«Казфосфат» Биыл 61,9 миллиард теңгенің өнімін өндіреді
- author «Ақ жол»
- 23 мамыр, 2014
- 371
«Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – еліміздің аумағында фосфат өндіріп, оны өңдеп, тұтынушыларға темір жол көлігі арқылы жеткізіп беретін бірегей компанияның бірі. Бүгінде мұнда минералдық тыңайтқыш, сары фосфор, триполифосфат натрий, фосфор қышқылы және гексаметафосфат натрийді қосқанда химия өнімдерінің 20 түрі өндіріледі. Біздің компанияның өнімі экспортқа бағдарланған, 94 пайызы шетелдерге өткеріледі. Әзірге негізгі табыстың 60 пайызы сары фосфор сатудан түсуде. Сары фосфор, триполифосфат натрий және феррофосфор түгелдей, фосфор қышқылының 80 пайыздан астамы экспортқа жіберіледі. Қазір өніміміз Еуроодақ, ТМД, Қытай, Жапония, Иран, Ауғанстан және Үндістанға жіберілуде.
Серіктестік келешекте Жапония мен Латын Америкасы нарықтарын игеруді көздеуде
Мұқаш Ескендіров, «Казфосфат» ЖШС-ның бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.
«Казфосфат» ЖШС соңғы бес жылда Еуроодақ нарығындағы өзінің бәсекелестерін толық ығыстырды деуге болады. Бәсекеге барынша қабілетті өнім өндіру – біздің нарықтағы көкжиегімізді кеңейте түсуде. Компанияда өткен жылдың қорытындысында 56,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Биыл бұл көрсеткішті 61,9 миллиард теңгеге жеткізу көзделуде. Кәсіпорынның үстіміздегі жылдың төрт айының жұмыс қорытындысы да қуантарлық. Осы мерзімде 19957 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Серіктестік тек 2013 жылы ғана бюджетке салыққа және бюджеттен тыс төлемдерге 5339 миллион теңге, ал, үстіміздегі жылдың төрт айында 1497 миллион теңге аударды. Нарық талабы – қатал. Сондықтан да біз өзімізде өндірілетін өнімнің сапасын тұрақты жақсартып, бәсекеге қабілеттілігіне ерекше көңіл бөлеміз. Осы мақсатта 240 бизнес үдерістер талдап, жасалып, бекітілді, ЕRP және SAP жүйелері енгізілді. Шығарылатын өнімнің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында компанияның барлық кәсіпорындарында жеткізілген шикізат пен өткерілетін дайын өнімнің сапасына бақылау жасайтын арнайы қызмет бар. Барлық өнім міндетті түрде Қазақстан Республикасы мемлекеттік стандарттарына сәйкес бақылаудан өткізіледі. Серіктестік кәсіпорындарында халықаралық ISO 9001; 2008 сапа менеджменті, ISO 14001:2004 халықаралық стандарттар талабына жауап беретін экологиялық менеджмент жүйелері енгізілген. Сондай-ақ, еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық стандарт талаптарына жауап беретін ОНSАS 18001:2007 менеджмент жүйесі бар. Келешекте ІSО 50001 энергия менеджмент және стандарт жүйесін енгізу көзделуде. Өндірістегі ескі жабдықтарды жаңасымен алмастыру, жаңа технологияны енгізу тұрақты жүргізілуде. Бұл шаруа барлық өндірістік цехтарда табысты жүзеге асырылуда. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан біз 2008-2013 жылдары өз кәсіпорындарымызда 9 инвестициялық жобаны жүзеге асырудамыз. Мұның өзі энергия үнемдеу, өндіріс қалдықтарын кәдеге асыруға және жаңа цехтар мен технологиялық желілердің құрылысын салуға мүмкіндік беруде. Осы мерзімде 9 жоба толық жүзеге асырылды. Атап айтқанда, күкірт қышқылы өндірісі, пеш газын кәдеге асыру жүйесі, гексаметафосфат өндірісі, түйіршіктелген натрий триполифосфаты, азықтық фосфор қышқылы өндірісі, ФС пеші және құрғату барабанының жабдығын ауыстыру, құрамында фосфор бар қалдықты кәдеге асыру, сары фосфорды зиянды қосымша-органикадан тазарту және Жастар үйін қайта жаңғырту жобалары іске қосылды. Қазір экстракциялық фосфор қышқылы цехын қайта жаңғырту, түйіршіктелген өнім шығару үшін азықтық фосфат өндірісін жаңарту, №8 цехындағы пеш газын кәдеге асыру жүйесінің құрылысы және №7 және 8 пештерін модернизациялау жобалары іске асырылуда. Келешекте пеш газынан этанол алу өндірісінің құрылысы, Степногорск қаласында NРК тыңайтқышын шығару өндірісінің құрылысы, үшхлорлы фосфор өндірісі, «ақ қышқыл» өндірісі, экстракциялық фосфор қышқылы цехын қайта жаңғыртудың екінші кезеңі, бескүкіртті фосфор өндірісі, байыту фабрикасының құрылысы және NРК, NРSК тыңайтқыштарын шығару өндірісінің құрылысы жобаларын қолға алу көзделуде. Кейінгі жылдары біздің компания қаржылық-экономикалық көрсеткіштерді жақсартумен қатар кәсіпорындарға экология, өндіріс қауіпсіздігі бағдарламаларын енгізуде де елеулі шаруаларды қолға алуда. Конденсациялық суды тазарту жүйесін енгізу айналым суын салқындату деңгейін жақсартты. Қалдықсыз технологиямен жұмыс істеу өз нәтижесін беруде. Мұның өзі кәсіпорын аумағында ұзақ уақыттан бері жиналып қалған қалдықтарды өңдеп, кәдеге жаратуға септігін тигізуде. Осындай игі шараларды қолға алу нәтижесінде фосфор қоймасында сақталған қалдық көлемі едәуір азайды. Сары фосфор өндіру кезінде пайда болатын пеш газын кәдеге асыру осы мерзімде 6 миллион 847 мың текше метр табиғи газды немесе 108 миллион 302 мың теңгені үнемдеуге қол жеткізді. «ФС» пеші мен №1 цехтағы тазарту жабдықтарын жаңасымен алмастыру атмосфераға шығарылатын кокс шаңын 166,2 тоннаға азайтуға мүмкіндік берді. Таяуда Жаңа Жамбыл фосфор зауыты және минералдық тыңайтқыш филиалдарында жылжымалы экологиялық зертханалар пайдалануға беріледі. «Казфосфат» облыс аумағында кең көлемді қайырымдылық шаралар жүргізеді және демеушілік жасайды. Олардың арасында балалар үйі және интернаттары, спорттық шаралар мен спорттық клубтар бар. Серіктестік 2007-2012 жылдары осы мақсатқа 395 миллион теңге жұмсады. Бұл игілікті шара келешекте де жалғасын табады. Биыл біз «Әлеуметтік жауапкершілік» SА 8000:2001 халықаралық стандарт талаптарына сәйкес сертификатқа ие болдық. Мамандар – біздің алтын қорымыз. Кәсіпорында білікті мамандар даярлауға және олардың біліктіліктерін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Әрбір филиалда компьютерлік техника, өндірістік жабдықтардың макеттері, оқу құралдарымен жабдықталған оқу базасы бар. Бұған қоса жұмысшыларымыз келісімшарт арқылы кәсіптік лицейлерде, оқу орталықтары және жоғары оқу орындарында оқиды. Келісімшартқа сәйкес оқу ақысын кәсіпорын төлейді. Бұл мақсатқа жыл сайын 30-35 миллион теңге бөлінеді. Қазір компанияда 6011 адам жұмыс істейді. Өткен жылы орташа жалақы 10,3 пайызға өсіріліп, орташа жалақы 88 мың теңгені құрады. Барлық жұмысшылар заңда ұжымдық келісімшартта қарастырылғандай емдік-алдын алу тағамымен, арнайы киіммен және жеке қорғаныш заттармен қамтамасыз етілген. Компанияда бір жұмысшыны ұстауға жылына 1203965 теңге жұмсалады. Жұмысшыларымыздың балалары кәсіпорын есебінен «Жұлдыз» сауықтыру лагерінде және жыл-он екі ай «Көктал» емдеу-сауықтыру шипажайында денсаулықтарын сауықтырады. Бүгінде барлық филиалдарда тұрмыстық ғимарат, жуынатын, шешінетін және ас ішетін бөлмелер толық күрделі жөндеуден өткізілген. Компанияда шешімін күткен түйінді мәселелер де жоқ емес. Электр қуатына, табиғи газға және «Қазақстан темір жолы» қызметтерінің тарифтері тұрақты өсуі бағасы қолжетімді әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіруге үлкен кедергі келтіруде. Жаңа Жамбыл фосфор зауыты жылына 120 мың тонна сары фосфор өндіре алады. Алайда, аталған өндіріс өнім өндіру үшін энергияны өте көп қажет етеді. Сары фосфордың бір тонна өнімінің өзіндік құнында электр қуатының бағасы 38 пайызды құрайды. Мәселен, 2009 жылы электр қуаты және оны тасымалдаудағы тариф – 35, 2010 жылы – 9,5, ал, 2014 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 49,5 пайызға өсті. Тарифтің өсуі мұнымен тоқталып қалмайды. Табиғи газ тарифі де жыл сайын көтеріліп келеді. «Қазақстан темір жолы» АҚ тарифтері жыл сайын айтарлықтай өсіп жатқанына қарамастан тасымалдаушы вагондар жаңартылып жатқан жоқ. Бұл бағыттағы тариф тек үстіміздегі жылы ғана 15 пайызға көтерілді. Осындай қиындықтарға қарамастан біз өз ұстанымымызды нығайтып, тұрақты жаңа нарықтарды игеруге күш салудамыз. Қазақстанның ерекшелігіне қарай, теңізге тікелей шығатын дәліздің жоқтығынан өз өнімімізді әлемдік нарықтарға шығаруды елеулі кедергілерді бастан кешірудеміз. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде 2012 жылы АҚШ-тың нарығына шығып, үлкен көлемдегі сары фосфорды өткердік. Үстіміздегі жылдан бастап компания тарихында алғаш рет Үндістанға фосфор жеткізуді қолға алдық. Келешекте Жапония және Латын Америкасы нарықтарын игеруді көздеудеміз. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, облыстың химия өнеркәсібі қызметкерлерін кәсіптік төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Оларға зор денсаулық, амандық, игілік және көздеген мақсаттарына жетуіне тілек білдіремін.
Суретте: М. Ескендіров.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді