Оқушы да қобалжымасын, ата-ана да абыржымасын
Ұлттық бірыңғай тестілеудің бәсекелік сипат алғанының бір көрінісі осы шығар, бүгінде мектеп бітірушілерді былай қойғанда, ата-аналардың өздері өзара жарысып жүргені. Перзенті тест тапсырып қойғандар: «балам жоғары балл алды, менің қызымның көрсеткіші жақсы» десіп, мақтанады, ұл-қызын рейтингісі жоғары оқу орнына «пристижный» мамандық бойынша оқуға түсіруге тырысады. Жөн-ақ, кім баласын жаман болсын дейді. Бірақ, соларға қарап, кейінгілердің де алдын ала «алашапқынға» түсетіні тағы бар. Қоғамда қалыптасқан осындай жағдайларға байланысты «Нұр Отан» партиясы биыл республика көлемінде ата-аналарға психологиялық көмек көрсетуді қолға алып отыр.
«Биыл «Нұр Отан» партиясы 12 жобаны қолға алуда. Соның ішіндегі «Біз бақытты отбасымыз» жобасының аясында республика бойынша 17 қалада бір күнде бір уақытта ата-аналар жиналысы өтті. Бұл шараның басты мақсаты – ата-аналарға ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде себі тиер психологиялық көмектер көрсету. Нақтырақ айтсақ, мамандар сынақ кезеңінде балаларды моральдық тұрғыда қолдау үшін әдістемелік кеңес беруде. Мұндай жиын қаланың сегіз мектебінде өтіп жатыр. Алдағы уақытта аудандарда да өткізіледі деп күтілуде», – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыру және бақылау бөлімінің консультанты Айнұр Келімбетова. Мектеп бітірушінің тестке дайындығына ұстаз, мектеп басшысы, сондай-ақ, ата-ана да жауапты. Бұл әрине, баламен бірге оқу материалдарын жаттап ал деген сөз емес. Оларға алдымен, психологиялық тұрғыдағы көмек қажет. Тараз қаласындағы Б. Момышұлы атындағы №45 классикалық гимназияның директоры Айша Ниязбекова оқушылар тестке шама-шарқына қарай өзі дайындалатынын айтады. «Бірақ, бұдан мұғалімнің жауапкершілігі төмендемеуі тиіс. Мектеп қабырғасында өткен тақырыптарды баланың қалай игергені ұстазына байланысты. Түлектердің жетістігі – педагог жұмысының нәтижесі деп бағаланады. Сондықтан, пән мұғалімдері бітірушілердің дайындығын пысықтап отырады», – дейді мектеп басшысы. Мектеп бітірушілер мұғалімдерден, ата-аналардан демеу күтетіні анық. «Істеген ісімді үлкендер қоштай ма, қоштамай ма» деген ой әрбір балаға тән. Бірақ, тестке қатысатын ұл-қызына қолдау көрсетеді деген ата-аналардың өздері көбірек қобалжып жүрген сыңайлы. Мұны №45 мектеп-гимназияда өткен жиынға қатысқан аналар мен әкелердің жүздерінен анық аңғаруға болатын еді. Көңілінің алаң екенін Айнакүл Дүйсенбетова да жасырмады. «Ұлым – осы мектептің түлегі. ҰБТ жақындаған сайын алаңдап жүрміз. Бүгінгі жиналыста айтылған кеңестер арқылы ішкі толқынысымды жеңіп, тестілеуде балама қолдау көрсете аламын деп ойлаймын», – деп ағынан жарылды ана. ҰБТ – жай ғана сынақ. Тестілеуден өтпегеннің жолы кесіледі деп байбаламдаудың қажеті жоқ. Биыл сәтсіздікке ұшырағандар келесі жылы кешенді тестке қатыса алады. Ата-ананы сабырға шақырған жиынның түйіні осы болды.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді