жұмыспен қамтылған. Өндірістік қуаты жылына 10 мың текше метр темірбетон бұйымдарын және 19,5 мың текше метр арақабырғалар мен аражабын тақтатастарын шығаруға қауқарлы. Құрылысқа қажетті негізгі құрал-жабдықтар Германиядан жеткізіледі екен. Ал комбинат шығаратын панельді үйлердің жобасына қажетті 500 миллион теңгенің 245 миллион теңгесі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау ретінде берілген. Ал Жалпақтөбе ауылындағы «Достар» шұжық цехының өнімі облыс жұртшылығына кеңінен танымал. Шұжық өнімдерінің 21 түрін шығаратын цехтың жылдық өндірістік қуаты 600 тоннаны құрайды. Жеке кәсіпкер Сайд Берсанукаев Алматы қаласындағы ірі құс фабрикасынан құс етін, Тараз қаласындағы жеке кәсіпкерлерден сиыр етін сатып алып, одан өндірілген өнімді облыстың көптеген сауда нүктелері мен Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының бірқатар кәсіпкерлеріне өткеретінін айтты. Сонымен қатар, алдағы қыркүйек айында тұшпара шығаратын цехты іске қосуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Бүгінде аталған өндіріске қажетті орын мен жабдықтар түгел дайын. Тек бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізілуде екен. Цехқа бас сұққан баспасөз өкілдерін Сайд мырза шұжықтың жасалу жолымен таныстырып, шығарылған өнімнен сый жасады.

МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

Аса ауылында тұратын Нұрман Жантелиев – бұрыннан мал өсірумен айналысып, ата кәсіпті жанына серік еткен азамат. Енді мал бордақылауды қолға алған ол да мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көруде. Нақтырақ айтқанда, «Алмаз» жеке кәсіпкерлігін құрып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 3 миллион теңге несие алған. Аталған қаржыға 10 бас жылқы сатып алып, шаруасын оңтайлы жүргізуде. Өз үйінің ауласында-ақ мал бағып, оны бордақылайтын шағын алаң жасақтаған шаруаның ісі кімге де болса үлгі боларлық.

БАР ЖАҚСЫЛЫҚ – БАЛАЛАРҒА

Мемлекеттік бағдарламалардың басым көпшілігі балаларға жағдай жасауға бағытталса, ауданда бұл салада да бірқатар ілгерілеу бар екен. Мысалы, 2014 жылы құрылысы басталып, өткен жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілген Еңбек орта мектебінде балалардың жазғы сауықтыру демалысы ұйымдастырылған. Жаңа мектепте жан-жақты жасалған жағдайда демалып жатқан балалардың көңіл күйі көтеріңкі, әр күндері қызыққа толы. Ал Пригородное ауылындағы «Нурумова Г» жеке кәсіпкерлігінің 280 балаға арнап салған балабақшасы бүгінгі күннің нағыз заманауи нысанына айналып отыр десе де болады. Соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақтандырылып, кіреберісінен төріне дейін тек қана сапалы бұйымдармен көмкерілген балабақшаға тамсанбай қарау мүмкін емес. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 650 миллион теңгеге салынған бақша келесі айда пайдалануға беріледі екен. Бүгінде балаларды қабылдаудың алғашқы жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, өндірісі, ауыл шаруашылығы мен өзге де салалары қатар дамып келе жатқан Жамбыл ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі тынымсыз еңбек жағдайында екенін аңғаруға болады. Қайда ат басын бұрсаңыз да, өз ісін өрге домалатуға талпынып жатқан жұрт. Сол арқылы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына да жамбылдықтардың қосып отырған үлесі қомақты көрінді.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар