«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сәбилер бақытты болу үшін жаралған

Сәбилер бақытты  болу үшін жаралған
ашық дереккөз
Сәбилер бақытты болу үшін жаралған

Барлық бала тек қуанышқа, әрдайым шат-шадыман өмір сүруге лайықты. Олардың саф, таза, сыңғырлаған жарқын күлкілерінен асқан байлық та, бақыт та жоқ. Бала – өмірдің жалғасы. Балаға бақыт сыйлау әр ата-ананың міндеті. Елімізде балалардың жайлы, жақсы өмір сүруі үшін барлық жағдайлар жасалуда. Бала денсаулығына негізделген түрлі бағдарламалар басты бақылауда десек, «Балапан» бағдарламасы аясында соңғы, жаңаша үлгідегі балабақшалардың пайдалануға берілуі, түрлі, қызықты үйірмелердің ашылуы, балалар ойын аулаларының салынуы да олардың бақытты өмір сүруіне бірден-бір негіз болуда. Ол ғана емес, қазір сан түрлі балалар ойын-сауық орталықтары да жиілеп бой көтеріп, халық игілігіне беріліп жатыр. Қуанарлығы – қашан көрсеңіз де осылардың барлығында сәбилердің алаңсыз ойнап, шаттанып жүргендігін байқайсыз. Байқайсыз да, еліміздегі бақытты балалардың алаңсыз тіршілігіне тәубе дейсіз. Олардың бал-бұл жанған қуанышты жүздеріне қарап марқаясыз. Сондай-ақ, қазір мүгедек, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды да мемлекет және жекелей ұйымдар мен азаматтардың ұйымдастыруындағы қамқорлық негіздегі игі шаралармен ұдайы қамтып отыру да оң жолға қойылып келеді. Иә, бар бақытымыз да, қызығымыз да, күйбең тіршіліктің көлеңкелі сәттерін ұмыттыратын да – балаларымыз. Қазақ байлығын қорасындағы малымен емес, бауырындағы баласымен өлшегені бекер емес. Бала көбейсе, бұл бір отбасының құт-берекесі ғана емес, күллі елдің байлығы, ұлт демографиясына дем берер жемісі. Ең бастысы, сәбилеріміз аман болсын. Тәуелсіз еліміздің саясында бақытты ғұмыр кешіп, есейе берсін.

Мәдениет бөлімі.

Ұқсас жаңалықтар