«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әдептен озба, тәртіпті бұзба

Әдептен озба, тәртіпті бұзба
ашық дереккөз
Әдептен озба, тәртіпті бұзба

(Соңы. Басы 1-бетте).

Әдеп жөніндегі кеңесте прокуратура органдарының ұсыныстары негізінде өңірдегі бірқатар мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптік істері қаралды. Атап айтқанда, Талас ауданы, Қаратау ауылдық округінің әкімі Б.Кенжеев, Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Сейдахметов, Қордай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Сазанбай, Меркі ауданы, Ақермен ауылдық округінің әкімі А.Сатыбалдиев, Байзақ ауданы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы А.Бибосынов, Қордай ауданы, Ноғайбай ауылдық округінің әкімі Е.Жапарбеков және Тараз қаласы әкімінің орынбасары М. Ахаевқа, қалалық білім бөлімінің басшысы Г.Зәуірбекова және оның орынбасары У.Байдуановқа, аталған бөлімнің бас маманы Г.Мәлібековаға қатысты істер кеңес мүшелерінің ұсынысымен зерделеніп, тәртіптік шара қолданылды. Жасыратыны жоқ, қызметтік автокөліктерін жұмыстан тыс уақытта пайдаланатын мемлекеттік қызметшілер де бар. Кейбірі жасырын, ал кейбірі ашықтан-ашық барады екен мұндай әрекетке. Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыс бойынша департаменті облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полициясымен бірлесіп рейд жүргізгенде осыны анықтаған. Атап айтсақ, жергілікті полиция қызметкерлерінің 5 экипажы 14 мамырда сағат 12.30 шамасында «Ауыл–береке» базары аумағынан шыққан мемлекеттік нөмірі KZ 988AD/08 «Нива» маркалы автокөлігін Төле би – Сыпатай батыр көшелерінің қиылысында («Дос-Нар» сауда үйінің маңы) тоқтатады. Құжаттарды тексеру кезінде, автокөліктің Талас ауданы, Аққұм ауылдық округі әкімдігінің теңгерімінде екені, жол жүру парағы жарамсыз және жүргізушінің іссапар куәлігінің жоқ екендігі анықталған. Ал көлік жүргізушісі С.Ошақбаев өз түсініктемесінде «Ауыл–береке» базары маңында қызметтік автокөлікті техникалық жөндеуден өткізіп, Аққұм ауылдық округінің әкімі Б. Ошақбаевтың жұбайын үйіне алып қайтқанын, базардан қажетті азық-түлік және жұмысқа қажетті заттар сатып алғанын көрсеткен. Жергілікті полиция қызметкерлерімен автокөлік жүргізушісі С.Ошақбаевқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, оған 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, автокөлік айыптұраққа қойылған. Қызметтік тергеп-тексеру барысында түсінік берген Аққұм ауылдық округі әкімі Б.Ошақбаев ауыл маңына «Жасыл белдеу» бағдарламасы бойынша егілген талдарды қоршауға алу үшін, 14 мамыр сағат 10.00 шамасында жүргізушіні «Ауыл–береке» базарынан тікенек сым алу үшін жібергенін, материалдарды алғаннан кейін жүргізушіге тез қайтуды тапсырғанын жазған екен. Жиында ауыл әкімі жұбайының тісі ауырып Тараз қаласына басқа көлікпен келгенін, кейінірек жүргізушісінің «Ауыл–береке» базарынан азық-түлік алып біткен соң ала кеткенін айтты. Бұндай келеңсіздікке алдағы уақытта жол бермеймін деп уәде берді. Қызметтік тергеп-тексеруде қызметтік жазбада Б.Ошақбаевқа қатысты көрсетілген деректер өз дәлелін толық тапты. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Заңның 27- тармағына сәйкес ауыл әкіміне кеңес мемлекеттік қызметкерге тән емес әрекеті үшін сөгіс берді. Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған мәселенің бірі балабақша төлемақысына қатысты жіберілген кемшілік болды. Нақтырақ айтсақ, Тараз қалалық білім бөлімі жекеменшік балабақшаларға ата-аналар ай сайын төлейтін төлемақыны тиісті құжаттарда «0» деп көрсеткен екен. Құжат толтыруда кеткен қателікті бөлім мамандарының өздері де мойындап отыр. Кеңес төрағасы Болат Исақовтың және кеңес мүшелерінің шешімімен Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы және оның орынбасары, бөлімнің бас маманына жұмысына толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді. Ал Тараз қаласы әкімінің орынбасары М. Ахаевтың тәртіптік ісін қарауға «ар-намысымызға тиетін сөздер айтты» деген 6 адамның түсірген шағымы негіз болған. «Арай» мөлтек ауданындағы №3, №4 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына пайдалануға берілген. Алайда, құрылыс бөлімі тарапынан жіберілген кемшіліктердің нәтижесінде бүгінгі күнге дейін газ қосылмаған. Бұған тұрғындар наразылық білдірген. Сонымен қатар, мердігер компания Песчанная көшесіндегі ауызсу құбырын ауыстыру жұмыстарын мерзімінен кешіктірген. Көше жолдарының қазулы күйде ұзақ жатқаны тұрғындарға жайсыздық тудырған. Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқабындағы магистральды және ішкі кварталдық су құбырларының құрылысы да кешеуілдеген, тіпті құрылыс жұмыстары әлі күнге (мердігер – «Құрылыс ТЭД» ЖШС) басталмаған. Әкімнің орынбасары аяқталмаған нысандарға байланысты құрылыс бөліміне барып, ашумен тиісті мамандардан жұмыс нәтижесін талап еткен. Себебі, қала әкімі орынбасарының функционалдық міндеттемелеріне «Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің» қызметіне тікелей басшылық жасау функциясы да кіреді екен. М.Ахаев өз іс-әрекетін осылай түсіндіргенмен, Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен қала басшысының орынбасарына қатаң сөгіс берілді. Қалай десек те, мемлекеттік қызметші әдептен озбауы тиіс.

Ұқсас жаңалықтар