«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Оқулықтағы олқылықтар

Оқулықтағы олқылықтар
ашық дереккөз
Оқулықтағы олқылықтар

«жыры» әлі күнге сағыздай созылумен келеді

Облыстық білім басқармасы ұйымдастырып, өткізген шығармашылық ізденіспен жұмыс істейтін тәжірибелі пән мұғалімдерінен құралған жұмысшы тобының отырысы тап осы мәселеге – 2014-2015 оқу жылында пайдалануға рұқсат етілген оқулықтарға, оқу-әдістемелік кешендерге, оқу құралдары мен басқа да қосымша әдебиеттерге сараптама жасап, олардың ең қажетті, жаппай қолдануға да тиімділерінің тізбесін түзіп, қалыптастыруға арналды. Оған облыс мектептерінен барлығы 220 пән мұғалімі қатысты.

Елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясындағы Үкіметтің іс-шаралар жоспарында да жалпы білім беру жүйелерінде оқитын барлық оқушылар жергілікті бюджеттер есебінен сатып алу жолымен жүз пайыз тегін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілетіні қарастырылған. Осыған орай, жыл сайын кезең-кезеңімен оқулықтарды қайта басып шығару кестесіне сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендеріне тапсырыс та беріледі. Облыс бойынша, мысалы, 2012 жылы 1, 7, 8, былтыр 2, 9, биыл 3, 10-сыныптардың оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендеріне тапсырыс берілген. Дейтұрғанмен, оқулықтағы олқылықтар «жыры» әлі күнге сағыздай созылумен келеді. Осы мәселені қарап, талқылауға арналған жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов қатысып, облыстың үздік пән мұғалімдерінің ой-пікір, ұсыныстарын тыңдады. Химия пәнінің мұғалімдері өздері күнделікті оқытатын 10-сыныпқа арналған Габрилян мен Шоқыбаевтың «Химия» оқулығында әріп қателері көптеп кездесетіндігін, әрі қосымша әдістемелік нұсқаулығы жоқтығын, оған қарағанда бұрынғы Нұрахметов жазған оқулық біршама толыққанды екенін айтып, оны қайта басып шығару қажеттігін жеткізді. Ал, тарих пәнінің мұғалімдері қолданыстағы авторы бір болғанмен, әр жылдары - 2003, 2007, 2012 жылдары қайта басылып шығарылуы барысында қате жазылып, кейбір тарихи даталар, оқиғалар мерзімдері мен белгілі тұлғалардың өмір сүрген кезеңдерінде сәйкессіздіктер орын алғанын, мысалы Аңырақай шайқасы олардың бірінде 1726, екіншісінде 1728 жылы болды деп көрсетілгенін, мұндай сәйкессіздіктер 6,7,8-сыныптарға арналған оқулықтарда да көптеп кездесетінін жасырмай айтты. Шынында да мұндай сәйкессіздіктер мектеп бітірушінің ҰБТ сынағы кезінде де жолын байлап, едәуір кедергі келтіретіні белгілі. Рас, бұл тұрғыда оқулықтардың барлығы бірдей сәтсіз шыққан деп біржақты пікір білдіруге де болмас. Мысалы, орыс тілі оқытушылары қазақ мектептері оқушыларына арналып жаңа шыққан «Орыс тілі» оқулықтарының сапасы да, безендірілуі де көңілдерінен шыққанын, былтырғысымен салыстырғанда мазмұны да анағұрлым жақсарып, ықшамдалғанын, мәтіндері, стилистикасы да ұғынықты тілде жазылғанын айтады. «Қалай болғанда да жеткіншектеріміздің алаңсыз оқып, білім алуына қолайлы жағдайдың барлығын да жасауға тиіспіз. Әсіресе, оқулықтарымызда олқылықтар орын алмауы бәрінен де маңызды. Бұл тұрғыда тиісті тараптарға ұсыныстарыңызды дайындаңыздар» деген Ерқанат Нұрбапаұлы пән мұғалімдерінің шығармашылық тұрғыда кеңесу, талдау, сараптау барысында қолданысқа мейлінше лайықты оқулықтарды таңдап алуда ұтқырлық, білгірлік, жанашырлық танытатындарына сенім білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Шығармашылық топ жұмысының хаттамалары мен оқу кешендерінің тізбесі осы орайдағы жұмысты жандандыру үшін ұсыныс ретінде барлық қалалық, аудандық білім бөлімдеріне де жолданылатын болды.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

 

Ұқсас жаңалықтар