Тұтынушылардың құқықтары талқыланды

Тұтынушылардың құқықтары талқыланды
ашық дереккөз
Тұтынушылардың құқықтары талқыланды

Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25 жылдығына арналған «дөңгелек үстел» өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов, Жоғарғы сот, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, орталық мемлекеттік органдардың, мәслихаттардың және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарының, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, республикалық адвокаттар алқасының, қазақстандық медиация орталығының өкілдері қатысты. Бейнеконференция арқылы еліміздің барлық өңірлерімен тікелей байланысқа шықты.

«Дөңгелек үстелде» «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты өзгерістер, жаңалықтар мен көлік және медицина қызметтерін көрсету мәселелері талқыланды. Тимур Жақсылықов заңға енгізілген өзгерістер тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін құруға және қазіргі жүйені жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Вице-министрдің айтуынша, қазір бір мәселе бойынша оннан астам тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда, оларға сотқа жүгіну құқықтарын беруде мемлекеттік органдардың құқықтары кеңейтілген. Тауарларды сатуға, кері қайтаруға және айырбастауға қойылатын талаптар жетілдірілген. – Жаңалықтардағы басты қағидаттардың бірі – жасалатын шарттың қарапайым және кез-келген адамға түсінікті болуы, шарт оларды түсіну үшін арнайы білімді қажет етпейтін, нақты тұжырымдалған болуы тиіс, – деп түсіндіреді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Әлиақпар Мәтішев заңдағы өзгерістер туралы. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін ендігі жерде куәлардың айғақтарынан және фискалдық чектен басқа Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарды сатып алу фактісін растау үшін фото және бейнетүсірілімді қолдануға құқық беріледі. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау шеңберінде «Электр энергетикасы туралы» Заңға түзетулер енгізілді, оған сәйкес энергиямен жабдықтаушы ұйымдар тұтынушыға пайдаланылған электр энергиясына ақы төлеу бойынша берешегі болған кезде жылу энергиясын және керісінше жылу энергиясына ақы төлеу бойынша берешегі болған кезде электр энергиясын беруді тоқтатуға құқығы жоқ. Тұтынушыларды жаңылыстыруды болдырмау мақсатында «Жарнама туралы» Заңның мемлекеттік құрылыс нормалары мен қағидаларында тұрғын үй ғимараттарының жобалау құжаттамасы мен жіктемесіне сәйкес келмейтін құрылысы жүріп жатқан, сондай-ақ алғаш рет пайдалануға енгізілген тұрғын үйді (тұрғын үй ғимаратын) жарнамалауға тыйым салынды. Жаңа өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жай-күйі туралы жылдық есеп береді.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар