ҰБТ-ны өткізуде талап та, жауапкершілік те жоғары
Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші білім сапасының негізгі өлшемі емес десек те, тестілеуді өткізуде қойылатын талап та, жауапкершілік те жоғары. Білім және ғылым министрлігі де бұл сынақты басты бәсекеге айналдырғысы келмеген шығар, алайда, алғашында орташа көрсеткіші жоғары өңірлердің рейтінгісін жасаған кезде-ақ осы жүйенің реформадан гөрі науқаншылдыққа ұласқанын түсінгендей еді жұрт. Кейіннен жоғары балл жинаған қай өңірдің түлегі екенін, шекті деңгейге жетпей қалғандар қай жақта басым екенін, тіпті тестке қатысу көрсеткішін де саралайтын болды. 12 жылдан кейін ғана министрліктегілер мұның барлығы алдымен баланың болашағына әсер ететінін түсінген секілді. Сөйтіп, биыл ҰБТ қорытындысы бойынша шекті деңгейге жете алмағандарға екінші және үшінші мүмкіндік беру туралы шешім қабылданды. Дегенмен, бұл ҰБТ-дан «үріккен» түлектерге онша әсер ете қоймады. Себебі, кейбір аудандарда мектеп бітірушілердің тестілеуге қатысу көрсеткіші әлі де төмен.
Селекторлық режімде өткен аппарат кеңесінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев осыған баса назар аударды. Өңір басшысы былтыр да Қордай, Шу, Меркі, Байзақ аудандарында түлектердің тестілеуге қатысу көрсеткіші төмен болғанын айтты. Биыл тест тапсыруға талап білдірушілер біршама көбейгенімен, басқа аудандармен салыстырғанда қатысушылар саны әлі аз екен. Облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың мәліметіне сүйенсек, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш Қордай ауданында 5,3 пайызға, Меркі ауданында 7,3 пайызға артқан. Жалпы, облыс бойынша 8561 түлектің 6065-і тестілеуге қатысуға өтініш білдіріпті. Оның 220-сы – «Алтын белгіге», 86-сы – үздік аттестатқа үміткер.
– Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыратын 6065 мектеп бітірушінің 3295-і тасымалдауды қажет етеді. Оларды тасымалдауға және тамақтандыруға, жатын орындарына 16 миллион 990 мың теңге қаржы бөлінді. Облыстағы барлық 10 ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пункті бейнебақылау камералары, ұялы телефон дыбысын тұншықтырғыш, металіздегіш және бейнетіркегіш құралдармен қамтамасыз етілді, – деді Сұлушаш Сәтбекқызы.
Басқарма басшысының айтуынша, облыс мектептерінде жыл бойы мектеп бітірушілердің ҰБТ-ға дайындау сапасын жақсарту мақсатында талдау-саралау жұмыстары жүргізіліпті. Тестілеуде үздік көрсеткішке ие болған мектептердің тәжірибесі таратылып, 8 рет сынама тестілеу өткізілген. Облыс әкімінің тапсырмасына сай өңіріміздегі жоғары оқу орындарының профессор-оқытушыларымен байланыс жандандырылып, жүйелі жұмыс жүргізіліпті. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеудің ерекшелігі – шекті деңгейден өте алмағандарға тамыз айында ақылы негізде кешенді тестілеу тапсыруға қайта мүмкіндік берілетінінде. Тестті қайта тапсыру ақысы – 2242 теңге. «Жекелеген пәндерден екілік алғандарға және ҰБТ-да жинаған балдарының нәтижесін жақсартамын деушілерге қайта тапсыруға рұқсат берілмейді. Қайта кешенді тестке қатысқандар жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне қабылданады. Екінші жолы да шекті деңгейге жете алмағандар оқу орындарына шартты түрде қабылдануы мүмкін. Бірақ, қаңтар айында қайта сынақ тапсырады», – дейді басқарма басшысы. Бұл жеңілдіктер түлектердің бойындағы «қорқынышты» жеңуге көмектеседі деген үміт бар. Қалай десек те, олар енді бұрынғы тәртіп бойынша бір жыл уақытын жоғалтпайды. Ақылы оқуға тапсыруға мүмкіндік беріледі. Осы тұрғыдан алғанда биылғы тестілеуде талапкерлерге біршама жеңілдеу болатын шығар. Тест тапсырмаларының базасы 30 мың тапсырмаға жаңартылғанын, оның 3 мыңы логикалық сұрақтар екенін ескерсек, жауабы күмәнді сауалдардың болмайтынына сенім мол. Дегенмен, Тараз қаласының бітіруші түлектері алғашқы сынама тесттерінде жоғары нәтиже көрсеткенімен, соңғы бақылау сынақтарында көрсеткіштері біршама төмендеген. Қала әкімі Нұржан Календеров мұның себебін бақылау тесттерінде де бақылаудың көбейгенімен байланыстырды. Аппарат кеңесінде өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев Тараз қаласы, Қордай, Шу, Т.Рысқұлов аудандарының әкімдерінен тестілеуге дайындық барысында қандай жұмыстар атқарылғанын сұрады. – Қордай ауданында 1110 түлек мектеп бітіруде. Соның 571-і ғана ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Біз ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру үшін типтік үлгідегі жаңа мектептер салып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудеміз. Соған қарамастан, балалардың жоғары білім алып, маман атануға деген ұмтылысы төмен. Гвардияшылар әскери қалашығында 900 орындық мектеп салынды. Сондай-ақ Масаншыда – 840 орындық, Кенен ауылында – 600, Бұлар батырда – 600, Сортөбеде – 300, Алғада – 180, Красный партизанда – 300, Қақпатаста 250 орындық жаңа білім ошақтары пайдалануға берілді. Сонда бұл мектептерді не үшін салып жатырмыз? Әлде жастарға жарқын болашаққа бастар жол білім екенін түсіндіре алмай жүрміз бе? – деді Кәрім Нәсбекұлы. Облыс әкімі осы сауалды Шу ауданының әкімі Рүстем Дәулетке де қойды. Қос ауданның басшылары жастармен пікірлесу кезінде тестілеуге қатыспайтын түлектердің бірқатары отбасылық жағдайына байланысты жұмыс істеуге бел буып отырғанын, біразы шаруа қожалықтарда еңбек етуге дайындалып жүргенін, кейбір бозбалалар алдымен әскери міндетін өтеп келуді жөн санайтындарын айтып, түйткілдің түйінін тарқатқандай болғанымен, бұл басы ашық мәселе күйінде қалды. Себебі, еңбек нарығында қашанда кәсіби білікті маманға сұраныс көп. Кәрім Нәсбекұлы соңғы екі-үш жыл көлемінде Т. Рысқұлов ауданының тестілеудегі көрсеткіші төмен болғанын сынға алды. Аудандық білім бөлімінің басшысына биылғы сынақ білім және ҰБТ-ға дайындық сапасын арттыруда атқарған жұмыстардың қаншалықты нәтижелі екенін көрсететінін айтып, кемшіліктерге жол бермеуді қатаң ескертті. 1 маусымда балалардың жазғы демалыс маусымы басталатыны белгілі. Аппарат кеңесінде жазғы демалысты ұйымдастыру мәселелері де талқыланды. Облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың сөзіне сүйенсек, биыл өңірімізде 187029 оқушыны жазғы демалыс кезінде іс-шараларға тарту жоспарланып отыр екен. Бұған жергілікті бюджеттен 280 миллион 917 мың теңге қаржы бөлініпті. Соның нәтижесінде 10 сауықтыру орталығында 7410 бала демалуға мүмкіндік алмақшы. Мамандар мектеп жанындағы сауықтыру шараларының да тиімді екенін айтады. Дегенмен, жаздың қызығы табиғат аясында демалып, саяхатқа шығу емес пе?! Биыл мұндай мүмкіндікке, яғни республикалық сауықтыру орталықтарына жолдама алған 124 оқушы ие болмақ. Ал туристік саяхаттар мен экскурсияларға 8692 бала тартылмақ. Ал еңбек жасақтарында 35207 жеткіншек еңбектенеді. Бірақ, олардың ешқайсысы маусымдық жұмыстарға тартылмайды. «Себебі, 16 жасқа толған жастарды ғана біз қоғамдық жұмыстарға тарта аламыз», – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков. Облыс әкімі балалардың денсаулық жағдайы, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сала басшыларына жазғы демалыс кезінде сауықтыру орталықтарында және тестілеу өткізу пункттерінде кезекшілік ұйымдастыру қажеттігін ескертіп, тапсырма берді. Аудан әкімдері мен білім бөлімдерінің басшыларына талап қатаң екенін айтып, өз істеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді