Пионер ауылының төскейі төлге, қорасы қойға, қамбасы дәнге толуымен қатар, аумағы сәнге, сахнасы әнге бөленіп, тұрғындарының көңілдері көлдей шалқып, сезімдері сұлулана түскен. Осындағы Қ. Сартбаев атындағы орта мектептің директоры Лесбек Өзенбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған кездесу кешінде де мектептің бүгінде есімдері елге танымал әр жылдардағы түлектері ауыл клубы сахнасының төрінен табылды. Бұл күні клубқа ауылдың үлкен-кішісі түгел жиналды десе де болады.
Өткен жылы ғана күрделі жөндеуден өтіп, жаңарған мәдениет ошағы төрінен орын алған жас ақын, облыстық «Мәдениет мінбері» журналының тілшісі Наурызбек Саршаев, самбо күресінен Азия чемпионы, дзю-до күресінен ел біріншілігінің бірнеше дүркін чемпионы, 80 кило салмақта белдесіп жүрген балуан қызымыз Ақтолқын Смағамбетова, самбо, дзю-до, қазақ күрестерінен спорт шебері, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы Айбол Айтбеков, қол күресінен Азия, Әлем біріншіліктерінің чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Пернежан Сағатіллә, Алматы қаласындағы «Ринго» продюсерлік орталығындағы «АЮМИ» тобының және облыстық «Алатау» ансамблінің әншісі, облысымыздың атынан Республика сарайында өткен концерттік бағдарламада Елбасының ықыласына бөленген Айгерім Боранбаева және «Аспара» колледжінің білімгері, аудандық, облыстық «Қылқалам шебері» байқауларының жеңімпазы, көркемсөз оқу шебері, әнші, суретші-дизайнер Айбек Оңлабай секілді түлектер өнерлерімен көпшіліктің көзайымына айналып, сүйіспеншілігіне бөленді. Өңірімізге белгілі әншілер, осы ауылдың тумалары Ғани Мәтебаев пен Маралбек Бабақұловтың ізін баса шыққандардың құрметіне мектептің өнерпаз оқушылары да ән мен жырдан шашу шашты. Әсерлі өткен кездесу кешінде жас ақын, әнші, балуандарымыздың ата-аналары, сынып жетекшілері, пән мұғалімдері өздеріне қуаныш сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Қоңырбаев ақ батасын берді. Бір мектептен осыншама өнерлі, талантты жастардың шығуы, олардың алтын ұяларымен сағына қауышып, табалдырығына тағзым етуі ешкімді де бей-жай қалдырмады. Осы кездесуден кейін Пионер ауылын «Бұлақтың көзін ашқан» ауыл, өнерліні ақ бесігінде тербеткен ауыл, ұлағатымен өрісін кеңейткен ауыл десек әбден жарасар деген ойды көңілімізге түйіп қайттық.
Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді