«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаз жайнатып, күн күлдіріп

Жаз жайнатып, күн күлдіріп
ашық дереккөз
Жаз жайнатып, күн күлдіріп

Биыл 1-10-сыныпта оқитын 187029 оқушыны жазғы демалыс кезінде ұйымдастырылатын іс-шараларға қатыстыру жоспарланса, оның 87 пайызын жазғы сауықтыру және демалыс, еңбекке тарту шараларымен қамту көзделген. Тараз қалалық «Рауан», «Болашақ», «Жұлдыз», Т.Рысқұлов ауданындағы Ә.Молдағұлова атындағы және Қордай ауданындағы «Балауса», Талас ауданындағы «Жұрындысай» мемлекеттік сауықтыру орталықтары мен 4 мемлекеттік емес сауықтыру орталықтарын қосқанда, облыста 10 сауықтыру орталығы бар екен. Қазіргі таңда 12 күнге 28 мың 200 теңге төлеп, 280 оқушы «Рауан» сауықтыру орталығында демалуда. Мемлекеттік емес сауықтыру орталықтарының төлемақысы 40 мың теңгенің төңірегінде көрінеді. Ал әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары үшін жазғы сауықтыру орталығында демалу тегін. Балалардың жаз мезгілінде сапалы сауықтыру орталығымен қамтылуы, демалысы мен олардың бос уақытын ұйымдастыру 2 бағытта жүргізіледі екен.

Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Иес Құдайбергенов, облыстық білім басқармасының бөлім басшылары Светлана Шевченко, Мұхтар Керімбеков қатысқан өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте осы жайттар сөз болып, балалардың сапалы сауықтыру орталықтарымен қамтылып, олардың бос уақытын тиімді пайдалану мәселесі жан-жақты айтылды. – Бірінші бағыт бойынша 10 сауықтыру орталығында – 7410, мектеп жанындағы 369 демалыс алаңында – 32534, тамақ ішуді ұйымдастырмайтын 426 демалыс алаңында 113267 бала демалады. 124 бала республикалық сауықтыру орталықтарына барса, 9287 балаға ата-ана мен демеушілердің көмегі тиіп отыр. Екінші бағыт бойынша туристік және экскурсиямен – 8692, мектептер мен мектептен тыс білім мекемелерінде тіл үйрену, спорттық, өнер бағыттары бойынша 60076 жасөспірім қамтылмақ. Еңбек жасақтарымен – 35207, аула клубтарымен 3700 баланы қамту көзделуде. Сонымен қатар, жоғары оқу орнындағы 3-4 курстың ағылшын тілі мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерін волонтер ретінде жаз мерзімінде мектептердегі ағылшын тілі үйірмесіне тарту жұмыстары жүргізілуде, – дейді Светлана Шевченко. Облыс аумағында осы айдан бастап, екі апта бойы «Қазақстан балалары – нұрлы болашақ» акциясы аясында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқаны ұйымдастырылмақшы екен. Сондай-ақ, жиын барысында жаз мезгілінде жасөспірімдердің жанармай құю бекеттерінде немесе көкөніс өсіретін бау-бақшалар мен сауда орталықтары секілді науқандық жұмысқа сұраныс көп жерлерде ақыға жұмыс істеуіне жол берілмейтіні айтылды.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар