Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бастаған арнайы топ өткен аптада Тараз қаласындағы бірқатар сауда орындары мен дәріханаларда болып, қарапайым халық тұтынатын тауарлардың бағасын бағамдап қайтты.
Арнайы топ тексерісті Абай даңғылы бойында жаңадан ашылған «Targo» супермаркетінен бастады. Аталған сауда орнына кіреберісте орналасқан сөреде жеміс-жидек бағасының көрсетілмегеніне сын айтқан Бекболат Серікбекұлы құрғақ жемістер бағасының тым қымбат екенін назарға алды. Тиісті мекемелерге оның түпкілікті себебін зерттеуді тапсырды. Ал сауда нүктесінің иесіне болашақта облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық жобалар мен ауыл шаруашылығы басқармаларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу керектігін айтты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары валюта айырбастау пунктінен соң «Талас» шағын ауданы аумағында жаңадан қызмет ете бастаған «Газпром Мұнай» май құю бекетіне аялдады. Бекет басшысы Марат Тауасаров мұнда сұранысы жоғары АИ 92 маркалы бензин бағасының 127 теңгеден босатылып жатқанын айтты. Аталған компания өнімінің сапасына жоғары баға берген Бекболат Орынбеков, бағаның АИ 92 маркалы бензинге шекті мөлшері 125 теңге екенін, құнын содан асырмау керектігін ескертті. Өйткені, мұндай жағдайда өзге де май құю бекеттері бағаны қымбаттатып жібермек. «Талас» шағын ауданындағы «Viktoria» супермаркетінде ал дегенде-ақ өрт қауіпсіздігі шаралары өрескел бұзылғаны көзге шалынды. Тауық етін пісіруге арналған құрылғыға жалғанатын газ баллоны тура дүкеннің кіреберісіне қойылған. Сырттан түскен күн сәулесінен тек картон қағазбен қорғалған. Сауда нүктесінің қожайындарына мұндай өрескелдікке жол бермеу ескертілді. «Садыхан» дәріханасы мен «Бейбарыс» сауда үйін, онда орналасқан әлеуметтік дәріханаға соққан топ дәріханалардағы баға мен әлеуметтік дәрілер бағасы бекітіліп, ілінуі тиіс ақпараттық нұсқаулыққа назар аударды. Өкінішке қарай, тұрғындар көп бас сұғатын әлеуметтік дәріханада ондай нұсқаулық әлі жаңартылып ілінбеген екен. Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бастаған топ Королев көшесінің бойында орналасқан «ЕвроМебель» жиһаздар салоны мен «Sulpak» тұрмыстық техника дүкенін аралап, ондағы баға бағамымен де танысып шықты.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді