- Advertisement -

«Болашақ» бағдарламасы – ел ертеңіне жасалған инвестиция

73

- Advertisement -

2015 жылы елімізде өткен Президент сайлауы алдындағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сайлауалды тұғырнамасы ретінде ұсынылған 5 институттық реформа одан кейінгі уақытта өзінің логикалық жалғасын тауып, қазіргі кезде мемлекет пен қоғамның дамуына серпін берген түбегейлі өзгерістерге бастау болып отыр. Осы жылы 5 институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы бекітіліп, бұл бағдарламаға Ұлт жоспары мәртебесі берілді.

Мемлекет басшысы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында атап көрсеткендей, Ұлт жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің ұлттың өрлеу дәуірінің көкжиектерін кеңейтіп, тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. Міне, сондықтан, Үкімет 100 қадамды жүзеге асыруға заңды тұрғыда мүмкіндік беретін 69 заң қабылдап, реформаны құқықтық қамтамасыз етуге қатысты заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізді.
Ұлт жоспарының 88-қадамында еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы барлық салалардағы жеткен жетістіктерін насихаттау үшін ауқымды іс-шаралар кешенін әзірлеу қажеттігі айтылған. Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекет саясатының нәтижесінде қоғам дамып, Қазақстан азаматтары айтулы жетістіктерге қол жеткізгені белгілі. Бұл – тәуелсіздігіміздің жемісі. Отанымыздың, тіпті, әрбір қазақстандықтың табысын насихаттаудың мән-маңызы зор. Осы арқылы мемлекет саясатының бағытының дұрыстығына көз жеткіземіз әрі жеке тұлғаның дара жолын жастарға, жеткіншектерге үлгі ретінде көрсетеміз.
Мемлекеттік саясаттың басты жетістіктерін атап көрсеткенде алдымен Елбасымыздың көрегендігімен өмірге келіп, табандылығымен жүзеге асқан «Болашақ» бағдарламасы туралы айту керек. «Болашақ» халықаралық стипендиясы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасының идеясымен өмірге келді. Жиырма жылдың ішінде ауқымды бағдарламаға айналды. Осы уақыт аралығында аталмыш стипендия формасы жағынан болсын, мазмұны жағынан болсын дамып, үміткерлерге қойылар талаптары нақтыланып, болашаққа үмітпен қарайтын жастардың білім алу траекториясының бағдар тұтар нысанасына айналды деуге болады. Стипендия туралы көптеген ақпарат келтіруге болады, маңыздысы – стипендияның мемлекеттік тіл мен ағылшын тілі бойынша қажетті деңгейдегі білігі бар, еліміздің бүгіні мен болашағы туралы ойы түзу қазақстандық азаматқа қолжетімділігі. Соның арқасында еліміздің талантты жастары әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында «магистратура», «РһD докторантура» білім беру бағдарламалары бойынша білім алуға мүмкіндік алды.
Соңғы жылдарда мұндай мүмкіндік еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының ғылыми-педагогикалық мамандарына да берілуде. Тіпті, белгілі санаттағы мамандар бағдарлама бойынша шетелдік озық оқу орындары мен өндіріс орындарында тағылымдамадан өте алатын болды. Бүгінде олар оқытудың, ғылыми ізденістің немесе өндірістің жаңа технологияларын меңгеріп келіп, Отанымызда табысты еңбек етуде.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде университет ректоры Махметғали Сарыбековтің бастамасымен «Болашақ» стипендиясының мүмкіндіктері кеңінен насихатталып, кең қолдауға ие болды. Тек соңғы үш жылдың ішінде университет түлектерін қоспағанда, профессорлық-оқытушылық құрамның он өкілі еуропалық жоғары оқу орындарында аталмыш стипендия бойынша ұзақ мерзімдік тағылымдамадан өтіп келді. «Көптілді білім беру және ПОҚ құзырлылығын арттыру» бөлімінің басшысы Г.Құттыбаева Ұлыбритания Вулверхэмптон университетінде, «Менеджмент» кафедрасының меңгерушісі Ж.Нәзікова, «Туризм және сервис» кафедрасының меңгерушісі А.Молдашева, «Экономика» кафедрасының доценті С.Әбілдаев Польшадағы Жоғарғы силез экономикалық университетінде, «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының аға оқытушылары Б.Мырзахметов, Р. Құдайбергенова, Г.Жетпісбаева 1 жыл Лондонда және 1 жыл Францияның Нанси қаласындағы ғылыми-зерттеу орталықтарында, «Есеп және аудит» кафедрасының аға оқытушысы С.Тлеубаева Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, «Экономика» кафедрасының аға оқытушысы Г.Искакова Ресейдегі халықтар достығы университетінде тағылымдамадан өтсе, Болон процесі және академиялық ұтқырлық бөлімінің маманы Ж.Алданов Англиядағы Саудгэмптонда магистратура бітіріп келді. Олардың барлығы қазіргі кезде университетте өз мамандықтары бойынша жемісті еңбек етуде және «Болашақтан» әкелген тағылымын шәкірттерімен бөлісуде, сонымен қатар университеттегі оң бастамалардың қайнаған ортасында жүр деп айтуға болады.
Болашақта «Болашақ» стипендиясы иегерлері ішінде тараздықтардың санының артатындығына сеніміміз мол. Стипендияға үміткерлерге мемлекеттік тіл мен ағылшын тілін жетік білу талабы қойылатыны белгілі. Жамбылдық жастар осы талапқа сай болуы үшін 2013 жылдан бері университетімізде «Көп тілді білім беру бағдарламасы» іске қосылып, қазіргі кезде бакалавриаттың сегіз мамандығы (құқықтану, халықаралық құқық, биология, экология, биотехнология, есеп және аудит, мұнай-газ ісі) бойынша арнайы топтардағы студенттерге мамандық бойынша пәндерді мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде меңгеруде. 2017 жылы осы бағдарламаның үш тілді жетік меңгерген алғашқы түлектері университетті тәмамдайды.
Университетте көптілділікті дамытудың жол картасы бекітілді. Құжатта көрсетілген негізгі бағыттардың бірі – «Болашақ» стипендиясы түлектерін университетке оқытушылық қызметке неғұрлым көбірек тарту.

Қайрат 
Нұрманбетов, 
М.Х. Дулати 
атындағы 
Тараз 
мемлекеттік 
университеті 
Заң факультетінің 
деканы, облыстық 
қоғамдық кеңесінің 
мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support