Құландағы «Қымызмұрындық»

Құландағы «Қымызмұрындық»
ашық дереккөз
Құландағы «Қымызмұрындық»

Малшылар мерекесінде кәсіпкер Сайрамбай Дөненбаев еңбек адамдарына 3 жеңіл «Нива» автокөлігі мен жалпы сомасы 7 миллион теңге сыйлады

IMG_94+98 Атам қазақ «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп баяғыда-ақ айтып кеткен. Баба аманатын басшылыққа алған «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі Сайрамбай Дөненбаевтың иелігінде қазіргі таңда 38 мың бас асыл тұқымды қой бар. Алға қойған межелі мақсаттары да айқын. Ол – келер жылы көктемде шаруашылықтың құрылғанына 20 жыл толатын күнге дейін қой санын 40 мың басқа жеткізу.

 Бұл ретте ақын қызымыз Сара Тоқтамысованың: «Құланның қойларынан хал сұрасаң: «Қожамыз – Сайрамбай» деп маңырайды» деп жырлауы «Шәушеннің» қорасы қойға, шарасы майға толған ең іргелі шаруашылықтың біріне айналғанын, Сайрамбай бастаған жігіттердің игілікті тірліктерін бір облыс жұрты ғана емес, бүкіл ел білетінінің бір мысалы болса керек. Биыл да «Шәушен» шаруа қожалығы көктемгі мал төлдету науқанын жоғары көрсеткішпен, жақсы нәтижемен аяқтап отыр. 

«Шәушен» шаруа қожалығы қоймен қатар, асыл тұқымды жылқы шаруашылығын да кең өрістетіп, дамытып келеді. Шаруашылық басшысы Сайрамбай өрістегі жылқы жануары 3500 басқа жуықтағанын айтады. «Мінсең көлік, жесең ет, жылқыдан асқан мал бар ма? Биенің сүті сары бал, қымыздан асқан дәм бар ма?» демекші, осы орайда маусымның 4-і күні «Шәушен» шаруа қожалығы ұмытыла бастаған «Қымызмұрындық» мерекесін өткізді. «Қымызмұрындық» мерекесі «Шәушен» шаруа қожалығы қоныс тепкен Өрнек ауылдық округіне қарасты Жарлысу ауылында ұйымдастырылған «Бастауыш ұйымдар – ардагерлер қозғалысының негізгі тірегі» тақырыбындағы облыстық-аймақтық семинар-кеңестен бастау алды. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері, тұрақты комиссиялар төрағалары, ауыл шаруашылығының белгілі кәсіпкерлерінің басын қосқан семинар-кеңеске қатысушылар алдымен ауылдағы мешітке бас сұғып, әруақтарға құран бағыштады.Мұнан соң ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткішке тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Келесі кезекте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев кіріспе сөз сөйлеп, семинар-кеңесті ашып берді. Семинарда сөз алған Т.Рысқұлов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов «Ардагерлер ұйымдары төрағаларының іскерлік, белсенділік, тұлғалық келбеті», Байзақ ауданы Үлгілі ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Сәдуақасов «Округтік ардагерлер кеңесінің ардагерлерді әлеуметтік қолдау жөніндегі жұмыс тәжірибесі», Меркі ауданы Сармолдаев ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев «Бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмыстарын жоспар бойынша ұйымдастыру тәжірибесі» тақырыптарында тереңінен толғап, баяндамалар жасады. Сонымен қатар, бастауыш ұйым төрағасы Қадірбек Жаппарқұлов ұйым жұмысы туралы, ауыл ардагерлеріне көрсетіліп жатқан қамқорлықтар жайында айтып берді. Семинар-кеңесті Еркінбек Солтыбаев қорытындылаған соң жұрт тау бөктерін бетке алды. Осындағы қымызбен емдейтін сауықтыру орнында бүгінгі таңда ағайын арасында болмаса, үлкен көлемде атап өтуі ұмыт бола бастаған «Қымызмұрындық» мерекесі тойланды. Малшылардың мерекесінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев: – Тәуелсіздік жылдарында жаңаша еңбек етудің тамаша үлгісін көрсетіп келе жатқан ағайынды Дөненбаевтардың «Шәушен» шаруа қожалығы ұлтымыздың ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, халқымыздың жақсы бір дәстүрі болып қалыптасқан «Қымызмұрындық» мерекесін ұйымдастыруда. Танымал ауыл шаруашылығын ұйымдастырушы Сайрамбай Дөненбаев басқаратын «Шәушен» шаруа қожалығы – табысы шалқыған, еңбегі жанған, ел-жұртының тұрмысы түзелген, ауылы көркейіп, әлеуеті артқан үлкен ұжым. Бүгінде ақтылы қойын өріске толтырып, жылқы шаруашылығын жаңа жағдайға бейімдеп дамытуда. Әсіресе, соңғы жылдары шаруашылықтың қазақтың ұлттық емдік сусыны болып табылатын қымыз өндірісін жолға қоюы қуана құптарлық жағдай. Осында қымызбен емдейтін сауықтыру орны салынып құрылысы аяқталуға таяу, көп ұзамай мұнда келушілер көп болатынына сенгім келеді, – деді. Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі Жарылқасын Айтақов шопандықтың арқасында шаруасын дөңгелетіп, құрған шаруашылығы елдің құт-берекесіне айналып отырған Сайрамбай Дөненбаевқа алғысын айтып, тірліктеріне табыс, береке тіледі. Одан кейін сөз кезегі шаруашылық басшысы Сайрамбай Дөненбаевқа берілді. – Қазақ хал-жағдай сұрасқанда «Мал-жаның аман ба?» дейді. Ал бүгінгі мереке жайлы айтар болсақ, бұл дәстүрді осы жерде отырған қазыналы қарттарымыз бен ақ жаулықты апаларымыз жақсы біледі. Кейінгі кезде осынау игі дәстүр ұмыт бола бастады. Бұйырса, алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасын табатын болады. «Қымызмұрындық» – біздің ұлттық мерекеміз. Салауатты өмір салтын ұстанамыз десек, деніміз сау, өміріміз ұзақ болсын десек, біз қымызды тек той-томалақта, ас-басқосуда ішетін сусын ретінде пайдаланбай оны күнделікті тұрмысымызға, дастарқанымыздың ас мәзіріне енгізуіміз керек. Міне, бүгінгі «Қымызмұрындық» мерекесінің басты мақсаты осы. Шаруашылығымыздың кең өріс алып, дамуын Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанып отырған саясатының арқасы деп білемін. Тұрақты түрде субсидиямызды алып келеміз. Елді берекелі-бірлікте басқарып отырған Елбасыға алғысымызды айтамыз, – деп жиылған жұрттың көңілін жадыратты. Мұнан кейін Сайранбай Әліқұлұлы шаруашылығындағы еңбекқорлығымен танылып, жемісті еңбек еткен, 100 саулықтан 108-ден 130 бас қозыға дейін төл алған үздік шопандар мен еңбек адамдарын марапаттады. Атап айтсақ, үш жеңіл «Нива» автокөлігіне үздік шопандар Сейітбек Дүйсенов, Марат Рәсілов және Жанболат Құрақбаевтар ие болса, Жәнібек Қадырманов бір миллион теңге, Сатыбалды Қызбарбеков тоғыз жүз мың теңге сыйақыға ие болды. Малшылар мерекесінде ұзын ырғасы 38 еңбек адамына үш «Нива» жеңіл көлігінен бөлек, жалпы сомасы жеті миллион теңгенің қаржылай сыйақысы табыс етілді. Марапаттау рәсімінен соң жиналған жұртшылық мол дастарқаннан, сабадан құйылып, шарада сапырылған бал қымыздан дәм татты.

IMG_95++11 IMG_952++2 IMG_973++1 IMG_9551 IMG_9654

Нұрболат Әлдибеков,  «Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар