«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мысырды мойындатқан Бейбарыс

Мысырды мойындатқан Бейбарыс
ашық дереккөз
Мысырды мойындатқан Бейбарыс

Санада сарғайған сартап сағыныш. Керуендей көшкен дәуірлердің ақ таңдақ парақтарын ақтарыстыра қалсақ, ұлы далаға таласқан, көз алартқан жаудың аз болмағанын білеміз. Алмағайып кезеңде, сағымдай селдіреген 13 ғасырда Қыпшақ даласында туылып, жаугершілік дәуірде тұтқынға түсіп, құлдыққа сатылып, мысырлық мәмлүктермен бірге әскери дайындықтан өтіп, құлдықты, ездікті еңсеріп, мәмлүк сұлтаны болған Бейбарыспен қазақ қалай мақтанса да құп. 

Моңғол шапқыншылығы мен крест жорықтарында асқан ерлігін, әскери қабілеттілігін танытқан Бейбарыс сұлтанның тұтас өмірін терең қамтыған қойылымды Тараз төрінде тамашалаудың сәті түсті. Биыл 90 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасын сахналады. Қойылым басталар алдында Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров академиялық театр ұжымын 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі. Театрдың ақтаңгері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовке шапан жауып, құрмет көрсетті. Өз кезінде театр тарланы театр ұжымына және өзіне көрсетілген құрмет үшін жамбылдық жерлестеріне, облыс және қала басшылығына алғысын білдірді. Бұл қойылымның қоюшы режиссері – Ю.Ханинго – Бекназар. Басты рөл – Бейбарысты жас талант, жерлесіміз Азамат Сатыбалды сомдаса, сәт сайын сан құбылып тұратын, жағымсыз образға толы бас уәзір бейнесін актер Бекжан Тұрыс сенімді алып шықты. Кезінде Нұрмұхан Жантөрин сомдаған бұл ұлы тарихи тұлғаның мінезін, болмысын, өр рухын Азамат қалай алып шығады деп қобалжығанбыз. Ер екен. Қимылы да, қозғалысы да, шеберлігі де, дикциясы да тәнті етті. Қойылым Бейбарыстың, оның жаужүрек достары Қалауын мен Құдыстың жау қолына түсіп, Мысыр патшалығына құлдыққа сатылып кеткен сәтінен басталып, одан әрі оқиға шиеленісе түседі. Жау соққысынан әлсіреп, еңселері езілген бұл үшеуінің арасынан алдымен есін жиып, қайтадан рухтанғаны да – Бейбарыс. Еңсе түзеген сәтінде Бейбарыс туған өлкесін, Отан-ананың бір түп жусанын, оның хош исін аңсайды. Бұл көріністер Азамат Сатыбалдының шеберлігімен керемет ұштасып жатты. Сахна экранында Бейбарысты жоғалтқан ана даусын Отанның, Жер-ананың құдіреті деп ұқтық. Режиссердің шеберлігі деп қабыл алдық. Жайық жағалауындағы жусанға деген ынтызарлық – Отанға деген құрмет. Еңсе түзеген Бейбарыс Мысыр патшасы Иса Тұран Шахтың сеніміне ие болып, әскербасылыққа сайланады. Алайда, адамның абыройы артқан жерде қызғаныш пен зұлымдық бас көтеретіні белгілі. Бейбарыстың мұндай беделі бас уәзір Құланға ұнамайды. Бас уәзір өзі жүрексіз, дәрменсіз болса да, айласымен, арам пиғылымен патшаның сенімді адамына ор қаза бастайды. Сөйтіп, қойылым одан әрі бас уәзірдің патша мен оның әйелі Фатима ханымға Бейбарысты жексұрын көрсетіп, іс-әрекеттерін теріс пиғылда танытуымен жалғасады. Дегенмен, ақтың аты – ақ. Бас уәзір кеш қалған екен. Ол айдаладан ор қазып жүргенде, Бейбарыс сұлтан негізгі жауын жеңіп, (Ніл өзенін бекіту арқылы батпаққа батырып, әлсіретіп) дұшпанының бағалы заттарын Мысыр патшасының алдына тартады. Осы жеңісінен кейін Бейбарыс Мысыр елінде бірнеше қыздың ішінен Тәжбақыт деген сұлуды таңдап, отау құрады. Көп ұзамай Мысыр патшасы Иса Тұран Шах белгісіз жағдайда қайтыс болуы оқиғаны одан әрі дамыта түседі. Осы сәтте таққа талас басталып, адамдардың сан түрлі психологиясы ашылады. Қоюшы режиссер мен автордың өзара үйлесімі байқалады. Алтын тақтан сужүрек бас уәзір Құлан да дәмелі еді. Ал, Фатима ханым бір-ақ сәтте бір елді билеген патша-зайыбын ұмытып, көңілдесі Айбекке болысады. Сатқындық, ақылсыздық бұл жерде де көрініс табады. Бейбарыстың жан досы Қалауынның сатқындыққа салынып, патша болуға көзсіздікпен ұмтылысы көрермен көңілін тербеп, сенімді баяндалды. Таққа жету жолындағы арпалыс, мінез, қадамдар осы сәтте шебер көрініс табады. Ақыры, Бейбарыстың ұсынысымен таққа Құдыс отырады. Бірақ, сол Құдыс та таққа қолы жеткен соң өзгеріп, өткенін ұмытып «Мен – әмірмін, патшаларыңмын» деп Бейбарыстың өзіне өктем сөйлейтін мінез табады. «Адам жылқы мінезді» деген осындай да айтылса керек. Құдыс өздеріне елшілікке келген моңғолдың 40 адамын дарға асуға бұйрық береді. Міне, осы шешімге Бейбарыс пен Қалауын қарсы шыққанымен, ұсыныстары жүзеге аспай, Құдыс бұйрығын өзгертпейді. Менмендіктен аласармайды. Артынша моңғолдармен қиян-кескі шайқаста жүрегіне жебе қадалып, Құдыс та бақилық болады. Құдыс үзіліп бара жатып «Кеттім» дейді, «Қайда?» деген Бейбарыстың сұрағына: «Жайыққа» деп жауап береді. Бірақ, ол туған жері Жайығына жете алмай, денесі Мысырда қалады. Осы сәтте тағы арпалыс басталады. Ақыры, патша бола алмайтынын сезген бас уәзір Құлан әрі-сәрі күйде жүрген Қалауынды арбап, таққа дәмелендіріп, Бейбарысқа у беріп өлтіруге көндіреді. Алайда, Қалауын көп қиналып, жанымен арпалысып, досына сатқындық жасаудан бас тартып, уды Бейбарыстың қолынан жұлып алып өзі ішеді. Бұл жағдайлар Бейбарыстың еңсесін езеді. Талай жаудың алдында, қанды жорықта сыр бермеген батыр достарының қазасына қатты қайғырады. Осы сәттегі сүйгені Тәжбақыт екеуінің диологы жүрекке ши тастағандай әсер етеді. Іңкәрлік, сыйластық, сезім сергелдеңі мен Отан-анаға деген сағыныш таразыға түскенде Тәжбақыт: «Бар, еліңе орал» деп кемеңгер әйелдің сөзін айтады. «Жанымды азапқа, тәнімді тозаққа тапсырам ба?» деген Бейбарыстың жанайқайы да жүректі шымырлатты. Кейіпкер артындағы Отанға шақырған ана даусы – жоғын іздеген қазақтың үні секілді құлаққа тұнып қала берді. Бұл қойылымның кезінде орысша нұсқасын көргенде Рахымжан Отарбаевты монологист драматургке айналдырғандай болып еді. Бұл жолы көрермен сахнадан пластиканы, іс-қимылды, керемет хореографияны, тарихпен тамырлас музыканы, жазушының суреткерлік қырын, дәуірге сай киім үлгілерін көре алды. Сахна – адамның ұлылығы, сатқындығы, босбелбеулігі айшықталатын, түйіп айтқанда кейіпкерлер характерінің жиынтығы топтасатын киелі орын. Шығармадағы идея тартысы мен суреттерді көрерменге нанымды жеткізу үшін қимыл әрекеттің рөлі зор екенін, Бейбарыстың ішкі әлемін, батырлығын, поэтикасын монологпен жеткізу қиын екенін осы режиссурадан ұқты. Бұл нағыз академиялық театрға арналған қойылым. Аңыздарда Бейбарыс Хеопс пирамидасының ұшар басына киіз үй тіккен деседі. Бұл миф шығар. Десе де Хеопс маңына қазақ үй тіккен Сұлтан бейнесі бұл күні көз алдымызда асқақтай берді. Содан шығар, көрермендер ұзақ қол соғып, «Браво!» десті. Қойылым соңында облыс әкімінің атынан ықылас гүлі ұсынылды.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар