Қордайдағы кеннің келешегі зор

Қордайдағы  кеннің келешегі зор
ашық дереккөз
Қордайдағы кеннің келешегі зор

Облыста титан диоксидін және кремний диоксидін өндіретін жоба іске асырылмақ

«Тасы да алтын Қордайдың, тауы да алтын» деп Кенекең бекер әнге қоспапты. Бұл жердің табиғи қазба байлықтарға бай екені кеңестік кезеңнен белгілі. Жер қойнауында алтын да, уран да, басқа еш жерде кездеспейтін қатты қызғылт гранит те, басқалары да баршылық. Ал Аңырақай даласының Тымлай аталатын жерінде титанды-магний кен орны табылғаны туралы әңгіме шамамен осыдан он жыл бұрын айтыла бастаған. Қазақстан нарығында 2001 жылы пайда болған алматылық «TENIR LOGISTIK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2006 жылдың соңында осы «Тымлай» кен орнында барлау жұмыстарын жүргізу құқын иеленген еді. 

Бұған дейін Шығыс Қазақстандағы ірі өнеркәсіп орындары үшін Қазақстан мен Ресейден, Қытайдан шикізат, құрал-жабдықтар, арнаулы техника мен материалдар жеткізумен шұғылданып келген «TENIR LOGISTIK» ашық әдіспен өндірілетін темір кенінің қорын және оны өндіретін жаңа өнеркәсіп нысандарының сипатын анықтау үшін барлау жұмыстарын жүргізуі тиіс болды. Бұл жұмыс «Южказнедр» аймақтық басқармасымен келісілген жобаға сәйкес атқарылды. Аталған серіктестіктің бас құрылтайшысы – ағылшынның «FERRO MINING CAG LIMITED» компаниясы. Компания кен орнын барлауға 2007 жылы кірісті. Барлау жұмыстары геологиялық-геофизикалық, кен бұрғылау және жыныстарды зерттеу тәсілдерімен жүргізілді. Екі жылдан кейін-ақ зерттеулердің нәтижесінде кен қорындағы темірдің 10, 12, 14, 16 және 20 пайыздық борттық маңыздылығының бес нұсқасы бойынша өнеркәсіптік кондициялар жобалары әзірленді. Титанды-магний кенінің карьерлік тереңдікке дейінгі қоры 300 миллион тонна мөлшерінде бағаланды. Ондағы темірдің құрамы орташа 29 пайыз, титан қос қышқылы 9,56 пайызды құрайды деп күтілуде. Жүргізілген геологиялық барлау, жан-жақты зерттеулердің нәтижесінде кен орнының болашағы зор екені дәлелденді. Зерттеулерді жүргізген «TENIR LOGISTIK» серіктестігі осыншалықты бай кен орны орналасқан ауданға әлеуметтік серіктестік келісіміне сәйкес жалпы құны 307 миллион теңгені құрайтын ғимараттар салып, тарту еткенін айта кету керек. Аудан орталығына кіреберісте бой көтерген заманауи үлгідегі экологиялық таза, жылу сақтағыш, жеңіл де берік, отқа төзімді термопанельдерден салынған бұл үйлерде қазір «Балдәурен» балабақшасы орналасқан. Зерттеу жұмыстары табысты аяқталды. Нәтижесіне қарай бірден кен игеру қолға алынуы керек еді. Басқасын қайдам, бастапқы жоспар бойынша кен орны аумағында 2010 жылы карьерді жабдықтау, өнімділігі жылына 10-12 миллион тонналық кен байыту фабрикасының құрылысын жобалау қарастырылған болатын. Жылына 5 миллион тонна өнім өндіретін байыту фабрикасының бірінші кезеңінің құрылысы екі-үш жылдың көлемінде аяқталып, ал өндіріс орны 2015 жылы толық қуатында іске қосылады деп белгіленген-ді. Жоба жүзеге асырылғанда Аңырақайдың мүлгіген даласына жан бітер еді. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін кеншілер қалашығы пайда болып, жоғары кернеулі электржелісі, темір жол, тасжолдар тартылып, кезінде «Искра Ленина» колхозының шопандар базасы орналасқан Тымлай қырқаларында, қазіргіше айтсақ, жаңа өмір басталады деп күткен-ді тұрғындар. Бірақ, зерттелген кен орнын игеру кешеуілдей беріп, тіпті, ұмытылуға шақ қалғандай болған. Міне, енді сол іс қайта қолға алынды. Қордай кенін игеру мәселесі былтыр үкіметтік деңгейде көтеріліп, оған қажетті қаржы көздері нақтыланды. Пекинде өткен іскерлік кеңесте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қытай компанияларымен Жамбыл және Павлодар өңірлерінде салынатын, құны 2,3 миллиард долларды құрайтын титан-магний кенін өндіретін тау-кен өндіру кешені және зауытының құрылысы бойынша 4 жақты меморандумға қол қойды. Келісім бойынша құрылыстың алғашқы кезеңіне 900 миллион доллар инвестиция тартылмақшы. Облыс әкімінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, Қазақстанның екі облысында тау-кен, химия-металлургия кешендері салынады. Нақтырақ айтсақ, Жамбыл жерінде Қордай ауданындағы «Тымлай» титан-магний кен орны базасында кен байыту, ал Павлодар облысында «Павлодар ЕЭА» аумағында химия-металлургия комбинаттарының құрылыстарын жүргізу жоспарланып отыр екен. Яғни, Қордайда қазылып алынған кен байытылған күйде Керекудегі зауытқа тасымалданады. Енді бас мердігер «TENIR-LOGISTIC» ЖШС, Жамбыл және Павлодар облыстарының әкімдіктері «China Machinery Engineering Corporation» және «China Metallurgical Group Corporation» арасында төрт жақты меморандумға қол қойылады деп күтілуде. «China Machinery Engineering Corporation» компаниясы комбинаттар құрылысына инвестиция құйып, қажетті жабдықтарды сатып алуға және өндірісті іске қосуға дайын көрінеді. Сондықтан, қос тарап ынтымақтастық жөнінде екі құжатқа қол қойды. Атап айтқанда, «TENIR-LOGISTIC» ЖШС мен «China Machinery Engineering Corporation» компанияларының өзара түсіністігі жөнінде шектелмелі келісімге келді. Сондай-ақ, «TENIR-LOGISTIC» және «KSP Steel» серіктестіктері арасында өзара өнім жеткізіп тұру жөнінде алдын ала шарт жасалды. Екі өңірге тау-кен және химия-металлургиялық кешен салуға қыруар инвестиция салғалы отырған қытайлық инвесторлардың әлеуеті қандай? Қытай машина жасау инжинирингтік корпорациясы саудада, ғылыми зерттемелер мен логистикада инжинирингтік келісімшарттарды жүзеге асырып, халықаралық тендерлер мен көрмелерге белсенді қатысып келеді. Электр энергетика, көлік, байланыс, коммуникация, үй құрылысы мен архитектура, зауыт құрылысы, қоршаған ортаны қорғау, қорды өндіру және барлау салаларында да мердігерлік қызметтер ұсынады. Жергілікті кәсіпорындарға қажетті жабдықтарын жеткізумен айналысады. Қордайдағы ірі кен орнын іске қосу арқылы қандай мәселелер шешімін табады? Жалпы, кен байыту комбинатының жобалық қуаты бес миллион тоннаны құрайды. Ал титанды магнийді концентрат түрінде 1,85 миллион тоннаға дейін өндіру жоспарлануда. Осы замандық экологиялық таза, жоғары өнім алатын технологияны қолдана отырып, өнім өндіретін кәсіпорын жылына 45 мың тонна пигментті титан диоксидін, 10 мың тонна кремний диоксидін, 650 мың тонна ванадий пентаоксидін, 190 мың тонна болаттың арнаулы түрлерін өндіретін болады. Мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның жалпы құны 700 миллион долларға бағаланып, нәтижесінде кәсіпорын өндірген өнім ішкі қажеттіліктерді өтеумен қатар, экспортқа да шығарылады деп күтілуде. Мұндай өнімдер нарықтағы лак-бояу, қағаз, химия және электротехникалық өндірістерде қолданылады, сұраныс өте жоғары. ТМД елдері бойынша мұндай өндіріс тек Ресейде ғана бар, ал біздің елімізде әзірге жоқ. Демек, Жамбыл жері титан-магний кенін игеруде көшбасшы өңірдің біріне айналады.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар