«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Толық өндірістік қуатына жетуге жақын

Толық өндірістік қуатына жетуге жақын
ашық дереккөз
Толық өндірістік қуатына жетуге жақын

Евгений Омашев, «Виста-Интернешнл» ЖШС-ның директоры.

Біздің облыс «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің басты тақырыбына айналып отырған «жасыл энергияға» бетбұрыс жөнінен еліміздегі көш бастаушы өңір екені мәлім. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Изен Су» ЖШС Қордай ауданында еліміздегі алғашқы желден, «КазЭковатт» ЖШС Отар ауылының маңынан күн сәулесінен электр қуатын өндіретін стансалардың қанатқақты жобаларын іске қосқан болатын. Енді бұл бастамалар жалғасын тауып, «Виста-Интернешнл» ЖШС Қордай асуында өндірістік қуаты 21 мегаватт болатын, жалпы сомасы 6362 миллион теңгенің жобасын іске асыруда. Салыстырмалы түрде алсақ, егер «Изен Су» ЖШС іске қосқан қытайлық өндірістегі алғашқы екі жел электр стансалары 500-ден астам үй шаруашылығын (Алға, Мұзбел, Көгадыр тәрізді шағын үш ауыл) электр қуатымен қамтамасыз ететін болса, қуаты 21 мегаватт болатын германиялық жаңа жел электр стансалары Қордайдай үлкен ауданды электр қуатымен толық қамтамасыз етуге жетіп қалғандай екен. 2014 жылдың соңында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасының қатысуымен Индустрияландыру күні аясында «Қазақстанды жаңаша индустрияландыру: 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың қорытындылары» тақырыбында жалпыұлттық телекөпір өткені мәлім. Осыған біздің жобаның 9 мегаватт болатын 1-кезегінің аяқталуы ұсынылған болатын. Телекөпір барысында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевпен бірге Елбасына жобаның жүзеге асырылу барысы жайын баяндадым. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, «ЭКСПО-2017»-ге дайындық аясында біздің компания Қордайда қуаты 21 МВт-ты құрайтын жел электр стансасын салуда. Бүгін қуаты 9 МВт-ты құрайтын Германияда шығарылған 9 жел генераторының бірінші кезеңі салынды. 12 жел генераторын салу арқылы жобалық қуатына шығу алдағы жылдың 3-тоқсанында жүзеге асады. Бұл Оңтүстік өңірдегі электр энергиясы тапшылығын жояды. Құрметті Президент мырза! Біз Сізден жобамызды бастауға рұқсат беруіңізді өтінеміз», – дедім. «Жел энергетикасы – 2017 жылғы ЭКСПО көрмесінің басты тақырыбының бірі. Ол менің есімде, ол туралы маған баяндаған болатын және қазіргі уақытта Жамбыл облысы жел энергетикасын орнатуда алдыңғы орындардың бірінде деуге болады. Бұл тәжірибені барлық жерде дамыту қажет. Еңбектеріңізге рахмет. Кәсіпорынды іске қосыңыздар, сәттілік тілеймін», – деп Елбасы рұқсатын бергеннен кейін арнайы тетікті басып, жел электр стансасының бірінші кезегінің жұмысын іске қосқан едік. – Жалпы, өңірде табиғи түрде қуат өндіретін су, жел және күн электр стансаларының жүйесі қарқынды дамып келеді, – деді соңында Кәрім Нәсбекұлы журналистерге берген сұхбатында. – Облыстың бірқатар аудандарында ЭКСПО көрмесінің өзекті тақырыбына айналып отырған «жасыл энергия» стансалары салынып, іске қосылуда. 2017 жылға қарай өңірде мұндай стансалармен жалпы қуаты 400 мегаваттық электр қуатын алатын боламыз. Бұл облысымыздың ғана емес, жалпы еліміздің экономикасына қосылған қомақты үлес болмақшы. Өткен жылы «Виста-Интернешнл» ЖШС-ның жел электр стансалары арқылы жалпы сомасы 914 миллион теңге болатын 40 миллион 324 мың киловатт-сағат электр қуаты өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш жобалық 47 миллион киловатт-сағатқа жеткізілетін болады. Сөйтіп, Елбасыға берген уәдеміз орындалып, халық шаруашылығының қажеті үшін желден қуат өндірудің бірегей жобасы толық іске аспақшы. Бірақ, мұнымен жұмыс тоқтап қалмайды, Қордай асуында бізбен іргелес жерден «Ветро Инвест» ЖШС да жалпы өндірістік қуаты 53,75 МВт болатын жел электр стансаларын орнатуды бастады. Сөйтіп, барлығын қосқанда Қордайдағы жел электр стансалары шоғыры оңтүстік өңірде энергия тапшылығын жоюға сүбелі үлес болып қосылмақ.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар